Қазақстан Республикасы бітімгерлік миссиямен жауынгерлерді жіберу шешімін мақұлдады. Бүгін Парламентте қос палатаның отырысы өтті. Отырыс барысында Қазақстан Африка құрлығы мен Таяу Шығысқа бітімгерлік күштерін жіберу туралы шешім қабылдады.
(Сурет fergana.agency сайтынан)
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қазақстандық бітімгершілік күштері бағытының егжей-тегжейін айтып, былай деді: «Бүгінде алғаш рет БҰҰ-ның бізге тәуелсіз миссия беруіне қолжеткіздік. Біз өз туымыз астында миссияны орындауға барамыз. Бұл ең маңыздысы. Екіншіден: бізге ұсынылатын міндеттер – аумақты патрульдеу, коменданттық қызметті атқару. Рота резервте болады", - деді Жақсылықов Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Бұл ретте министр әскерилер 15 жауынгерлік көлік, инженерлік техника, стандартты қару-жарақ, байланыс құралдары және медициналық қажеттіліктермен қамтамасыз етілетінін де тілге тиек етті.
2014 жылдан бері 67 қазақстандық офицер БҰҰ миссиясының аясында Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы, Ливанда әскери бақылаушы және штаб офицері ретінде болып, тәжірибе жинап қайтқан.
2018 жылдан бері 538 қазақстандық жауынгер «Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері» миссиясы аясында Ливандағы бітімгерлік күштерінің аясында болды. Жалпы тәуелсіздікті қалпына келтірген сәттен бастап, Қазақстан БҰҰ аясындағы бітімгерлік миссияларына мыңдаған жауынгерді қатыстырды. Қазіргі уақытта БҰҰ аясында Қазақстанның алты офицері Батыс Сахарада, екі офицері Орталық Африка Республикасында, екі офицері Конго Демократиялық республикасында, тоғыз жауынгері Ливанда бітімгерлік күштерінің миссияларына қатысуда.
Жалпы Қазақстан 1991 жылдан бастап бітімгерлік миссияларына қатысуда. Тәжікстандағы азамат соғысы тұсында да мыңдаған жауынгер қатысты. Өкінішке орай қаза тапқан сарбаздар да бар. Артынша Ирак соғысында Қазақстанның бітімгерлік күштері миллиондаған жарылғыш затты жою міндеттерін атқарды.
Бітімгерлік күштерінің негізгі мақсаты қақтығысушы тараптар арасындағы ұрысты болдырмау келісімінің сақталуын қадағалау, сонымен бірге гуманитарлық мақсаттағы миссияларды іске асыру болып табылады. Бүгінгі отырыста Қазақстан Судан, Оңтүстік Судан, Палестина-Израиль шекарасы, Израиль-Сирия шекарасы маңына бітімгерлік күштерін жіберуді мақұлдаған. Жалпы жиыны 430 жауынгер аттануы мүмкін. Бітімгерлік миссиясы көктемге басталады деп жоспарлануда.
Mezgil.kz