Газадан келген қазақстандық: "ХАМАС-ты палестин халқы қолдамайды"

Қазақстан Газа секторындағы қазақстандықтарды арнайы бортпен эвакуациялады. Эвакуация Каир арқылы өтті.


Армия Израиля ударила по «Палестинской башне» в секторе Газа — РБК

 

«Настоящее Времяға» Газада болып, қырғын-сұмдықты көрген қазақстандық ветеринар Сюзанна Эль-Сұлтан қысқаша сұхбат берді. Ол ұрыс қимылдары өтіп жатқан Газада бір айдан астам уақыт бойы болған.

 

Сюзаннаның әкесінің туыстары Газада тұрады. Қазан айының басында Сюзанна Газадағы туыстарына сапарлап баруды ойластырған. Төртінші қазанда Газаға жеткен, ал жетінші қазан күні ХАМАС-тың Израиль аумағына атқан зымыран дауысынан оянғанын айтады. Сюзанна «жалпы Газада қарулы қақтығыстар жиі болатынын білдім, алайда қақтығыстар үнемі бірнеше күнде тараптар арасындағы келісіммен аяқталатын еді» дейді.

 

«Жергілікті тұрғындар қақтығыстан қорықпайтын. Менің туыстарым Бейт Лахия ауылында тұрады, бұл Газаның солтүстігінде орналасқан. Бұл ауылда менің жақындарым, туыстарым өте көп және бәрі бір-бірін жақсы таниды. Бұл ауыл тұрғындары өзгелерге үйін сатпайды, себебі жаттың қолына әулетке маңызды үйдің сатылғанын қаламайды. Одан бөлек үйді қандай да бір қарулы топқа қатысы бар адам сатып алғанын қаламайтын. Сол себепті де қарулы қақтығыстар болған сәтте өз үйі мен өмірлері үшін қорыққан емес. Бізде бастапқыда бәрі жақсы еді. Жақындарым үш-төрт күн күте тұр, бәрі аяқталады деді. Ешкім осындай ауқымды соғыс басталады деп күтпеді», - дейді Сюзанна Эль-Сұлтан.

 

Сюзанна соғыстың алғашқы күндері үйде болғанын айтты. Газадағы түрлі ауыл-аймақта тұратын туыстарына хабарласып, хәл-жағдайларын біліп тұрған. Алайда уақыт өткен сайын жағдай қиындай берген. Сюзанна жақындарымен Газаның солтүстігіндегі Жәбәлия қаласына кетуге шешім қабылдапты. Соғыстың алғашқы күндері Жәбәлияда атыс-шабыс, жарылыс даусы аз естілсе де, бұл қала да жақын күндері ұрыс алаңына айналатынын көпшілік сезді дейді ол.

 

«Ең қорқыныштысы біздің қасымызды кім тұрып жатқанын білмейтіндігімізде болды. Ауылда біз барлығын жақсы білдік, танитынбыз және қандай да бір қарулы адамның жоғын жақсы түсінетінбіз. Ал қалада біз ондай сенімділікке ие болмадық. Израиль тарапы Газаның оңтүстігіне кетуге үндеу тастаған сәтте, көлікке отырдық та, туысқандарымызбен қоштасып, жолға шықтық. Басында бірден оңтүстіктегі шекараға бардық, алайда оның жабық екенін көріп, сол шекара маңындағы БҰҰ қарамағындағы мектепке тоқтадық», - дейді Сюзанна.

 

Мектептің ауласы мен ғимаратында босқындарға арналған лагерь бар. Сюзанна сол лагерьде туыстарымен тұрып, эвакуация сәтін күткен. «Лагерьге күн сайын жүздеген адам келіп жатты. Барлығын орналастыру үшін қысылып, аядай жерде жатуға тура келді», - дейді ол.

 

«Біз жерде ұйықтап, жерде тамақ ішуге мәжбүр болдық. Электр жарығын күніне бір сағатқа ғана беретін, кейде ол да жоқ. Сондықтан үнемі қараңғы болды. Біз тамақ пісіруге арналған газ табуға тырыстық. Газ өте аз еді, сондықтан оны үнемдеу үшін үнемі ұрыс-керіс болатын. Су өте аз болды. Кейде тұзды су жеткізілетін, амалсыз соған тамақ пісіргендер де болды. Кейін ақшаға су сатып алу мүмкіндігі пайда бола бастады. Суды көбіне есек арбаға салып, бөшкелер арқылы тасыды. Әрине, ол су барлығына жетпейтіні түсінікті. Адамдар су үшін кезекте тұрды. Су таусылған сәтте, кері қайтағу мәжбүр болатын», - дейді Сюзанна.

 

Сюзаннаның сөзінше, судың литрі 4 доллардан сатылған. Судың жетіспеушілігінен лагерьде антисанитария деңгейі артқанын айтады. Инфекция жұқтыру саны артып, дәретхана қалдықтарын ағызуға су тапшы болған. Кейде лагерьге гуманитарлық көмек жеткізіліп тұрған, алайда ол да барлығына бірдей жете бермеген.

 

«ХАМАС-қа 80 пайыз жергілікті халық қарсы дегенді естідім. Мен өзімнің көргенімді айтайын. Жергілікті халық ХАМАС-тың зымыран атқанына өте, өте қатты қапалы және оларға ашулы. Өйткені артынша сол аймаққа Израиль соққы жасайды. Барлық палестиндікті ХАМАС іспеттес ойлайды не оны қолдайды деу қателік. Менің таныстарымның көбі, мен араласып, сөйлескендердің басым бөлігі бұл қозғалысқа қарсы. Олар ХАМАС-тың бұдан кейін билігі жалғасқанын қаламайды. Көпшілік бұл соғыстың тез бітіп, ХАМАС-тың кетіп, бейбітшілік орнағанын тілейді. Яғни ХАМАС болмаса біз бейбітшілікте күн кешер едік деп санайды. ХАМАС әр соғыс сайын бізді жүз жылға шегіндіреді дейді олар. ХАМАС билікке келген сәттен бастап, Газа халқының күн көріс деңгейі күрт нашарлап кеткен. Оны барлығы біледі, сол себепті де көпшілік ХАМАС-ты қолдамайды», - дейді ол.

 

Қазақстан СІМ Израиль, Мысыр, Иордания билігімен байланыс ұстай отырып, Газадағы қазақстандықтар мен олардың отбасы мүшелерін эвакуациялауды іске асырды. Эвакуация «Рафах» бекеті арқылы іске асқан.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар