Ресей алысты болжаған саяси картасын жайып салды: Қазақстан қайтпек керек?

Әлемнің екі қиырында зәлімдікпен соғыс өртін тұтандырған Ресей жаңа саяси жырындылыққа көшті. Ол ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері қолымен от көсеген «Жаһандық тұрақсыздықпен күресу» концепциясы.

1701856486331650.jpg

Осыған дейін сайтымызда мемлекет басшысы ҰҚШҰ төрағалығын қабылдап алған кезде айқындаған мақсаттары мен бағыттарын оқырмандарымызға кеңінен жазып сөз еткен едік. Енді сол Қазақстан жағы төрағалық ететін кездегі бағыттар мен мақсаттарды Ресей жағы өңін айналдырып, КСРО кезіндегі Варшава келісімінің жаңа жағдайдағы саяси докторинасына айналдырып алуды көздегені қапаландырады. Сонда Ресей Қазақстанды оқ өтіне байлап, әлемге қарсы айдап салмақ па?!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ға төрағалық Қазақстанға өтетін 2024 жылға арналған басымдықтарды атап көрсеткен. Онда:

- ҰҚШҰ қауіпсіздік саласында халықаралық ұйымдармен және басқа елдермен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты.

- ҰҚШҰ-ның тағы бір маңызды бағытын халықаралық лаңкестік пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылды дамыту қажеттігін алға тартты.

- ҰҚШҰ-ға қауіп болғанның өзінде ол туралы үнемі айтудың қажеті жоқ екенін айтты.

- Таяу Шығыстағы қақтығыс жаһандық ауқымдағы ақпараттық-идеологиялық текетіресті әбден ширықтырып жібергенін сөзіне тиек етті.

- Ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру және тауқыметі көп осы елдің өңірлік экономикаға интеграциялануына ықпал ету маңызды деді.

ҰҚШҰ СІМ-дерінің қолымен от көсеген Ресей «Жаһандық тұрақсыздықпен күресу» концепциясын алға тарта отырып, КСРО кезіндегі Варшава келісімінің жаңа жағдайдағы саяси докторинасына айналдырып, президент Тоқаевтың сөздері мен пайымдарын плагиаттап, жиендік жасады десек артық айтқандығымыз емес.

БҰҰ тәуелсіз елдің тұтастығына қол сұқпау туралы конвенциясын һәм Будапеш келісімін белден басқан Ресей: «Бітімгерлік аясында БҰҰ мен ҰҚШҰ арасында әлеуетті әріптестік орнатуға болатынын атап өте аламыз. ҰҚШҰ-ға мүше елдер БҰҰ бастамасын үйлестіруді өздері үшін басым бағытқа алға басу деп санайды», - деп айды аспанға шығарды.

Ресей өзі құрған ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ға майлап өткізу үшін барын салуға кірісті. Оның ар жағында ҰҚШҰ одақтастарымен һәм Иранмен бірігіп, Ауғанстанға әскер енгізбек пиғылы бар екенін де жасырмады. Бұл қадамға Ресей Батыс пен АҚШ-тың ОА-ға арналған С5+1 жобасын жүзеге асырмау үшін кіріскелі отырған жайы бар.

1701856119330475.jpg

Су тапшылығынан қысым көрген Иран мен «Бір жол – Бір белдеу» жобасының жүзеге асуы үшін ОА-ны уысында ұстап, Батысқа сес көрсету үшін Қытай жағы Ресейді қос қолдап қолдайды. Оған ШЫҰ мен ҰҚҰШ аясында ынтымақтасамыз деген мәлімдегі тезис куә.

Әлем тағдыры мен геосаясатының болашағы ОА-да шешілмекші. Жаһанға төнген жаңа әскери-экономикалық текетірестен тек Қазақстанның ҰҚҰШ-дан шығуы ғана құтқарады.

«Жаңа Қазақстанның» сыртқы саясаты көрші қос империяға қатысты «кіріптар одақтастықтан тең құқылы әріптестікпен» алмастырылуға тиіс. Армения тура осы жолды таңдады. Бізге де тап сондай таңдау жасау мүмкіндігі туып отыр.

Парламенттегі партиялар тап осы мәселені тікесінен көтеріп, бұрынғы Варшава келісімнің сыңары болып табылатын ҰҚШҰ мен КСРО Шығыс Еуропаға таңған экономикалық саясатының егізі – Еуразиялық Одақтан шығатынымызды ашық мәлімдеуге тиіс.  

Біз ешкімнің одақтасы емеспіз, тек тең құқылы әріптесі ғанамыз дегенді ашып айтатын уақыт жетті. Бауырлас елі Украинаны Құдайдың құтты күні зымыранмен атқылап жатқан Ресей бізбен одақтас болып, пұшпаққа шығарады дегенге сенудің өзі қиын.

Ресей алысты болжаған саяси картасын жайып салды. Енді бізге жалғыз жол – оның қолжаулығына айналмау. Оның бір жолы – Елбасизмнен қалған кіріптар одақтастықты «Жаңа Қазақстандық» тең құқылы әріптестікпен алмастыру ғана!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар