Иранда әлемге «бала қалыңдық» деген атпен танымал болған Самира Сабзианға қатысты өлім жазасының үкімі іске асты. Ол өз күйеуін өлтіргені үшін соңғы 10 жылын түрмеде өткізген болатын.
Иран билігі 2023 жылы 18 әйелге қатысты өлім жазасының үкімін іске асырған. Самира Сабзианды Тегеран маңындағы Қараджа қалашығының «Гезель Хесар» түрмесінде дарға асқан. Бұл туралы ақпаратты Норвегияда орналасқан IHR адам құқықтарын қорғауға қатысты ұйымы мәлімдеді. Ұйымның қызметкерлері Иранның бұрынғы азаматтары саналады. Иран билігі бұл резонанстық ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасамады, БАҚ-тары да әдеттегідей үнсіз.
Самира 15 жасында тұрмысқа шыққан. IHR ақпараты бойынша оған 12 жасында ер азамат зорлық-зомбылық көрсеткен, ал 15 жасында сол азаматқа мәжбүрлі түрде тұрмысқа шыққан. Ол тұрмыста болған сәтте өмірге екі бала әкелген, ал жұбайы зорлық-зомбылық көрсетуді тоқтатпаған. 19 жасында күйеуінің соққысына шыдамаған ол жұбайын өлтіріп, сотталған. Иран билігі оны бірден өлім жазасына кескен. Ал күйеуінің туыстары оған кешірім бермеген. Үкімді іске асыру бюрократиялық кедергілерге байланысты он жылға кешіктірілген.
2013 жылы Самираға қатысты BBC үлкен зерттеу жариялап, Ирандағы әйел құқығының өрескел бұзылуын әшкерелеген болатын. Иран билігі Самираға балаларымен он жылда бір мәрте ғана көрісуге рұқсат еткен, оның өзінде үкімді іске асыру алдында.
«Самира балалардың құқығын өрескел таптап, оларды мәжбүрлі түрде тұрмысқа берудің құрбаны болды. Иран әйел және қыздардың құқығын жабайылықпен таптауды тоқтауы тиіс», - дейді Ұлыбританияның СІМ орынбасары Тарик Ахмад.
Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарының ақпаратынша Иранда өлім жазасына кесілгендер саны күрт артқан. 2023 жылдың қарашасында 115 адамға қатысты өлім үкімі орындалған. IHR 2010-2021 жылдары Иранда 164 әйелге қатысты өлім үкімі іске асырылғанын айтуда. Ал соңғы екі жылда ақпарат алу қиындай түскен.
Ирандағы өлім жазасына кесілген әйелдердің 66% өз жұбайларын өлтірді деген айыпқа ілінгендер. Иран қоғамында әйел отбасылық зорлық-зомбылыққа қарамастан ажырасуға құқығы жоқ. Заңда нақты талаптар көрсетілмеген. Әйелдердің құқығын әдетте тіпті өз туыстары да қорғамайды, өйткені ол Иран қоғамында қалыптасқан қағидаға қайшы келеді.
Mezgil.kz