Журналист: "Шешенстан енді бас көтермейді, ал Қадыров жақында тақтан түседі"

«Новая газета» тілшісі Елена Милашина DW-ға сұхбат беріп, Шешенстандағы саяси жағдайға байланысты ақпаратпен бөлісті. Ол болуы ықтимал бірнеше саяси сценарий жайлы да айта кетті.  


Журналистку Милашину "Новая газета" отправила в командировку за границу -  Рамблер/новости

 

Берлиндегі «Шекарасыз тілшілер» құқық қорғау ұйымының офисінде Елена Милашина жазда өзін және қорғаушысы Александр Немовты Шешенстанда қалай ұрлап әкеткенін, кімдер соққыға жыққанын да ашық айтқан.  

 

Елена Милашина былай дейді: «Қазір Шешенстанда саяси және қоғамдық жағдай бірқатар өзгеріске ұшырайды. Қадыровтың денсаулығына байланысты маңызды шешімдер қабылданатын сияқты. Билікті басқа біреуге беру процесі болып, ұзақ жылдар бойы Кремль бекіткен саяси ойын ережесі де өзгеруі мүмкін. Сол себепті де бұл елдегі саяси жағдайды қарап, қадағалап отыру маңызды. Шешенстан менің зерттеу, жазу тақырыбымның бірі, тіпті бірегейі ғой. Біз Шешенстан тақырыбын принципті негізде жалғастырып келеміз. 2006 жылы Анна Политковскаяны өлтіріп кетті, ал біз 2007 жылы Шешенстанда жұмысты жалғастыруды қолға алдық», - дейді.

 

Журналист Шешенстан тақырыбын Ресейден кетпестен жалғастыра беретінін мәлімдеді. «Қадыров өте қауіпті адам. Көп адам оған қарсы жазуға жүрексінеді. Бірақ бізде иммунитет қалыптасып үлгерді десек те болады. Бізде түрлі жағдайға негізделген қауіпсіздік хаттамасы бар. Қорқыту да, шабуыл жасау да болды. Сондықтан кейде ол хаттамалар жүзеге аспай жатады. Дей-тұра соған қарап, өз миссиямыздан бас тартпаймыз», - дейді Елена.

 

Ол цифрлық даму дәуірінде ақпаратты басқа елден тарата беру мүмкіндігі барын мойындайды. Бұл ақпаратты таратуда тәуелсіз болуды білдіреді. Алайда Ресейден кету ойында жоқ екенін нақты айтуда. Шешенстан тақырыбында арнайы сапармен барып, ақпарат жинамаса, ақпараттық кеңістікті Қадыров билігі өте мұқият сүзгіден өткізіп, цензура қойғанын айтуда.


Елена Милашина после избиения в Чечне, 4 июля 2023 года

(Елена Милашинаның соққыға жығылғаннан кейінгі суреті. 2023 жыл, 4-шілде)

 

Украина соғысына қатысты да пікірін білдірді. «Қазір Ресейде әскери цензура қатты. Біз бірінші Шешен соғысын еркін, түрлі форматта жеткізе алдық. Жазу, түсірілім жасау құқығы болды. Сол сәтте журналистер қоғамда соғысқа қарсы қозғалыстарға арқау болды. Билік сол себепті де қазір тілшілердің соғыс жайлы көп жазуына қарсы болып отыр. Бұл Кремльдің басты үрейі. 1995 жылы тілшілердің күшін сезген билік журналистерді шектеуге қатысты алғашқы заңдарды қабылдай бастады. Оны Ельцин бастап кетті, ал Путин жалғастырды. Қазір сүзгі қатаң, тіпті соғысты «соғыс» дей алмайтын дәрежеге жеттік. Бұдан Ресей билігі ұтқан болар, бірақ Ресей қоғамы үлкен зардап шегуде. Неге? Себебі олар шынайы ақпараттан мақұрым қалды», - дейді ол.

 

Еленаның ойынша қазір Шешенстан тәуелсіздігі үшін бас көтеретін күштер жоқ. «Егер біреу-міреу Шешенстан қазір тәуелсіздік үшін бас көтереді деп санаса, онда ол адам қателеседі. Ондай күш қалмады. Ондай көшбасшылар да жоқ. Енді Шешенстанда ондай әрекетке баратын потенциал да қалмады. Шешенстан халқы екі қанқұйлы соғысты бастан өткерді. Шешенстан халқы соңғы ширек ғасырда Ресейдегі басына бомба түскен жалғыз халық. Олар оны ұмыта қойған жоқ. Сондықтан бұл тақырып әзірге жабық. Менің қауіптенетінім Қадыровтың орнына ресейлік бір әскериді отырғыза ма деп ойлаймын. Шешен ерлерін мобилизациялап, Украина соғысына аттандыру үшін солай жасалуы мүмкін», - дейді.

 

Бүгінде Елена Милашина өміріне төнген қауіпке қарамастан Ресейде тұрады. Оған кәсіби қызметінде бірнеше мәрте шабуыл жасалған. 2006 жылы, 16-ақпанда Бесланда соққыға жығылды. 2012 жылы, 5-сәуірде Балашихада бетін бүркемелеген бір топ адам тілшіге шабуыл жасап, ұрып кеткен. 2015 жылы Милашина Шешенстандағы полиция басшысының кәмелетке толмаған қызға өз еркінен тыс үйлену фактісін жазғаны үшін, қорқыту-үркіту әрекеттері болғаны айтылды. 2017, 2019, 2020 жылдары Шешенстандағы бірнеше даулы сот істерін жария етті. 2022 жылы Шешенстандағы адам құқығы тақырыбын көтергені үшін оны қорқыту фактілері артты. 2023 жылы Шешенстанға кезекті сапарында қорғаушысы екеуі соққыға жығылып, ауыр жарақат алды. Бұл іс Еуропа кеңесінде қаралды, ал Ресейдің тәуелсіз басылымдары Милашинаға қатысты шабуылды ең шулы істің бірі деп атады.


Mezgil.kz





Ұқсас тақырыптар