Англияда алма теру: Орталық Азияға ағылшындар неге есік ашты?

2023 жылы Ұлыбританияда жаз-күз айларындағы бау-бақша саласының маусымдық жұмыстарына Орталық Азия тұрғындары көп қатысқан. Олардың үлес салмағы 25 пайызға жеткен. Орталық Азиядан Ұлыбританияға ағылушылар саны Ресейдің Украинаға соғыс ашуынан кейін еселеп артқан. Тенденция жалғасын табады дейді ВВС зерттеуі. 


Великобритания и Центральная Азия должны углублять взаимодействие -  check-point.kz

 

2023 жылдың маусымында Ұлыбритания Парламентінің кітапханасы сайтында маусымдық жұмыстарға қатысты арнайы баяндама жарияланды. Онда 2019 жылға дейін Ұлыбританиядағы бау-бақша, өзге қожалықтардағы жұмыстың көпшілігін Шығыс Еуропа тұрғындары, атап айтқанда Болгария, Румыния, Польшаның азаматтары жасағаны айтылады. Ұлыбритания ЕО-да болған сәтте, құжат рәсімдеу де оңай болғандықтан, ЕО ішіндегі кедей саналатын елдердің тұрғындары Ұлыбританияға ағылған. 2019 жылы Ұлыбритания ЕО-дан шығуды бастады. Артынша Лондон маусымдық жұмыстарды іске асыру үшін өзге ел азаматтарын шақырып, арнайы бағдарлама аясында жұмысшыларға арналған визалық жеңілдіктер жасауға келісті. Арнайы бағдарламаның ашылуына фермерлік қауымдастықтар мүдделі болды.

 

Англия және Уэльстегі «Шаруалардың ұлттық одағының» мәліметінше жыл сайын елдің 50 пайызға жуық қажеттілігін қамтамасыз ететін жеміс-жидек осы екі аймақта өсіріледі. Жалпы осы екі аймақ бойынша ауыл шаруашылық саласында 471 мың адам қызмет етсе, жеміс-жидек, көкөніс жинау жұмыстарына кемі 60 мың қосымша адам қажет. Дәл осы екі аймаққа маусымдық жұмысқа келушілер саны басым.  

 

2020 жылдан бастап Ұлыбританияға Украина азаматтары ағылды. Артынша Ресей мен Беларусь азаматтары да маусымдық жұмыстарға келетін болды. Ал 2022 жылдан бастап бұл үш елден маусымдық жұмысқа келетіндер саны еселеп азайып кетті. Украина ер азаматтарды соғысқа байланысты өзге елге кетуді шектесе, Ресей мен Беларусь санкция астында қалды.

 

Ұлыбритания билігі маусымдық жұмыстарға Орталық Азия тұрғындарын тартуды қарастырды. Ең алдымен Лондонның назары Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанға ауды. Орталық Азияда Ұлыбританиядағы жұмысты жарнамалау қызу басталып кетті, кейін арнайы орталықтар да ашыла бастады. Тұрғындар көп жағдайда алдын-ала қандай компания мен фермаға барып жұмыс істейтінін біліп отырды. Бұл процесс кейін Қазақстанға да келді.

 

Ұлыбританияда Орталық Азия тұрғындары көбіне көкөніс теру, жеміс-жидек жинау, жылыжайларда жеміс өсірумен айналысу, бағбан болу, сорттау жұмыстарымен айналысады.

 

2023 жылы көкөніс жинау, жеміс-жидек теру жұмыстарына Ұлыбритания 45 мың арнайы жұмыс визасын берген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 55 мыңға жетуі ықтимал дейді мамандар. Лондон 2024 жыл фермерлерге арналған аталмыш бағдарламаның соңғы жылы екенін айтуда. Алайда түрлі фермерлік қауымдастықтар бағдарламаны созуға ниетті және мемлекеттен өзге ел азаматтарына уақытша виза беруді жалғастыруды сұрап отыр.

 

Орталық Азиядан нақты қанша адам Ұлыбританияға бау-бақша жұмыстарына барғаны белгісіз. Дегенмен еңбек нарығын зерттейтін SIA компаниясының  мамандары жалпы Ұлыбританиядағы бау-бақша саласындағы маусымдық кезең жұмысшыларының төрттен бірі Орталық Азия азаматтары дейді.

 

The Economist басылымының жазуынша Ұлыбритания бұл бағдарлама арқылы саяси тұрғыдан да пайда табуда. Осыған дейін Ресейге барып, сол бағытты қарастырған Орталық Азия тұрғындары енді батысшыл көзқарасқа ие бола бастады дейді. Сонымен бірге Орталық Азия азаматтары тіл үйреніп, Батыс мәдениетіне жақындап, қаржы табу мүмкіндігі Ресейден қарағанда Батыста көбірек екеніне көз жеткізе бастаған. Ал Ресейге баратын мигранттар саны керісінше азайған. Себебі Ресей нарығында қаржы азайып, соғысқа түрлі жолмен тартылу қаупі артқан.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар