Ресейдің НТВ арнасындағы «Место встречи» бағдарламасында ресейлік сарапшысымақ, тарихшы Смолин «революцияға дейін қазақ, өзбек, әзербайжан деген болмаған» деу арқылы әлеуметтік желі мен ғылыми ортадағы пікірталасты күшейтті.
Алдымен Ресейдің бұл пікірге қатысты ресми көзқарасын жазайық. Ресей СІМ өкілі Мария Захарова: «Ресей мен Орталық Азия елдерін ортақ тарих, адами құндылықтар мен мыңдаған сауда-экономикалық келісімдер байланыстырады. Біздің одақтастық қатынастар мен әріптестік байланыстарымыз тығыз және ол достыққа негізделген. Ресей мен Орталық Азияның тәуелсіз мемлекеттері бұл байланыстардың маңызды екенін жақсы түсінеді. Ал айтылған пікірді біз автордың ар-ұятына қалдыра отырып, оның Ресей билігінің ресми ұстанымына мүлде жат екенін мәлімдегіміз келеді», - деді.
Захарованың бұл пікірі көпшілікті тыныштандыра қоймады, ал әлеуметтік желідегі пікірталас тіпті күшейді. Өзбекстанның Руханият және ағартушылық орталығының басшысы Минхажидин Ходжиматов Смолинге жауап қатты.
«Бүгін шовинистік пропаганда өздерінің шынайы бет-бейнесін көрсете бастады. Фашизмнің иісі шығады. Өкінішке орай шовинистік көзқарасты олардың қауымдастықтары да қолдауда. КСРО-ны тірілту идеясы іске аспайтын армандары ғана. Біз бұл империяның өзге халықтарды қанап, сүлікше сорып, жауыздықпен күн кешкенін жақсы білеміз. Бүгін Смолин, Прилепин сияқтыларды тура сол кеңестік кезеңде құрылған тираниялық режим басқарады. Ал бұл оқиға елімізге жалған ақпарат таратып, лаң салатын өзге елдердің аудио-видео ақпарат көздерін, сайттар мен телеарналарын дереу шектеу керектігін көрсетті»,- дейді Минхажидин Ходжиматов.
Өзбекстандағы Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры Шерзодхон Кудратходжа да Смолинге қаһарын төкті. Ол былай дейді: «Мен тарихшысымақ, алаяқ Смолинге өзбек халқының шығу тегіне қатысты мына тарихи кітапты оқуға кеңес беремін. Әмір Темір Тоқтамысты талқандаған соң, орыс жеріндегі княздіктер біріге бастады. Артынша онда ұлы княздің бірі пайда болды. Ол кім? Ол - Иван Грозный. Иа, ол мықты мемлекет басқарушысы, бөлшектенген жердің басын қосушы, Русьті құрушы болды. Кейін Петр I тұсында Ресей империяға айналды. Сондықтан тарихқа қарап, Мамайды, Тоқтамысты, Әмір Темірді, Иван Грозный мен Пётр I патшаны бірге қарастырып көрейікші. Бұл өте маңызды. Егер түркілер болмағанда, Ұлы Әмір Темір болмағанда, онда қазіргі Ресей болар ма еді? Сондықтан мұндай негізсіз мәлімдемелерді жасауға болмайды.
Бүгін біз тарихқа қысқаша саяхат жасадық деп ойлаймын. Мен саясаттанушы болсам да, тарихқа қызығамын, тіпті кезінде тарих бойынша туынды да жазғым келген. Мен әлі де бұл бағытты жалғастырып жатырмын, көптеген авторларды оқимын, олармен таныспын, байланысымыз жақсы. Яғни тарихи фактілерден алыс емеспін. Сондықтан біз білімді болуымыз керек, тарихымызды білуге тиіспіз», - дейді ол.
Mezgil.kz