АҚШ пен Ұлыбритания авиациясы және әскери кемелері Йемендегі хуситтер бақылауындағы аймақтарға соққы жасады. Хуситтерге соққы жасау операциясын жоспарлау 2023 жылдың желтоқсан айында айтылды, алайда мәселені қақтығыссыз шешу мүмкіндігі қарастырылған еді дейді ресми Вашингтон.
7-қазан күні ХАМАС пен Израиль арасында соғыс басталған сәттен бастап Йемендегі хуситтер қақтығысқа тікелей араласып, Газаны жақтайтынын мәлімдеді. О баста Израиль аумағын зымыранмен және дрондармен атқылаған олар, артынша Израильге экономикалық шығын әкелу мақсатында Қызыл теңіздегі кемелерді басып алуды іске асырды.
Қызыл теңіз әлемдік сауда қатынасында маңызды рөл ойнайды. Еуропа мен Африка, Үндістан және оңтүстік-шығыс Азия аймақтарының тауарын тасымалдау торабы болып табылады. Хуситтердің Қызыл теңіз, Аден шығанағы мен Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы кемелерге шабуылдары артқан сайын, жүк тасымалдаушы кемелер маршрутын өзгертіп, Африканы айналу бағытын таңдауда. Бұл тауар құнын арттырып, жеткізу уақытын ұлғайтуда.
Ұлыбритания мен АҚШ билігі хуситтерге бірнеше мәрте соққы беру жоспары барын айтқан-ды. Тіпті кей сарапшылар Байден билігінің шешімді тым кешіктіріп жатқанын қатаң сынға да алды. 11-қаңтардың түнінде Ұлыбритания мен АҚШ билігі бір мезетте мәлімдеме жасап, әскери операцияны іске асыруды мақұлдады. Операцияға Аустралия, Нидерланды, Канада және Бахрейн де қатысқан.
CNN ақпаратына сүйенетін болсақ, АҚШ пен Ұлыбритания ұшақтары, әскери кемелері хуситтер бақылауындағы әуежайларды, әскери дайындық полигондарын, әскери қоймаларды, әуе қорғаныс жүйелерін және басқару штабтарын соққы астына алған. АҚШ әскері атышулы Tomahawk қанатты зымырандарын да қолданған.
Соққы негізінен Саада аймағындағы Кахлан әскери базасына, Сана қаласының солтүстігіндегі Әль-Дайлами әуежайы мен базасына, Худайда қаласының әуежайына, Таиз қаласының әуежайына, Аббс қаласының әуежайына жасалған. Өзге де әскери нысандар, соның ішінде Қызыл теңізден Иран кемелері қару әкелуі мүмкін деген порттар да соққы астында қалған.
Ұлыбритания әуе күштерінің баспасөз қызметі Йеменді бомбалау операциясына Typhoon ұшақтары қатысқанын айтты. Ал бомбалауға Paveway IV лазерлі бағыттауы бар бомбалар қолданылған.
Әскери операция аяқталған сәтте АҚШ президенті Джо Байден мен Ұлыбритания премьері Риши Сунак мәлімдеме жасады. Байден хуситтердің Қызыл теңіздегі кемелерге шабуылын тоқтатпағаны үшін әскери операцияның іске асқанын айтса, Риши Сунак хуситтерге жасалған соққыны «қорғаныс мақсатындағы әрекет» деп сипаттады.
Ресми түрде операция «Operation Prosperity Guardian» деген атауға ие болды, яғни «Дамудың қорғаушысы» деген мағына білдіреді. Операцияға ресми 22 мемлекет кірсе де, шынайы әскери әрекеттерге санаулы елдер ғана қатысуда.
Хуситтер АҚШ пен Ұлыбритания шабуылына қатысты мәлімдеме жасады.
«Бұл қылмыстық шабуылға қатысы барлар жауап береді. Біз сендер біздің аймақтан кетпейінше шабуылдарды тоқтатпаймыз, сендердің қор болғандарыңды көргенше шабуылды тоқтатпаймыз. Енді Йемен Ұлыбритания мен АҚШ-қа теңізде қалай соғысу керектігін көрсетіп, ащы сабақ береді. Біз Газаны қолдауды жалғастырамыз. Американдықтар, ағылшындар мен сионистерге нағыз соғыстың не екенін көрсетеміз. Олардың сарбаздары қырылады, кемелері суға батып, әскери базалары өрт құшағына енетін болады», - дейді хуситтердің генерал-майоры Жахаф Абдулсалам.
Mezgil.kz