Ресейде 2023 жылдың күзінен бастап жұмыртқа тапшылығы сезілуде. Ресей сауда орталықтары мен дүкендерінен жұмыртқа табу қиынға соғуда. Өткен жылы Ресейде бағасы ең қатты өскен бес өнімнің қатарына осы жұмыртқа да кірген көрінеді. Тақырыптың қоғамда дау, ел ішінде сөз, ал билікке мәселе болғаны соншалықты, Ресей президенті Путиннің өзі әлеуметтік мәселені талқылау жиынында жұмыртқа бағасына қатысты бөлімді жеке талқылаған-ды.
Дегенмен жұмыртқа бағасы Ресей билігінің шешіміне, сан түрлі жиынына қарамастан өсуде, ал тапшылықты толық жою мүмкін болмай тұр. Сарапшылар «Ресей қоғамы үшін жұмыртқа маңызды, себебі ет сатып ала алмайтын отбасылар бар, олар жұмыртқа алады» деп пікір де білдіріп жатыр.
Жұмыртқа неге тапшы? Путиннің өзі бір жыл ішінде жұмыртқа бағасы 40 пайызға қымбаттағанын айтып, «қымбаттаудың себебі ел ішінде сұраныс жоғары, ал Үкімет импортқа дереу есік ашып үлгермеді» деген еді. Алайда сарапшылар бұл пікірмен келіспейді. Ресей нарығындағы жұмыртқаның тапшылығы импорттың кіруіне қарағанда, ішкі мәселелердің көптігімен түсіндіріледі. Соның бірі инкубаторлардың жетіспеушілігі. Санкцияға дейін Нидерланды, Франция, Финляндия және Германиядан инкубатор алатын Ресей, ендігі ол нарықтан инкубатор алу мүмкіндігінен айырылды. Ал әлемде инкубатор сатудан көшбасшы саналатын Қытай елі Ресейге жеткілікті көлемде инкубатор сатпай отыр. Бейжің инкубатор өз нарығымызға қажет дейді. Ресей өзі де инкубатор шығарады, алайда оның сапасы мен саны ішкі нарықты толық қамтуға жетпейді.
Экономистер Ресейге салынған санкцияның әсерінен экономиканың зардап шегіп жатқанын айтуда. Ресей билігі бұл ақпаратты үнемі жоққа шығарумен келеді. Алайда дәрі-дәрмек, түрлі технологияның жетіспеушілігі, ұшақтарға бөлшектердің тапшылығы және басқа шынайы көріністі айқындап отыр. «Соңғы жылы санкция әсерінен инфляция деңгейі де жоғары болды, бұл жұмыртқа бағасына да әсер етті» дейді мамандар. Оның үстіне құс фермалары жем, жарық, арнайы қоспалардың қымбаттауына байланысты бағаны өсіргенін айтқан.
Қазіргі сәтте Ресей нарықты қажетті жұмыртқамен қамтамасыз ету үшін жанталасып жатыр. Мәскеу Әзербайжан мен Түркиядан жұмыртқа алуды бірнеше есе арттыруға келісті. Жақында ғана Беларусь басшысы Лукашенкоға Путин ресми өтініш жасады, енді Минсктен де жұмыртқа алуды арттырмақ. Жұмыртқа дағдарысын шешу үшін Ресей енді Қазақстанға да өтініш жасады.
Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуыншга ресейлік тарап сауда орындарына жеткізетін жұмыртқалар санын арттыруды сұрап отыр. «Ресейлік тарап Қазақстанға сауда орындарына жұмыртқа жеткізуді арттыруды сұрап отыр. Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған мәселені қысқа мерзімде қарауды және қазақстандық өнімді РФ шекаралас аймақтарына жеткізуді арттыру мүмкіндігін іздеуді тапсырды. Алайда ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі алда болу керектігін айтты», - дейді арнайы хабарламада.
Осылайша Ресей жаһаннан жұмыртқа іздеп, сабылып жүр. Сарапшылар бұл мәселеге Кремльдің бей-жай қарамайтыны елдегі әлеуметтік жағдайдың қиындай түскенінің көрсеткіші дейді. Мәскеу өткен аптада жұмыртқа сұрап, Солтүстік Кореяға да жұмыс тобын жіберген еді.
Mezgil.kz