Жаңа Жылдағы сигналдар: Өртенген шырша, жоспарланған лаңкестік

Қырғызстанның қауіпсіздік қызметкерлері Жаңа Жыл мейрамы қарсаңында террорлық акт жасамақ болған екі азаматты ұстады. Олар Жалал-Абад қаласындағы бас шырша мен шіркеу маңында жарылыс жасамақ болған. Ұсталған екі азаматтың жасы 16-да және олардың ДАИШ лаңкестік ұйымына қатысы бар болуы мүмкін дейді ақпарат көздері. Олар Жаңа Жыл мерекесін тойлау үлкен күнә деп санайтындарын әлеуметтік желіде бірнеше мәрте жазған.


Новогоднюю елку подожгли в Таразе (ВИДЕО)

 

Орталық Азияда Жаңа Жыл мерекесін тойлауға қатысты соңғы жылдары талас-тартыс күшейген. Бұл мереке қарсаңындағы әлеуметтік желідегі сөз қағытпалардан да аңғарылады.

 

Тәжікстан билігі 2013 жылдан бастап орталық алаңдарға шырша орналастыруды шектеп келеді. Бұл қоғамдық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. 2012 жылы 1-қаңтарда белгісіз азаматтар Душанбе қаласында Аяз Ата болып киінген тұрғынды пышақтап, алған жарақаттан ол көз жұмды. Оған дейін әлеуметтік желіде Жаңа Жыл мерекесін тойламауға шақыратын үндеулер жарияланды. Тәжік билігі аталмыш оқиғалардан кейін Жаңа Жыл мерекесін тойлауға қатысты бірнеше шектеулерді енгізіп, оны қоғамдық қауіпсіздікпен байланыстырды.

 

Түркіменстанда Жаңа Жыл мерекесін тойлау елдегі экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты біршама қарапайым өтеді. Бейресми шырша орнатуға шектеулер бар, мешіттерде Жаңа Жылды атап өтудің қажеттігі жоқ екені айтылып келеді. Соған қарамастан әлеуметтік желіде ел президенті Сердар Бердымұхамедовтың шырша құрып, үлкен дастарханда мерекені атап өткені жайлы суреттер мен видеолар жарияланды.

 

Қырғызстанның сарапшылары Жаңа Жыл қарсаңындағы түрлі мәлімдемелер мен әрекеттерге қарап елдегі радикалдық көзқарастың артқанын айтуда. 90-жылдары Қырғызстанға тіпті лаңкестік топтар ашық басып кірді. Араға 15 жыл салып, Сириядағы соғыстың идеологиялық әсері Орталық Азия елдерінде көріне бастады. Аймақта теріс діни ағымдардың идеясы тез тарады және оны түбегейлі жою әзірге мүмкін болмауда. Мемлекеттің экономикалық жағдайы радикализммен күресуде қиындық тудыруда.

 

Жаңа Жыл мерекесі қарсаңында Қазақстанның Тараз қаласында орталық алаңдағы шыршаны 56 жастағы ер азамат өртеп жіберді. Ол Жаңа Жылды тойлауды дұрыс деп санамайтынын айтқан. Мемлекетке келген шығын 2,8 млн теңге. Алайда сарапшылар қаржылық шығынды емес, қоғамдағы агрессивті радикализмнің бас көтеруін қауіпті санайтынын айтуда. Бұл мемлекеттік органдардың әлсіз жұмысы, білім деңгейі мен діни сауаттылықтың көрсеткіші саналады дейді олар. Сарапшылар Жаңа Жылды атап өтуге қатысты пікірталас пен агрессивті әрекеттің арасын ажыратып, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты әрекеттердің қажет екендігін айтуда. Желідегі агрессивті идеямен саналық тұрғыдан күреспеу қоғамдағы түрлі әрекетке ұласады дейді мамандар. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар