Түркия мен Қытай банктері Ресейге: Бәлелерің бізден аулақ!

Осы аптаның әлемді елеңдеткен қос оқиғасы Түркия мен Қытай банктерінің Ресейден келген клиенттерге қатысты қолданған шаралары болды. Енді осылар жайында тарқата сөз ете кетейік.

1705486753115272.jpg

ТҮРІК БАНКТЕРІ РЕСЕЙ БАНКТЕРІМЕН ӘРІПЕСТІКТЕН БАС ТАРТУДА

«Түрік банктері АҚШ санкцияларынан қорқып, ресейлік банктермен ынтымақтастықтан бас тартуда», - деп ресейлік БАҚ зар қақсай бастады. «Коммерсант» газеті дереккөздерге сілтеме жасап жазғандай, Ресей мен Түркия банктерінің өзара іс-қимылындағы қиындықтар 2023 жылдың жазында туындаған, алайда жағдай 22 желтоқсанда Жо Байден шетелдік банктерді Ресейге қарсы санкцияларды бұзғаны үшін АҚШ қаржы жүйесінен ажыратуға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойғаннан кейін мүлдем ушығып, нашарлай түсті.

1705486414476288.jpg

Газеттің мәліметінше, әңгіме Түркия мен Ресей банктері арасындағы корреспонденттік қарым-қатынастың үзілуі туралы да, төлемдерді өңдеу туралы да болып отыр. «Коммерсанттың» бір дереккөзі әзірге шектеулер Ресейде жұмыс істейтін шетелдік банктердің еншілес компанияларына әсер етпегенін айтады.

16 қаңтарда Түркия Экспорттаушылар ассамблеясының хабарлауынша, Ресейге жеткізумен айналысатын түрік компаниялары 2023 жылдың желтоқсанынан бастап төлем жүргізуде қиындықтарға тап бола бастаған. Оған себеп ретінде билік тарапынан АҚШ Қаржы министрлігінің Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуді болдырмау бойынша енгізген шараларына байланысты қосымша тексерулерді атады.

ҚЫТАЙ ДА РЕСЕЙ БАНКТЕРІНЕН БАС ТАРТА БАСТАДЫ

АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды бұзғандарды екінші рет шектеумен жазалайды деп қорқытқаннан кейін Қытайдың мемлекеттік банктері ресейлік клиенттерге қызмет көрсету шарттарын қатайту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы «Bloomberg» дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлайды.

1705486464448950.jpg

Агенттікпен сұхбаттасушыларының айтуынша, кем дегенде екі ірі Қытай банкі соңғы апталарда Ресеймен өз бизнесін, бірінші кезекте - трансшекаралық операциялар мен ресейлік клиенттерді қаржыландыруды тексеруді бастады. Тексеру нәтижелері бойынша банктер санкциялық тізімдерге енгізілген компанияларға қызмет көрсетуді тоқтатады және транзакциялар қандай валютада және қандай юрисдикцияда өтетініне қарамастан, ресейлік қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне қаржылық қызмет көрсетуді тоқтатады. Тексерулер Ресеймен бизнес жүргізетін немесе Ресейге тауарларды үшінші елдер арқылы жеткізетін ресейлік емес компанияларға да қатысты болады.

«Қытайдың ірі мемлекеттік банктері бұрындары Иран мен КХДР-ға қарсы американдық шектеу шараларын орындап, қайталама санкцияларға ұшыраудан және доллармен операцияларға қолжетімділікті жоғалтудан қорыққан», - деп атап көрсетеді Bloomberg.

Бейжің Украинаға толыққанды басып кіруіне жауап ретінде ресми түрде Ресейге қарсы санкцияларға қосылған жоқ. Алайда шектеулер енгізілгеннен кейін қытайлық банктер санкциядағы ресейлік клиенттермен жұмысты қысқартты. Мысалы, ресейлік банктер шығарған «Union Pay» төлем жүйесінің карталары шетелде жұмыс істемей қалды.

Қытай Ресей үшін - шикізатты өткізудің ең ірі нарығы (экспорттың 32%) және тауарларды негізгі жеткізуші (импорттың 41%).

Мәскеу мен Бейжіңнің жақындасуы Батыс көшбасшыларының қауіптенуін тудырады. Американдық барлау Қытай Ресейге Батыстың санкцияларын айналып өтуге көмектесетінін және Украинадағы соғыс үшін Мәскеуге әскери технологиялар мен қос мақсаттағы технологияларды ұсынуы мүмкін екенін көрсетті. Қытай бұл елдің бейтараптық ұстанатынын және қақтығыс аймақтарына қару сатпайтынын бірнеше рет айтқан.

Желтоқсан айында Вашингтон мен Лондон санкцияларды тағы да кеңейтіп, тізімге Ресейге шектеу қойылған тауарлар жеткізетін Қытай, Түркия, Сербия, БАӘ және Өзбекстан компанияларын қосты.

«Қара қыпшақ Қобандыда нең бар еді, құлыным», деген Ақжол бидей, Украинаға соқтығам деп әлемдік қаржы жүйесінен шеттелген Ресей нағыз ойбайдың не екенін енді ұққандай . Енді Қазақстан да Ресеймен алыс-беріс, барыс-келісте аяғын аңдып баспаса, Түркия мен Қытай қорыққан санкция тоқпағы, қазақты аямайтыны анық!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар