Украина соғысы АҚШ-тың қару саласы өндірісіне қарқын қосты. 2023 жылы АҚШ қару саудасынан 238 млрд доллар қаржы түсірген, бұл рекорд саналады. Бұл туралы есепті АҚШ Мемдепартаменті жария етті.
2023 жылы әлем елдері мен компаниялары АҚШ-тан қару сатып алу бойынша келісімдерді рекордтық көлемде жасаған. Сонымен бірге әскери киім-кешек, әскери қызметке де сұраныс еселеп артқан. Бұл тұрғыдан сұраныс бірден 56%-ға өскен.
АҚШ қаруын сатып алушылар ішінде Польша көш бастап тұр. Варшава Мәскеудің Украинаға шабуылынан кейін Еуропадағы ең қуатты әскер жасақтауды бастады. Алдағы таңда Польша билігі Ресейдің поляк жеріне кіру мүмкіндігі бар деп есептейді және қарсы соққы беруге дайындалу үстінде. Польша АҚШ-тан 12 млрд долларға Apache тікұшақтарын, 10 млрд долларға HIMARS зымыран кешендері және 3,75 млрдқа M1A1 Abrams танктерін алуға келісім жасаған. Сонымен бірге басқарылмалы зымырандар мен ақылды бомбаларды сатып алуға қосымша 4 млрд долларлық келісімге қол қойған.
Польшада сайлаудан кейін билік ауысып, 2023 жылдың соңында жаңа үкіметті Дональд Туск тізгіндеді. Ол әскерді қуатты ету курсын жалғастыратынын айтты.
Германия елі де АҚШ-тан қару алуды арттырған. Берлин АҚШ-тан 8,5 млрд долларға Chinook тікұшақтарын сатып алуға ниетті. Ал Чехия 5,6 млрд долларға F-35 ұшақтарын сатып алу бойынша келісімді аяқтап қалды. Болгария билігі 1,5 млрд долларға Stryker бронды көліктерін алатын болды, Норвегия 1 млрд долларға тікұшақтар алатынын жария етті.
Еуропадан бөлек АҚШ-тың қаруына Азия мен мұхиттық елдердің елдерінің де қызығушылығы арта түскен. Оңтүстік Корея 2023 жылы 5 млрд долларға F-35 ұшақтарын сатып алды. Ал Аустралия құрлығы болса 6,3 млрд долларға АҚШ-тан C130J-30 Super Hercules ұшақтарын алуға тапсырысты беріп қойды. Жапония барлауды күшейту үшін E-2D Hawkeye ұшақтарын алуға ниетті болып отыр. Жапония алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды алу бойынша да келісім жасауда. Тайуань елді де АҚШ-тан түрлі типтегі қару алуға 4 млрд доллар қаржы бөлген.
АҚШ Мемдепартаментінің қару саласы бойынша бюросының басшысы Мира Ресник Politico басылымына берген сұхбат барысында АҚШ қаруына қызығушылықтың артқанын растай отырып, Ресейдің қаруынан бас тартушы елдердің артқанын айтты.
Ресей соңғы 30 жылда әлемде қару сату бойынша екінші орында тұрған. Алайда Украина соғысынан кейін АҚШ-тың Ресейден алға озуы еселеп артқан, ал үшінші орында тұрған Франция Ресейді әне-міне қару сату саласы бойынша қуып жетпек. SIPRI журналының жазуынша АҚШ бүгінде әлемдік қару саудасының 40 пайызын алса, Ресей 16 пайызын иемденген. Ал 2019 жылы Ресейдің әлемдік қару саудасындағы үлесі 20 пайызды құраған болатын.
«Украинаға Ресейдің басып кіруі Мәскеуді қару сатушы елден, қару сатушы және сатып алушы елге айналдырды. Мәскеу ең алдымен ішкі нарығын қамтамасыз етуге жұмыс істеуде. Бұл тұрғыдан ол Иран мен Солтүстік Кореядан қару алуда. Ресей сыртқы келісімдерді уақытылы орындауда қиындық көруде. Ұрыс даласындағы Ресей қаруының нәтижесіне де күмән артты. Нәтижесінде кей елдер Ресеймен жасаған келісімді үзуде, ал енді бірі Ресей мамандарының ресейлік қаруды модернизациялау бағдарламасынан шығып кетті», - дейді Мира Ресник.
Mezgil.kz