Әлемдегі қару-жарақ өндірісін, соғыстар мен қақтығыстар себептерін зерттейтін SIPRI басылымы 2022 жылдың қару саласындағы сараптамасын жария етті. 2022 жылы Украинадағы ауқымды соғыстың басталғанына қарамастан, әлемдік қару шығару өндірісіндегі ірі компаниялардың табысы 2021 жылмен салыстырғанда аз болған.
2022 жылы әлемдегі қару өндірісіндегі көшбасшы саналатын 100 компанияның табысы 2021 жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға кем болғаны анықталды. Бұл компаниялар 2022 жылы 597 миллиард доллар қаржы тапқан. Сарапшылар табыс көзі аз болған компаниялардың ішінде АҚШ-тың қару шығарушы кәсіпорындары көп екенін айтуда. Рейтингтегі 42 компания АҚШ-қа тиесілі және олардың 2022 жылғы табысы 2021 жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға аз.
Еуропалық компаниялар АҚШ-пен салыстырғанда көбірек табыс тапқан. Олардың табысы 0,9 пайызға артқан. Азия елдері еуропалық бәсекелестеріне қарағанда қару сатуда алға шығып, бірқатар жетістіктерге жеткен. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ Еуропаның қару сату компаниялары 121 млрд доллар пайда тапса, Азия елдерінің компаниялары 134 млрд доллар қаржы тапқан. «Қытай, Үндістан, Жапония және Тайуан компаниялары қару саласына соңғы жылдары үздіксіз инвестиция құйып, оның нәтижесі соңғы қақтығыстарда көрінді», - дейді SIPRI-дің қару саласы бойынша азиялық аймақты зерттеуші маманы Сяо Лян.
Жақсы табысқа кенелген компаниялардың ішінде түркиялық дрон және соғыс ұшу аппараттарын жасайтын Baykar компаниясы бар. Компания атышулы Bayraktar дронын жасаушы саналады. 2022 жылы компанияның табысы екі еселенген.
«Жасалу технологиясы қиын емес және қару өндірісін жылдам іске асыратын компаниялар қақтығыстарда әдетте тез пайда табады. Мысалы түркиялық Baykar компаниясы соңғы жылдардағы қақтығыстарда соғысушы тараптарға Bayraktar TB-2 дронын ұсынып келеді. Baykar компаниясы алғаш рет 2022 жылы әлемнің қару шығарушы үздік 100 компаниясының қатарына қосылып, табысын 94 пайызға арттыра білген», - дейді SIPRI зерттеуінің өкілі Диего Лопес да Силва.
Неміс компаниялары да бірқатар өсім көрсеткен. Германияның төрт компаниясы 1,1 пайыз өсімге ие болған. Ал Rheinmetall, Hensoldt және Diehl компаниялары тіпті табыстарын 6-13 пайыз аралығында арттыра білгені анықталды. Ал әлем нарығына белгілі германиялық ThyssenKrupp компаниясы керісінше 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда 16 пайыз аз табыс тапқан.
2022 жылы әлемнің қару шығару саласындағы үздік 100 компаниясының құрамына ресейлік екі компания ғана ене алды. Олар «Ростех» және «Біріккен кеме өндірісі корпорациясы». 2022 жылы екі компанияның табысы 12 пайызға азайған, бұл Украинадағы соғыспен тікелей байланысты дейді мамандар. Мамандар ресейлік билік компаниялардың табысының азаюы мен ресейлік қару-жарақ өндірісінің әлемдік нарықта үлесінің төмендеуін Ресейдің Украина соғысындағы қару тапшылығымен түсіндіреді. Яғни бұрын қаруды сырт елдер сатып алса, енді ресейлік компанияларға тапсырыс беруші Ресейдің өзі болып отыр.
Екінші жағынан ресейлік компанияларға билік тарапынан қаржы төлеу кешіктірілу тәжірибелері артқан. Кремль компаниялар алдындағы қарызын несие түрінде немесе бөліп төлеу арқылы іске асыруда.
SIPRI-дің болжамы бойынша, 2023 жылы АҚШ және Еуропа компаниялары табысқа ие болды. Алайда ол 2024 жылы шығатын баяндамада бірақ нақтыланбақ. 2022 жылы АҚШ қару шығарушы компанияларының табысының аз болуы, жаңа қаруды шығарудың орнына қоймадағы қаруларды сатумен тікелей байланысты дейді мамандар. SIPRI алдағы он жылдықта қару саласындағы компаниялар табысы еселеп артатынын, ал қақтығыстар жиілейтінін меңзеді.