Судың да сұрауы бар!

Жоңышқа егіп, ауылға көмектесемін деген Жұмасейіт Әукешевтің үміті ақталмады. Үстіміздегі жылы сегіз гектар жерге отырғызған жоңышқасы судың жоқтығынан күйіп кеткен. Биыл  мұндай қиындықты Өзбекстан және Қырғызстан шаруалары да бастарынан кешірді. Болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлем назарын Орталық Азияның экологиясына аударып келеді. Осы мақсатта мемекет басшысы  БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өткізуді көздеп отыр.


Казахстану угрожает дефицит воды | Информационное агентство «ТоболИнфо»‎


Үстіміздегі жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының шаруасы Жұмасейіт Әукешев банкрот болған. Себебі жыл сайын жоңышқа егіп, пайда табатын шаруаның егіні су тапшылығынан күйіп кеткен. Нәтижесінде сегіз миллион теңгесі далада қалды.


«Диқаншы болғандықтан біз басымыздан көптеген жағдайды кешіреміз. Өмір заңы бойынша, кей жылдары астық көп болады, кей жылдары аз болады. Алайда су жетіспеушілігінен отырғызған егін шықпай қалған жағдайды бірінші рет көріп отырмын. Әдетте мен отырғызған жоңышқамды 3-4 рет шауып аламын. Биыл бірінші шабындықты шауып алдым, бірақ екіншісі күйіп кетті. Ал қауын, жүгеріге су мүлдем жетпей қалды, сол себептен жүгерім дән салмай, қарбыз өспей қалды. Енді табиғаттың салдарынан зардап шеккен жалғыз мен емес, әрине, талай халықтың өнімі өспей қалды»,- дейді Жұмасейіт Әукешев.


Ресми мәліметтер бойынша өткен жазда Жамбыл облысының 6 ауданда 9 мың гектар алқаптағы 400 шаруа қожалығының егіні зардап шеккен. Шыққан шығынды толтыру үшін Қазақстан үкіметі резервтен  3,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді.


Су тапшылығы зардабын қазақстандықтардан өзге Қырғызстан және Өзбекстан егіншілері көріп келеді. Саид Акбаров Ташкент облысының тұрғыны, ол су тапшылығын жыл сайын көретінін айтады.


«Су біздің өзекті мәселеміз деуге болады. Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін су жоқ болады бізде. Салынып жатқан үй көп, су тапшы. Сол себептен құдық қазу керек, екінін бірі қаза бермейді құдықты»,- дейді Өзбекстан азаматы.


2023 жылдың жазында су тапшылығын көрген Бішкек тұрғындары наразылық білдіріп, алаңға да шықты. Өзбекстан халқы арасында тіршілік нәрінің тапшылығын айтып, шағымданатындар да жоқ емес.  Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі жағдайды бақылап отырған сарапшылар болашақта су осы аймақтың өзекті мәселесіне айналатынын болжап отыр.


«Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз қажет. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін, − деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте.


Ресми Ташкент суды үнемдеу үшін келер жылдан бастап төтенше жұмыс режиміне көшеді. Бұл туралы су ресурстарын тиімді пайдалану шараларына арналған кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті.


Жиын барысында Өзбекстанда ішкі көздер су қажеттілігінің 20 пайызын ғана жабатыны айтылды. Климаттың өзгеруін және трансшекаралық өзендерді тиімді пайдаланудағы мәселелерді ескере отырып, 2030 жылға қарай республикада судың жылдық тапшылығы 15 млрд текше метрге жетеді деп болжанып отыр.


Мамандардың айтуынша, Өзбекстандағы судың 90 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталады. Осы ретте оның айтарлықтай бөлігі ысырап болады. Саздан жасалған суару жүйелеріне жыл сайын 14 млрд текше метр су кетеді. Бұл көлем жалпы тұтыну мөлшерінің 36 пайызына тең. Осының кесірінен арналар шетіндегі 175 мың гектар алқапқа су жетіпей қалады. Одан 5 млрд доллар көлемінде экономикалық шығын болады.


Ресми Бішкек өкілдері де 2023 жылдың басында суды үнемдеу мәселесіне назар аудара бастады.


 «Бізде шамамен 30-50 пайыз су жоғалады. Мұның бәрі ескі каналдар мен суару жүйелерінің кесірінен. Бірақ біз әлі де қанша суды пайдаланатынымызды түсіну үшін жұмыс істеуіміз керек», - дейді Су ресурстары қызметінің директоры Алмазбек Сокеев. Оның айтуынша, 2050 жылға қарай Қырғызстандағы су ресурстарының көлемі климаттың өзгеруіне байланысты азаяды. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін реттеу шаралары қажет.


Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі су мәселесін көтергенде, халықаралық сарапшылар су тапшылығының бірнеше себептерін айтады.  Бір жағынан Орталық Азия халқының саны қарқынды түрде өсіп келеді. Кеңес одағы ыдырау алдында аймақтағы халықтың саны 49 миллион адам болса,  қазір олардың саны 75 миллион адамнан асты және 2050 жылға қарай 100 миллионнан асады деген болжам бар. Орта есеппен миллиондаған адам қосылып жатыр.


Ал БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметтері бойынша, Орталық Азия елдеріндегі су қоры жан басына шаққанда жеткілікті (шамамен 2,3 мың м3). Мәселе тапшылықта емес, мәселе үнемді пайдаланбауда.


ФАО хабарлауынша, Орталық Азия елдері әлемдегі суды тұтынушылардың ондығына кіреді: Түрікменстан (5319 м3/жыл), Қазақстан (2345 м3/жыл), Өзбекстан (2295 м3/жыл), Қырғызстан (1989 м3/жыл), Тәжікстан (1895 м3/жыл). Сонымен қатар, Орталық Азия елдеріндегі ауыл шаруашылығына дамыған елдермен салыстырғанда су 2,5-3 есе көп жұмсалады.


Қазақстан және Орта Азия елдері суды үнемдемейтінін қытайлық сарапшыларда растап отыр. Қытай мамандары аймақ елдеріндегі су мен жер ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы 56 пайыз суды үнемдеп, 387 миллион адамды тамақтандыруға болатынына сенімді.


Екіншіден, сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі су тапшылығы мәселесіне климаттың өзгеруі өз әсерін тигізіп отыр. Метеорологтардың пайымдауынша, бұл аймақтарда жаз ыстық,әрі құрғақ болып келеді. Сол себептен  шөлейттер бірте-бірте кеңейіп барады. Мұның барлығы тұрғындар мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің суды тұтынуының артуына алып келеді. Соның салдарынан өзендер мен су қоймалары азайып, Арал толығымен дерлік жойылуда.


«Халықаралық қауымдастық климат бағытындағы бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуға қатысты өз міндеттемелерін күшейтеді деп үміттенеміз. Бірақ қаржыландыру – тек кедергілердің басы ғана. 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай қиын жағдайдан қашып құтыла алмаймыз және оған бейімделуге мәжбүрміз.


Мысалы, біз Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Өздеріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақстан келесі жылы Қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға ниетті»,- деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Климат жөніндегі дүниежүзілік саммит барысында.


Сонымен қатар ресми Астана Орталық Азиядағы климатты қорғау жөніндегі іс-қимылдарға тың серпін беру мақсатында БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өткізуді көздеп отыр. 


Автор: Гүлсара Сыздықова


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар