Сәрсенбі күні Молдованың бүлікшіл аймағы Приднестровьеде Кишиневқа қарсы наразылық акциялары басталды. Приднестровьенің басшысы саналатын Вадим Красносельский сепаратистік аймақтың билігіне, мемлекеттік органдарына үндеу жасады. Ол «Молдова Украинадағы соғысты пайдаланып, біздің кәсіпкерлеріміз бен экономикамызға нұқсан келтіре отырып құрсауға ала бастады» деп мәлімдеді. Тираспольдің заңсыз билігі Молдованың әрекетіне ЕО елдері сын айтып, құрсауды тоқтатуға мәжбүрлеуі тиіс деп санайды.
Приднестровьедегі түрлі кәсіподақ бірлестіктері мен билік органдарының қызметкерлері Тирасполь мен Днестровск қалаларында 24 қаңтарда ауқымды акциялар өткізіп, Молдованы блокада саясатынан бас тартуға шақырмақ. Кишинев сепаратистік аймақтағы көңіл-күйді бақылап отырғанын, алайда қазіргі сәтте қандай да бір нақты қауіп жоқ екенін айтты.
Приднестровье басшысы Вадим Красносельский елде лаңкестік әрекеттер болуы мүмкін екенін айтып, күштік құрылымдарды қырағы болуға шақырды. Ол «Киев пен Кишинев бірігіп Приднестровьеге шабуыл жасау қаупі сейілген емес» дейді. Алайда халық қашанда бірлікте болып, өзінің мығым екенін танытуы қажет деп санайды.
Молдова мен Приндестровье арасындағы қақтығыс әлі реттелген емес. 1992 жылы сепаратистік аймақта Ресейдің қолдауымен бір мәрте қарулы қақтығыс та болды. Кишинев бүлікшіл аймақты өзіне бағындыра алмады. 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап Молдова билігі Приднестровье кәсіпорындарына шекаралық салықты арттырды. Молдова бұл әрекетін былай деп түсіндіруде: «Біз үшін біртұтас Молдова бар. Сол үшін біз Молдованың басқа аймақтарындағы кәсіпорындарына қандай салық енгізсек, Приднестровье кәсіпорындарының қызметіне де сондай салық енгізіледі» дейді.
«Біз үшін Молдова қашанда біртұтас. Ол біздің еліміздің бөлінбес бөлшегі. Приднестровье үшін ерекше түзетулер болған емес, болмайды да. Өйткені оның ерекше статусы жоқ», - дейді Молдова премьері.
Приднестровье бүлікші аймағы 2022 жылдан кейін қиын кезеңге аяқ басты. 2022 жылға дейін Приднестровье Украина аумағы арқылы ТМД елдерімен сауда жасайтын, ал Молдова арқылы ЕО елдеріне өз өнімін сататын. Негізінен текстиль, металл өнімдері мен ауыл шаруашылығын тасымалдайтын. Алайда Ресей Украинаға басып кірген сәтте, Киев Приднестровьемен шекараны жауып тастады. Ал Молдова Приднестровьеден келетін өнімдерге салықты арттырды. Осылайша бүлікші аймақ жартылай блокадада тұр. Аймақта Ресейдің әскери күштері бар. Украина Ресей тарапынан Приднестровьеге бағыт алған кез келген ұшақты және кемені атқылайтынын айтты. Екі жылдың ішінде Ресейден сепаратистерге келетін көмек азайды.
Приднестровьенің басшысы Вадим Красносельский «5+2» форматындағы келіссөздерді жалғастыру керек деп ұсыныс жасауда. Онда Молдова-Приднестровье келіссөз жүргізуші тарап, Ресей, Украина, ЕЫҚҰ тараптарды келістіруші, ал АҚШ пен ЕС бақылаушы рөлін атқарады. Алайда Украина соғысына байланысты бұл форматты жалғастыру мүмкін емес.
Сарапшылар Украинадан кейін Молдовада соғыс болу қаупі барын айтуда. Бұл бұрынғы жара саналатын Приднестровьені қозғау арқылы, Ресей Кишиневті ЕО мен НАТО-ға кіргізбеу үшін жасалатын арандату болмақ дейді олар.
Mezgil.kz