Орталық Азия елдеріне деген Еуропа мен Батыстың қызығушылығы артуда. Күні кеше ғана қазақстандық БАҚ назарынан тыс қалған оқиға болды. Италия президенті Серджо Маттарелла Өзбекстанға ресми сапармен келіп, «Италия-Орталық Азия» диалогтық алаңын құру мәселесін талқылады.
Ташкентте 10 қараша күні болған тараптар арасындағы кездесуде, бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Өзбекстан президенті Мирзиеев пен Серджо Маттарелла Италия мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік құжатын бекітті. Италия Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуын қолдап, Еуропалық Одақпен кең форматта әріптестік орнатуын қалайтынын жеткізді.
Италия президентінің қызы Лаура Маттарелла Өзбекстан мен Италия арасындағы туризм саласындағы әріптестікті арттыру жағын талқы етті. Артынша Италия басшысының қызы Самарқандқа сапарлап, Рим тарапынан ұйымдастырылған археологиялық миссияның өту барысымен танысты.
2023 жылдың маусымында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Италияға сапарлап барған-ды. Сол сәтте Италия билігі Өзбекстанның құрылыс, металлургия, химия және текстиль саласына инвестиция құюды арттыратыны айтылды. Қарашадағы Италия басшысының Ташкент сапарында ол құжат жүзінде бекітіліп, Ташкент пен Рим арасында кәсіпкерлік форумы ұйымдастырылды.
Люксембургте Орталық Азия елдері мен ЕО арасындағы әріптестікті кеңейтетін жол картасы қабылданған болатын. Ол энергетика, туризм және логистика салаларына басымдық бере отырып жазылды. ЕО-ның сыртқы саясат бөлімінің басшысы Жозеп Боррель Еуропа елдері Орталық Азиямен стратегиялық әріптестікті күшейтетінін растады. Италия ЕО-ның мүшесі ретінде Орталық Азиямен жан-жақты форматты артыратынын Ташкент сапарында мәлімдеді. Италия премьері Джордж Мелони енді Орталық Азия мен Рим арасында ерекше формат орнатуды сұрап, «1+5» форматында кездесу ұйымдастыруды ұсынуда.
Сарапшылар Италияның Орталық Азияға экономикалық-саяси жорығы Ташкенттен басталды деп баға беруде. Өзбекстанды таңдаудың бірден бір себебі, аймақ бойынша ең саяси тұрақты елдің бірі екені айтылуда.
«Батыстың Орталық Азияға қызығушылығы 2022 жылдан кейін күрт артты. Ресеймен текетірес Еуропа елдеріндегі энергетика саласының дағдарысына ұласты. Ресей газы мен мұнайына тәуелді болған Еуропа елдері ендігі таңда оның баламасын іздеуде. Германия, Франция, Италия сынды елдер Орталық Азия мемлекеттеріне сапарлап, өз жобаларын ұсынуда. Орталық Азия елдері мен Батыс арасында «1+5» форматындағы кездесулер саны артты. Батыс үшін Орталық Азияда Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан маңызды елге айналды. Уран, мұнай және газ Кәрі құрлықты Орталық Азияға жақын етуде» дейді бірқатар сарапшылар.
Mezgil.kz