Тарих қойнауына кеткен 2023 жыл еліміздің саяси келбетінде қандай із қалдырды? Осыған дейін «Mezgil.kz» порталында өтіп бара жатқан 2023 жылды қорытындылап, Қазақстанға қандай шетел басшылары келіп-кеткенін түгендеген едік. Енді оқырман талқысына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қандай шетелдік сапарларға барғанына, қандай жаһандық жиындарға қатысқанына шолу жасағанды жөн санадық.
ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ БИЫЛ ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ САПАРЛАДЫ?
13 қаңтарда Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен «Жаһандық Оңтүстік дауысы» саммитіне қатысты. Бұл жиын «Бір дауыс, бір мақсат» ұранымен өтті.
16 қаңтарда Бірікккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитіне қатысты.
17 қаңтарда президент Тоқаев БАӘ басшысы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.
16 наурызда Түркияға сапарлап барды. Анкара қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты. Сол сапарда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен жеке жолықты.
9 мамырда Президент Жеңіс күніне арналған Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласындағы әскери парадқа барды.
17 мамырда Қытай Халық Республикасына сапарлап барды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.
18 мамырда Қытайдың Сиань қаласындағы ОА5+1 саммитіне қатысты.
24 мамырда екінші жолы Ресей Федерациясына сапарлап барды. Мәскеу қаласындағы ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты.
25 мамырда Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) Мәскеуде өткен кезекті отырысына қатысты.
2 маусымда президент Тоқаев президенттердің Қырғызстанның Шолпан-Атасында өткен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы екінші кездесуіне қатысты.
2 маусымда «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті аясында Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишельмен кездесу өткізді.
3 маусымда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Анкарадағы «Кулие» сарайында өткен Түркия Республикасының Президентін ұлықтау рәсіміне қатысты.
20 маусымда Қасым-Жомарт Кемелұлы Германияға сапарлап барды. Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүргізді.
4 шілдеде президент Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Саммит бейнеконференция форматында өтті.
18 шілдеде Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы Корольдігіне сапарлап барды. Мұхаммед пайғамбар мешітіне зиярат етті.
19 шілдеде Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда қаласында «Орталық Азия + Араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» саммитіне қатысты. Бұл сапарда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен де жеке жолығу өткізді.
21 тамызда Вьетнамға, Ханой қаласына ұшақ бұрып, Вьетнам президенті Во Ван Тхыонгпен келіссөз жүргізді.
24 тамызда Йохханесбургте өткен мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысына бейнебайланыс арқылы қатысты.
14 қыркүйекте Тәжікстанға қонаққа барды. Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуі өткен еді.
18 қыркүйекте АҚШ-қа ат басын бұрды. Нью-Йорк қаласында БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қатысты.
18 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Мажарстан президенті Каталин Новакпен келіссөз жүргізді.
19 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Сол күні президент Тоқаев Эстония президенті Алар Кариспен, Финляндия президенті Саули Ниинистёмен, Иран президенті Ибрахим Раисимен, Словения президенті Наташа Пирц-Мусармен жеке жолығулар өткізіп, келіссөздер жүргізді.
20 қыркүйекте Корея президенті Юн Сок Ёльмен, Кения президенті Уильям Рутомен, Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Португалия президенті Марселу Ребелу де Соузамен, Черногория президенті Яков Милатовичпен, Румыния президенті Клаус Йоханниспен, Шри-Ланка президенті Ранил Викрамасингхемен кездесті.
Сол күні президент Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйледі. «Орталық Азия – АҚШ» мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты.
28 қыркүйекте Германияда «Berlin Global Dialogue» форумы аясында Шри-Ланка президенті Ранил Викрамасингхемен келіссөз жүргізді. Неміс канцлері Олаф Шольцпен жеке жолығу жасап, келіссөз жүргізді.
29 қыркүйекте Берлинде «ОА5+1» саммиті өтті. Бұл жолы да неміс канцлері Олаф Щолц пен Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесулер өткізді.
7 қазанда Президент Тоқаев Ресейге үшінші жолы сапарлап барды. Мәскеу қаласында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті.
13 қазанда Қазақстан Президенті Қырғызстанға сапарлап барды. Бішкекте ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті.
17 қазанда президент Тоқаев Қытайға және бір мәрте сапарлап қайтты. Бейжің қаласында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянмен кездесті.
2023 жылғы 18 қазанда ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен, Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен келіссөз жүргізіп, «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысты.
23 қарашада Беларусь астанасы Минск қаласына ұшақ бұрып, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен сессиясына қатысты.
24 қарашада Әзербайжан астанасы Баку қаласына табан тіреді. БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысты.
Сол күні Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келіссөз жүргізді.
2 желтоқсанда Дубайға сапарлап барып, Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитке (СОР28) қатысты. Аталған саммит аясында Қазақстанның және басқа да елдердің мемлекеттік органдары мен бизнес-құрылымдары арасындағы бірқатар келісімге қол қою рәсіміне қатысты. БАӘ Инвестициялар министрі Мұхаммед әл-Сувейдимен жолықты.
25 желтоқсанда президент Тоқаев Еуразия жоғары экономикалық кеңесінің отырысына қатысуға Санкт-Петербургке барды.
Түйін. Қазақстанның саяси басшылығының бұл жасаған шетелдік сапарлары көп векторлы саясаттан айнымаймыз деген ұстанымдағы еліміздің сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарынан толығырақ хабар берсе керек...
Mezgil.kz