Иран билігі абортпен күресті күшейтті. Аборт жасауды тоқтатуға бағытталған әрекетті әскери құрылымдық топ саналатын «Нафс» жасақтары қадағалайды. «Нафс» Тегераннан абортқа қарсы үгіт-насихатты күшейтуді сұрап отыр.
«Нафс» әскери құрылымдық топтары өткен жылы қайта құрылды. Бұл Ирандағы демографиялық қиындықтарға байланысты болатын. Аталмыш құрылым «Басидж» жасақтарына бағынады және Иранның барлық аймағында әрекет етеді.
Бұған дейін Ирандағы аборттың артқаны жайлы ақпарат тарады. CNN 2022 жылы Иранда 530 мың аборт жасалғаны жайлы мәлімет берді. Ал Иранның мемлекеттік құрылымдары да аборт саны артқанын мойындап, соңғы 20 жылда аборт көрсеткіші 250 мыңнан 650 мыңға дейін артты дейді. «Нафс» жасағының бір басшысы Мохсен Закарианның мәліметінше абортты жасайтындар көбіне ресми тұрмысқа тұрмай, шариғат шарттары бойынша тұрмыс құратындар арасында жиі кездеседі. Иранның Ислам кеңесінің мүшесі Әмір Хоссейннің сөзінше Ирандағы аборттың 7 пайызы ғана денсаулық жағдайына байланысты жасалуда, ал қалғаны медициналық себебі жоқ жеке шешім саналады.
Иран билігі діни негізге байланысты әйелдердің жүктілігін негізсіз себеппен тоқтатуға қатаң тыйым салуда. Соған қарамастан аборт саны азаяр емес. «Иранда абортты үш жағдайда ғана жасауға рұқсат етілген. Егер әйелге жыныстық зорлық жасалып, ол жүкті болса, жатырдағы балада кінәрат бары анықталса немесе әйел өміріне жүктілік қауіп төндірсе. Қалған жағдайларда заң абортқа қатаң тыйым салып келеді», - дейді ирантанушы Мохсен Банайе.
Сарапшының сөзінше Ирандағы қатаң заңға қарамастан аборт жасату жолдары жетерлік. «Мемлекеттік немесе жеке ауруханалар азын-аулақ қаржыға заңды аттай отырып, аборт жасайды. Ол үшін не «әйел денсаулығына қауіпті» деген анықтама жазады немесе жүктілікті мүлде тіркемей, абортты іске асырады. Ал жүктілік мерзімі үлкен болса, онда абортты қаржысы жеткендер Түркияға барып жасатады», - дейді Мохсен Банайе.
Иранда жүктілікті үй жағдайында тоқтату үшін әйелдердің түрлі таблетка қолдануы жиі кездеседі. Әдетті бұл ешқандай статистикаға тіркелмейді. Иран билігі абортпен күресуді күшейтті. Себебі Тегеран елдегі демографиялық өсімге алаңдаулы. Иран Таяу Шығыстағы бала туу көрсеткіші ең төмен, ал халықтың қартаюы жоғары елдің бірі саналады.
Сарапшы Банайе: «Ираннан көшіп кетушілер саны өте көп. Соңғы жиырма жылда бұл көрсеткіш үздіксіз артуда. Тек коронавирустық шектеуде ғана сәл бәсеңсіді. Қазіргі сәтте әлемнің түкпір-түкпірінде 9 млнға жуық Иран азаматтары бар. Олар революциядан кейін кетті. Көбі санкцияның салдарынан көшіп кетуге мәжбүр болды. Елдегі әлеуметтік жағдай нашар, ал биліктің қысымы жыл өткен сайын артуда. Иран халқының әлеуметтік жағдайға байланысты бала жоспарлауы да өзгеріске ұшырауда. Бұрынғыдай 4-5 баланың орнына 1-2 бала өсіруді қалайтындар саны артқан. Бұл тенденция ақырындап Иранның ауылдық аймақтарына да келуде», - дейді.
2021 жылы Иранда «Отбасы мен жастарды қорғау заңы» қабылданды. Заңда аборт жасауға тыйым күшейген. Алайда аборт саны азайған жоқ. Заңсыз мизопростол сату үш есеге артқан. Тегеран 2023 жылдың қазанынан бастап абортты оңды-солды жасайтын ауруханаларды анықтап, басшыларын жауапқа тартуды бастады.
Mezgil.kz