Италия вице-премьері мен сыртқы істер министрі Антонио Таянидің: «Еуроодақ соғыстарды болдырмайтын және бейбітшілікті қолдайтын өз қарулы күштерін құруы керек», - деген сөзі ашық күнгі найзағайдай болды. Иә, Таяни бірыңғай еуропалық армия құру арқылы ЕО-ны Ресейден қорғауға шақырды.
ИТАЛИЯНЫҢ ҰСЫНЫСЫ. ЕО АРМИЯСЫН ҚҰРУ
Таянидің пікірінше, Еуроодақ бейбітшілікті қолдауда және жаһандық қақтығыстардың алдын алуда маңызды рөл атқара алатын өзінің біріккен армиясын құруы тиіс.
«Егер біз бітімгер болғымыз келсе, бізге еуропалық қарулы күштер қажет. Бұл қадам әлбетте, тиімді еуропалық сыртқы саясат жүргізу мүмкіндігіне ие болудың басты шарты» , - деп атап өтті Италия вице-премьері.
Таяни айтқандай, әлемдегі АҚШ, Қытай, Үндістан және Ресей сияқты қуатты ойыншылардан, сондай-ақ, Таяу Шығыстан Үнді-Тынық мұхиты өңіріне дейінгі тұрақты дағдарыстардан Италия, Германия, Франция немесе Словения азаматтарын тек Еуропалық Одақ қана қорғайды. Басқаға сенудің күні келмеске кеткенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Еуропалық БАҚ-тар итальяндық саясаткердің Еуропаның біріккен армиясын құру мақсатын нақты тұжырымдай алмады дей келе, ЕО елдері сыртқы күштерден қорғалуға тиіс, ал екінші жағынан, бұл әрекет бүкіл әлемдегі тұрақтылықты қолдау мен қақтығыстардың алдын алуда ЕО-ға басты орын бере алады деп нақтылады.
БОРРЕЛЬ МҰНЫ ҚОЛДАДЫ
Антонио Таяни осы бағытта жалғыз емес. Мысалы, өткен жылдың мамыр айында Еуроодақтың біріккен қарулы күштерін құру қажеттігі туралы еуропалық дипломатияның басшысы Жозеп Боррель де айтқан болатын. Ол Ресейдің Украинаға әскери басып кіруі салдарынан «еуропалық қауіпсіздік ландшафтында тектоникалық ілгерілеу болғанын» тікелей көрсеткен болатын.
Еуроодақ Украинаға қаржылық, гуманитарлық және әскери көмек көрсетіп, Ресейдің агрессиясына жедел және күшті қайрат жасағаны белгілі. Алайда, ХХІ ғасырда Еуропа құрлығындағы алғашқы кең ауқымды соғыстан кейін қауіп тек Украинаға ғана емес, Киевті қарқынды әскери қолдаудың салдарынан әскери арсеналдары босаңсыған бүкіл біріккен Еуропаға да төніп тұрғаны анық. Яғни, ЕО сыртқы агрессиядан қорғалмай отыр.
ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ
Ұлыбритания қорғаныс министрі Грант Шэппс желтоқсанның соңында Лондонда Норвегия әскери ведомствосының басшысы Бьорн Арильд Граммен жолыққан. Бірлескен баспасөз конференциясында сөйлеген сөзінде Шэппс Еуропаның өз қауіпсіздігіне қамқорлық жасауы тиіс екенін, себебі АҚШ-тың көмегі мәңгі жалғаспайтынын мәлімдегені кездейсоқтық емес.
Британдық министр ЕО мемлекеттерін ғана емес, жалпы Еуропаны да ескергеніне назар аударған жөн. «Бұл Ұлыбритания мен Норвегияның қазір біздің әскери шығындарымызды арттыру үшін жұмыс істеуінің бір себебі», - деп атап өтті Шэппс.
МАКРОННЫҢ ҰСЫНЫСЫ
Жалпы алғанда, біріңғай еуропалық армия құру идеясы ХХІ ғасырдың басынан бері талқыланып келе жатқаны жасырын емес. Еуроодақ құрылуының түрлі кезеңдерінде оны көптеген елдердің көшбасшылары айтқан болатын. Атап айтқанда, 2018 жылы Франция президенті Эммануэль Макрон: «Егер нағыз еуропалық армия құруға батылы келмесе, ЕО өзін қорғай алмайды», - деп мәлімдеді. Және оның себептерінің бірі ретінде Ресейдің «қауіпті» саясатын атады. Макрон сондай-ақ қауіпсіздік және өзін-өзі қорғау мәселелерінде ЕО АҚШ-тың «мәңгілік қамқорлығынан» неғұрлым тәуелсіз болуы тиіс екенін айтты.
Макрон «американдық қолшатырдың» астынан шыққысы келеді. Көп нәрсе сырт көзден жасырын, тым құпия болса да, еуропалықтар өздерінің алаңдаушылықтарын еш жасыра алмайды. Сонымен қатар жалпыеуропалық армия құру идеясының практикалық жағы тым күңігірттеу һәм күмәнді болып көрінеді.
Бүгінде Еуроодақ Венгрияның деструктивті қуатының астында қалуда, ал бұл жерде Еуропаның біріккен армиясына таяуда ғана ЕО-дан шығып кеткен Ұлыбритания қосылғысы келеді. Шын мәнінде, егер әлдеқайда күрделі экономикалық келіспеушіліктер бойынша консенсусқа келе алмаса да, Еуропа елдері әскери мәселелерді Ресей қауіпінен құтылу үшін тез арада шешуге тиіс.
Тағы бір маңызды сұрақ: Еуропаның бірыңғай армиясы құрылған жағдайда ЕО елдері мен Ұлыбритания кіретін Солтүстік Атлант альянсымен не болады? Бұл қадам Ұжымдық Батысты ыдыратады ма, әлде іргесін бекемдей түсе ме?
Mezgil.kz