Отбасы құндылықтары бүгінде аса маңызды. Әсіресе жас жұбайлар үшін отбасы құндылықтарын терең түсініп, нық сезіну маңызды. Бүгінде өкінішке орай елімізде шаңырағы шайқалып жатқан жайттар аз емес. Мамандар оның сан түрлі себебін айтуда, соның ішінде психологтың кеңесіне жүгінбеу айтылып келеді. Отбасылық психология, жас жұбайларға кеңес берумен айналысатын психолог Тәуекел Ақнұрдан сұхбат алып, жариялап отырмыз.
- Отбасы құндылығына қатысты сан түрлі пікір, ой айтылуда. Жалпы сіз үшін, отбасы құндылықтары неден тұрады?
- Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге , салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
- Бүгінгі қоғамда «отбасы институты» түсінігі бұзылып барады дейді көпшілік. Бұл жаһандану дәуіріндегі қалыпты құбылыс дейтіндер де бар. Жалпы отбасы институтын қалпына келтіру үшін қандай шаралар жасалуы тиіс деп санайсыз?
- Бұл сұраққа жауап бермес бұрын ең алдымен «Отбасы институты» ұғымымен жақын танысып алуымыз қажет. Жалпы психологияда отбасы институтының дәстүрлі схемасында: Әке, ана және бала бар. Бұл еуропалық модельге жатады. Бір өкініштісі қазіргі таңда дәл осы еуропалық модель біздің елде кең тарауда. Алайда, аталмыш еуропалық модель қазақ халқы үшін жат модель деп айтсам қате айтпаған болар едім. Оған себеп дәстүрлі қазақ отбасында әке-ана және баладан бөлек отбасында ата мен әже бар. Яғни сәйкесінше отбасында Ата мен әже тәрбиесі қатар жүрді. Біздің ұлттық құндылықтарымыз тікелей осы екі персонаждың өмірімізге әсерінен болды. Атамыздан қалай атқа отыруды үйренсек, әжеден ұршық айналдыру мен тоқыма жұмыстарымен қалай айналысуда бала күнімізден бойымызға сіңірдік. Бірақ, бұл тенденция уақыт өте келе қоғамнан тыс қалып барады. Жоғарыда айтылған отбасының еуропалық моделінің кең тарауына байланысты біздің ұлттық құндылықтарымызда әлсіреуде. Ал, ұлттық құндылықтардың әлсіреуі баланың өміріндегі отбасы институтының да рөлін азайтуда. Бала отбасы институтынан өтпейтін болса, үйде тәлім мен тәрбие көрмесе онда бала сол тәрбиені сырттан алады. Демек, баланың тұлға болып қалыптасуына әсер ететін ең маңызды әлеуметтік орта «Отбасы» өз маңызын жоғалтады деген сөз. Бұл мәселе бүгінгі таңда өте актуалды. Отбасы институтын қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыстар қажет. Бұл жерде жұмыс тек баламен емес оның ата-анасымен жасалыну қажет. Мектептер мен білім ордаларында «Ата-әже психологиялы» сынды сабақтарды қосу қажет. Әр отбасы үйінде шәй үстінде саясатты емес, өз отбасысының тарихын айтуы қажет. Аталар мен әжелерімізді ардақтауымыз қажет. Яғни, бұл жұмысты тек үкімет емес бүкіл қазақ халқы болып атқаруымыз қажет.
- Отбасы құндылықтарын сақтаудың бірденбір жолы, отбасындағы татулық пен берекені сақтау. Ол үшін не істеу керек, ыдыс-аяғы күнде сылдырлайтын отбасыларға қандай кеңес бересіз?
- Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Осы тұста жас отбасыларға 10 кеңес айтар едім:
1.Бір-бірлеріңізді бағалаңыздар. Бар ықыласыңызды оның жақсы қасиеттеріне бөліңіз. Екі жанның сезімталдық жақындығы пікір қайшылығын да жеңе алады. Үйдегі екеуара жылулықтың жоқтығы майда – шүйде кемшіліктердің көрінуіне әсер етеді.
2. Сенім. Жанұялық өмір басталғанда ең алдымен – ақ жаулықты мен тізгін ұстар арасындағы мызғымас сенім болуы шарт. Сенімсіздік салдары күдіктену, ұрысу, жан – жалдасу сияқты кері эмоцияларды туғызады. Ал, бұл келеңсіздікті дереу қолға алмаса, соңы ажырасуға алып келуі мүмкін.
3. Әңгімелесу. Жақсы қарым- қатынастың қас жауы – енжарлық. Немқұрайлылық салдарынан жұбайлар бірін бірі тыңдамай, сезінбей дауласа салады. Сондықтан, пікірлесу арқылы бірін- бірі толғандырып, мазалап жүрген жайттардан хабар алып отырған дұрыс.
4.Ортақ хобби. Қызығушылықтың екі адамға ортақ болуы рухани тұрғыда жақындата түседі. Егер жолдасыңыздың ісінің бірі қызықтырмаса, екі жанға да ортақ бола алатын хоббиді іздеген абзал. Әрине, бұл тек жұптың бос уақыттары үнемі бірге өтуі тиіс дегенді білдірмейді.
5. Қамқорлық. Кез келген отбасыға және оның мүшелеріне жан жылуы мен махаббат қажет екені сөзсіз. Салқындық пен өшпенділік отбасын күйретіп тынатын кереғар әрекеттер болып табылады. Сондықтан, адамдар бірін бірі аялап, қамқорлық танытып , бірінің тағдырына бірі аса мұқияттылықпен қарауы тиіс.
6.Романтика. Біз жанымызға жақын санайтын адамды қуантқымыз келеді, оның мерейінің үстем болуы туралы қиялдарға берілеміз. Мұның өзі романтикалық элементтер болып табылады. Шындығында романтикадан үркудің қажеті жоқ. Романтиканың жоқтығы салдарынан ажырасқан жұптар өте көп. Күтпеген жерден романтикалық кешке шақырып, гүл ұсыну отбасы беріктігін орната түсетін себептердің біріне жатады.
7. Отбасылық міндеттерді бөлісу. Әрбір адам отбасын құру алдында жанұялы болған кездегі міндеттері туралы ойланатыны белгілі. Сондықтан, жаңа өмір бастар алдында бірден міндеттерді бөлісіп алған дұрыс. Үйдегі ыдысты кім жуып, қомақты қаржыны кімнің үйге әкелетіні маңызды емес. Маңыздысы- қай жұмыста екі жанның нәтижелі жұмыс атқара алатындығы.
8.Өзіңді өзгемен салыстырмау. Өзгелердің қаржылық, тұрмыстық жағдайын салыстыру – отбасына ор қазғанмен бірдей. Әр адам әу баста өзі идеал санаған жанды өмірлік серік етуге бел буады. Әуелгі таңдауға нұқсан келтіруге бола ма екен?
9.Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Белсенді өмір сүріңіз, денсаулығыңыз бен дене бітіміңізге мән беріңіз. Сізді көрген жанның көзі тоятындығы жұбайыңызға ғана емес, өзіңізге де жақсы көңіл күй сыйлайды.
10.Күйзелістен қашыңыз. Жамандық тек қана жамандықты шақырады. Сондықтан шыдамдылық танытып, сабырға келіп отыруды әдетке айналдырған жөн. Себебі, күйзелістің тізгінін босатып жіберсеңіз отбасылық өмірде ретсіздік орын алады.
- Бүгінгі қазақ қоғамында ата-әженің, әке-шешенің орны қандай?
- Өкінішке орай бүгінгі қазақ қоғамында ата мен әженің орны құлдырап барады. Тек ауылдық жерлерде ғана немере баққан ата мен әже ғана қалды. Қаладағы бала тәрбиені балабақшадан алады. Көп жас жұбайлар отбасын құрған соң бөлек тұруды армандап, ата-ененің қолынан шығып кетеді. Бірақ, ата-ене деген тегін білім мен тегін балабақша екенін көбісі ұмытып кетеді. Қазақтың қарттары сарқылмас қазына білімнің ошағы ғой. Сол білімді өкінішке орай қазіргі жастар алып қалуды көксемейді. Ал, баланың өміріндегі әке-шешенің орнына келетін болсақ. Әке-шеше баланы материалдық тұрғыда қанағаттандыратын тұлғаға ауысып барады. Балаңды тәрбиелегің келсе ең алдымен өзіңді тәрбиеле дегенді халық бекер айтпаған. Бала ата-ананың айнасы.
- Қоғамда ажырасу фактілері көбейді. Оның себептері неде, тоқтату үшін не жасалуы тиіс?
- Ажырасамын деген адам үшін себеп табылады. Ең басты себептер, олар әлбетте әлеуметтік жағдай, екі әулеттің қоғамдағы статустарының әртүрлі болуы, екі жастың жауапкершілік алуға психологиялық тұрғыда дайын емес болуы, адами құндылықтардың ауысуы, дәстүрлі отбасы моделінің қоғамдағы орнының әлсіреуі сынды айта берсек өте көп. Біз қоғам болып ажырасу себебін зерттеп болдық. Ендігі таңда осы себептердің салдарымен күресуіміз қажет. Талай жерде айтылған ұсынысымды осында да айтып өткім келеді. Мешітте мұсылманша неке қию үшін АХАЖ бөлімінен анықтама өткізу міндеттелген. Менің ұсынысым АХАЖ бөлімдерінде тек некені заңдастырумен айналыспау керек, ең алдымен некеге тұруға өтініш білдірген екі жастың бір-біріне психологиялық тұрғыда қаншалықты сәйкес екенін анықтайтын, олармен отбасылық өмір туралы сұхбат жүргізетін психолог мамандарды отырғызу керек. Психологтан өткенін растайтын құжатты берген кезде ғана некені заңдастыруға рұқсат берілуі тиіс деп ойлаймын. Әйтпесе қазір неке деген дүние ойыншыққа айналып барады. Тіпті, телефондағы қосымша арқылы неке қиюға болатын болып барады. Бұл отбасы деген ұғымның әлсірегенінің тағы бір көрінісі.
- Отбасы құндылықтары жайында айтқанымызда, біз көбіне бала құқығын ұмытып кететініміз бар. Отбасы құндылығын дәріптейтін, өзінің ойын да ашық айта алатын ұрпақ тәрбиелеу тәсілдері қандай?
- Бұл өте ауқымды тақырып. Бұл туралы тек біз емес барлық әлем жар салуда. БҰҰ арасында Бала құқығы туралы конвенция бар. Қазіргі қоғам жастары өз құқығын біраз біліп қалды. Бұл мемлекет тарапынан құқықтық салада атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында. Альфа балалары өз ойларын ашық жеткізе алады. Алайда, олар ұлт пен отбасы құндылығын дәріптейді ме деген сауал пайда болады. Ұлттық, рухани құндылықтарымызды жоғалтып келе жатырмыз. Оны жастар арасында кеңінен насихаттау арқылы ғана келер ұрпаққа жеткізе аламыз. Ұмай анамыз айтып кеткен отбасындағы әйелдің орнын сіз бен біздің қатарластарымыз білер. Бірақ 2000 жылдан кейінгі туылған жасөспірімдер ол кім деуі мүмкін. Сол тарихымызды, дінімізді, ділімізді, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтауымыз керек. Ұлттық киімдер тек наурыз мейрамында ғана киіліп қоймай, күнделікті өмірде киілу керек. Ұлттық аспаптарымыз музейде ғана тұрмай балалардың қолы жететіндей жерде болуы керек. Бала жатырға біткен күннен бастап «Бесік жырын» естісе онда ол бала міндетті түрде ұлтын сүйген азамат болып шығары сөзсіз.
- Енді отау құрып, шаңырақ көтеріп жатқан жастар отбасындағы бірлікті берік ету үшін нені ескеруі тиіс?
Жоғарыда атап кеткен 10 кеңеске құлақ түруі тиіс. Және де ең бастысы шаңырақ көтеру, неке қию, отбасын құру дегеніміз жаңа мемлекет құру екенін ескергені жөн. Өйткені отбасы ол кіші мемлекет. Ері мен жұбайы өз ролін жауапкершілікпен атқарса онда ол отбасының болашағы бар. Жауапкершілік алудан қорықпаса екен деймін.
Mezgil.kz