Саяси модернизация – Ұлт қалыптастыру тетігі

Қазақ Елі үшін саяси реформалардың маңызы зор. Ғасырлар бойы бодандық күйін кешкен халық өзінің тәуелсіз, дербес мемлекетін құру жолында үнемі саяси ізденіс жолында болады. Мемлекет әлемдегі озық саяси үлгілерді өз ерекшеліктерімен үйлестіре отырып  тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайта береді. 

1704358670611078.jpeg

Бұл кезеңнің жауапкершілігі жоғары, өйткені, жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлттық идентификация, яғни ұлттың өзін‑өзі тануы, ұлт ретінде қалыптасуы,  азаматтардың мемлекеттік ұстанымының және мемлекеттік институттардың дамуы ішкі және сыртқы саясатты үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Нәтижесінде, қоғам дами келе «саяси ұлтқа» айналуы тиіс. Мемлекет пен қоғамның жүргізіп отырған саяси реформаларының түпкілікті мақсаты осы.

Қазақстан қоғамы ұзақ жылдар патерналистік саяси бағыттың жетегінде жүрді. Оның басты ерекшелігі мынада ‑ халық өз алдына шешім қабылдамайды, халық үшін барлық шешімді оның билігі қабылдайды және ол шешім абсолютті ақиқат саналады. Осының әсерінен қоғамда көптеген қате саяси шешімдер қабылданды. Мемлекет пен қоғам өзінің динамикалық даму қарқынын жоғалтты. Осы қателіктерді жою мүмкіндігі жоғарғы биліктің алмасуымен ғана пайда болды. Бұл 2019 жылы жүзеге асты. Еліміздегі саяси реформалар жаңа мазмұнмен толығып, өзгерістер қоғамның саяси өміріне жан бітіре бастады. Енді осыларға қысқаша тоқталып өтейік:

- 2023 жылы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттарды сайлау өзгерген сайлау заңнамалары бойынша өтті. Сайлау нәтижесінде оппозициялық сыни тұрғыда ойлайтын бірқатар азаматтар Мәжіліс және мәслихат депутаттары атанды. Депутаттық корпус құрамы жаңа сапалық партиялық өзгерістерге ұшырады. Сөйтіп, қаншама жылдар «летаргиялық ұйқыдағы» депутаттар енді «тіршілік нышанын» сездіре бастады; 

- Бұл процесс Мәжіліс пен мәслихаттардың қоғамдағы және биліктің шешім шығаруындағы ықпалын арттырды;

- Қазақстанда алғаш рет өткен 42 аудан және 3 облыстық деңгейдегі әкімдерді сайланды. Сайлауда үміткерлер алғаш рет өздері жауапты өңірді дамыту туралы жоспарлар жасауға, бағдарламаларын халыққа көрсетуге мәжбүр болды. Енді, осы бағдарламалар арқылы халық  нақты талаптар қоя алатын тетікке қол жеткізді, әкімнің жауапкершілігі күшейді. Сөйтіп, халық алғаш рет «басқару объектісі» емес, өзін мемлекет ісіне араласушы «субъект» ретінде сезінуге үйрене бастады;

- 2023 жылдың 1‑қаңтарынан бастап қайта құрылған Конституциялық Сот өз жұмысын бастады. Осылайша, Сот жүйесінде «соңғы инстанция» пайда болды. Бұл азаматтар мен қоғамның конституциялық құқығын қорғаудың ең демократиялық және дамыған тетігі;

- Отыз жыл бойы мың құбылып, бір адамның билігін біресе референдууммен, біресе Сайлау заңымен, біресе Конституцияға өзгерту енгізумен реттеліп отырған «президенттік өкілеттік» деп аталатын тайғанақ мәселеге соңғы нүкте қойылды.  Бұдан былай бір адам бір ғана – 7‑жылдық мерзімге сайланатын болды. Сөйтіп, осыдан он‑он бес жыл бұрын қоғамның да, қазіргі президент Қ.Тоқаевтың да айтып жүрген ойлары іске асты;

- Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттарға партиялық тізіммен сайлануға жастар  мен әйелдер үшін арнайы квота бөлінді. Бұл қоғамдағы демократиялық бастауларға қызмет етуші тетік. Мысалы, бұрынғы «екі мәрте дауысқа ие болатын» Қазақстан Халықтары Ассамблеясына берілген квота – бұған қарама қарсы, антидемократиялық саяси құбылыс еді. Осы қателік түзелді;

- Мемлекеттің басқару аппараты үнемі жасару үстінде. Соған сай бүкілхалықтық деңгейде «Құрылтай шақыру», жер‑жерлерде «Ақсақалдар алқасы» сияқты кеңес беруші ұйымдар ашылды. Бұны «Қоғамдық демократиялық академиялар» деп  атасақ қателеспейміз.

Ең бастысы, осыған дейін жүргізілген саяси реформалар қысқа уақытта өзінің өміршеңдігін көрсетіп, бұл өзгерістер 2022ж. Қаңтарда орын алған «мемлекеттік төңкеріс» әрекетіне тойтарыс бере алды. Қазақ қоғамы бүгінде осындай саяси реформалар арқылы шыңдалып, өз мемлекетінде «саяси ұлт» ретінде қалыптасу жолына бет бұрды. Ал, мемлекет құрушы Саяси ұлтқа мемлекеттің барлық жауапкершілігі жүктелетіні – әлемдік саяси тәжірибеде қалыптасқан қалып.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар