Башқұртстанның Баймақ аудандық соты белсенді Фаиль Алсыновқа қатысты сот процестерін бастады. Оны алтын өндірушілерге қарсы митинг барысында ұлтараздық туындату пейілі бар сөздерді айтқан деп айыптауда. Фаильдың сотына мыңдаған адам жиналып, оны босатуды талап етті.
Сот отырысына келіп, белсендіні қолдауға жиналғандардың санын нақты айту мүмкін емес. Ақпаратты ресейлік БАҚ таратпауға тырысты, ал арналар мүлде көрсетпеген. Тек жекелеген сайттар мен әлеуметтік парақшаларда ғана мыңдаған адам жиналып, «Бостандық», «Азаттық», «Фаиль біз сенімен біргеміз!», «Біз қарапайым халықпыз» ұрандарын айтқан видеолар тарады. Алаңда тәртіп сақшылары да болды, алайда олар наразылық акциясының бейбіт өтуіне байланысты митингке қатысушыларға тиіспеген.
«Күштау Байрам» арнасының жазуынша алаңда кемі 5 мың адам болған. 2-3 мың адам алаңда тұрса, көліктерде тағы сондай нөпір халық күтіп отырған. Күннің суықтығына байланысты көлікте отырғандар мен алаңда тұрғандар 10-15 минут сайын ауысып тұрған. Өйткені Башқұртстанда кеше - 20 градус аяз болған.
Фаиль Алсыновқа соңғы үкім 17-қаңтар күні оқылады. Айыптаушы тарап оған 4 жыл бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Айыптаушы 2023 жылдың сәуірінде Алсынов алтын өндіруші компанияларға қарсы бірнеше митингке қатысып, митинг барысында башқұрт тілінде Кавказ, Орталық Азия халықтарына тіл тигізген дегенді айтуда. Алайда Алсынов бұл айыптауды мойындамады.
Айыптаушы тарап Алсынов сөз арасында «қара халық» дегенді көп айтқанын жеткізді. Яғни «черный народ» деу арқылы нәсілдік тиісу көріністері бар дегенді алға тартуда. Алайда айыптаушының бұл пікірін тіл мамандары мүлде қате деп отыр. Олар «қара халық» сөзі түркі халықтарында кемсіту мағынасын бермейтінін, «қарапайым адам» деген түсінікте екенін айтуда.
Алсынов Ресей билігі лаңкестік құрылым деп тапқан «Башқұрт» ұйымының басшысының бірі саналады. Аталмыш ұйымды 2020 жылы Башқұртстанның Жоғары Соты «лаңкестік ұйым» деп таныған еді. Алсыновтың өз сөзінше бұл ұйым башқұрт халқының мәдениетін, тілін, ділін қорғау үшін құрылған болатын және қандай да бір лаңкестік әрекеттермен айналыспаған. Ұйым экологиялық мәселелерге де алаңдаушылық танытып, акциялар өткізген. «Башқұрт халқының жақсы өмір сүріп, дені сау болуы да экологияға тікелей байланысты» дейді ол.
Алсыновтың үстінен арыз жазғандардың бірі Башқұртстанның басшысы Радий Хабиров еді. Ол Алсыновты ұлтараздық туындатып, мемлекетке қарсы әрекет жасағаны үшін заң аясында жазалауды сұрап, арыз түсірді.
Кейін Алсынов Башқұртстан басшысына ашық хат жазып, оны әлеуметтік желіде жария етті. «Армяндар өздерінің туған жеріне кеткісі келсе кетсін деп айтқаным рас. Сол сияқты татарлар мен орыстарға да солай дедім. Алайда мен олар Башқұртстанда өмір сүрмеуі тиіс деп айтқан емеспін. Бұл халық өкілдерін кемсітетін, мұқататын сөздерді де айтқаным жоқ», - дейді ол.
Башқұрт белсенділері Алсыновтың үстінен ашылған іс «Күштау ісімен» тікелей байланысты деп санайды. 2017-2020 жылдары Башқұртстанның Күштау аймағында жергілікті халық, тау-кен компаниялары және билік арасында үлкен жанжал және келіспеушіліктер болды. Белсенділер тауды игеруге қарсылық танытып, тау бөктеріне лагерь құрды. Бірнеше мәрте қақтығыс та болды. Артынша ондаған белсенді қамауға алынып, іс ашылды. Алайда белсенділердің ісі зая кеткен жоқ. Күштауды игеру жұмыстары тоқтатылды, ол «арнайы қорғау аймағы» деген статусқа ие болды. Сол акцияларға белсенді қатысқандардың бірі Фаиль Алсынов болатын.
Тәуелсіз сарапшылар «Алсыновты қысу арқылы Ресей билігі жекелеген ұлттардың мәдениеті мен тіліне жанашырлық әрекетін басып тастайтынын көрсеткісі келеді» деп баға беруде.
Mezgil.kz