НАТО-ның қазіргі Бас хатшысы Столтенбергті Нобель сыйлығына ұсынылып жатыр. Ұсынысты Норвегияның Либералды партиясының орынбасар төрағасы Абид Раджа дейтін адам жасаған.
«Еуропадағы һәм әлемдегі демократия мен бейбітшілік үшін ешкім де дәл Столтенберг секілді еңбек еткен жоқ. Сондықтан да ол биылғы Нобельдің бейбітшілік сыйлығына лайықты деп есептейміз», - дейді Раджа.
Норвег саясаткері Йенс Столтенберг 64 жаста. Ол НАТО-ның Бас хатшылығына 2014 жылы сайланған – 13-ші Бас хатшы. Норвегияның Либералды партиясының мүшесі. Бұрын Норвегияның екі кезек премьер –министрі болған.
Бейбітшілік үшін Нобель сыйлығы жеке тұлғаларға, ұйымдарға, 1901 жылдан бері 104 рет берілген.
Кейінгі бес жылдағы Бейбітшілік үшін Нобель сыйлығын алған тұлғаларды атап өтсек:
2019 жыл. Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының Премьер-Министрі Абий Ахмед Әлиге «Бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізудегі күш-жігері үшін, атап айтқанда көрші Эритреямен шекара қақтығысын шешу жөніндегі шешуші бастамасы үшін» берілді;
2020 жыл. «World Food Programme» - Әлемдегі ең ірі гуманитарлық ұйымға «Аштықпен күресі үшін, қақтығыстардан зардап шеккен аудандарда бейбіт тірлікті қалпына келтіруге қосқан үлесі үшін және аштықты соғыс пен қақтығыстың қаруы ретінде пайдалануға қарсы тұрғаны үшін» берілді;
2021 жыл. Америкалық журналист (тегі филиппиндік) Мария Ресса мен ресейлік тәуелсіз журналист Дмитрий Мурадов «Демократия алғышарты – сөз бостандығын қорғауға күш салғаны үшін» берілді;
2022 жыл. Белорусь белсендісі Алесь Беляцкий, Ресейде құрылған «Мемориал» ұйымы мен Украинада құрылған «Азаматтық бостандық орталығына» берілді.
«Бейбітшілік сыйлығының лауреаттары өз елдерінде Азаматтық қоғамды құра білді. Олар жылдар бойы билікті сынап, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғаумен айналысты. Олар әскери қылмыстарды, адам құқықтарының бұзылуын және билікті асыра пайдалану қылмыстарын құжаттауға ерекше күш салды».
2023 жыл. Ирандық белсенді Наркес Мұхаммадиге «Иран әйелдеріне жасалып жатқан түрлі қысымға күресі үшін және адам құқықтары мен бостандығын насихаттағаны үшін» берілді.
Айта кетейік, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік үшін Нобель сыйлығына 7 рет ұсынылып, өтпей қалған еді.
Оны алғаш рет Нобель сыйлығына 2006 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясы «халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» ұсынса, соңғы рет 2017 жылы Швейцариядағы Базель бейбітшілік Кеңсесінің ғылыми-зерттеу институтының директоры Алин Варе «ядролық қаруды жоюдағы керемет еңбегі үшін» ұсынған болатын.
Mezgil.kz