Бұрынғы мешіт - қазіргі храм: Үндістанда діни қақтығыс болуы мүмкін

Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди Рам Джанмабхуми храмын ашу салтанатына қатысуы мүмкін. Храм Үндістанның солтүстігіндегі Айодхья қаласында орналасқан. Алайда бұл шара Үндістандағы мұсылмандармен қақтығысқа, шиеленіске ұласуы ықтимал дейді сарапшылар. Себебі аталмыш храм бұрында мешіт болған деген тарихи дерек бар.


Индийские мусульмане с тревогой ожидают решения суда по мечети Бабри -  ГолосИслама.RU (Voice of Islam in Russia)

 

Bloomberg басылымы: «Моди Үндістандағы басты храмның бірін ашу салтанатты шарасына қатысады. Бұл Үндістан үшін жаңа дәуір бастамасы іспеттес сипатталуда, алайда сонымен бірге бұл діни алауыздықты арттырып, мұсылмандар тарапынан наразылықты күшейтуі ықтимал», - деп жазды.

 

Аталмыш храм аясындағы дау Үндістанда тоқтаған емес. Тарихи деректерде 1528 жылы қазіргі храм орнында әйгілі қолбасшы Бабырдың атындағы мешіт салынғаны жазылған. 1990-1992 жылдары мешіт маңында діни сипаттағы қақтығыстар болды. Наразы топ тарихи нысанды жойып, сүріп тастауға шақырды. Олар «жаулаушылар тарихи әділеттілікті бұрмалап, өздерінің діни орталықтарын салды» деп айыптады. Соңғы уақытта 1528 жылға дейін мешіт орнында храм болғаны жайлы деректер пайда болып, оны Үндістанның орталық телеарналары жиі айтатын болды. 


Храмды салу туралы шешім 2019 жылы Жоғары Соттың қаулысынан кейін іске аса бастады. Сот бұрынғы мешіт тұрған аумақты Үндістан билігі құрған қорға табыстады, артынша құрылыс жұмыстары заңды негізде басталды.

 

2020 жылы Нарендра Моди коронавирустың өршіп тұрған шағында карантиндік шараларға қарамастан храмның іргетасын қалау жұмыстарына қатысты. Бұл оның сайлауалды бағдарламасында айтылған еді. Храмды салу жұмысын насихаттау арқылы ол саяси мансабын арттыруды ойлады дейді Батыс саяси сарапшылары.

 

Соңғы жылдары Үндістанда діни алауыздық көріністері байқалады. Ресми Дели бұл тақырыпты ашық айтпауға тырысады. Алайда жыл сайын түрлі дін өкілдері арасында қасиетті орындар, түрлі діни ережелер мен ұстанымдарға қатысты қақтығыстар болып тұрады.

 

Халықтың басым бөлігі, яғни 75 пайызға жуығы индуизм дінін ұстанады. 15 пайызға жуық халық Ислам дінін ұстанса, қалған бөлігі христиан, буддизм, сикхизм, жайнизм және басқа діни ұстанымдарды құп көрген. Сарапшылар діни сипаттағы қақтығысты ушықтыруға сыртқы күштердің де ықпалы бар деген ойда.


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар