«ЗАМАНДАР ӨТЕДІ, АДАМДАР ӨТЕДІ»
Бұл сөздер Астанадағы Ұлттық музейде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 2018 жылы шілдеде қойылған ескерткіш үстінде жазылған сөздерден алынды. Әрине, бұл сөзді Н.Назарбаев қай кезде, қай жерде айтқаны белгісіз, бірақ «замандар өтеді, адамдар өтеді» деген афоризм қалпында айтылған бұл сөзде мәңгілік ақиқаттың сарыны бар екені рас...
Әрине, кей жағдайда, дәл осы мағынадағы сөз адамның сол сәттегі көңіл‑күйіне, сол кездердегі жан толғанысына да байланысты болатыны бар. Уақытқа қарасақ, бұл сөздің өмірге келуі ‑ 2018 жыл, яғни, тұңғыш президентті биліктен кету‑кетпеу мәселесі қатты толғандырып жүрген сәт екені байқалады.
Оның үстіне, сол кездері тұңғыш президентті қоршаған орта да оның әр қаққан қабағын қалт жібермей аңдап отыратын әккі еді ғой, сондықтан, олар өз жолбасшысының әбден бауыр басқан биліктен ажырау алдындағы ауыр сәттерін «жеңілдету» үшін де осы ескерткішті асығыс орнатқан жоқ па екен деуге болады...
Асығыс деуіміздің себебі – ескерткіштің көркемдік және композициялық ерекшеліктерінен туындайды. Оған мұқият қараған адам, ол ескерткіштен «отыз жылдай елінің қамын ойлаған» көшбасшыны емес, ә дегеннен «билік құрушы тұлға» бейнесін ғана көретіні анық: кейіпкердің назарын жоғары салған мығым әрі алшаң отырысы, екі қолмен креслоны ұстағаны – бұл тақта отырған тұлғаға тақтың қаншалықты қымбат екенінен хабар бергендей әсер тудырады...
Сондықтан, бұл ескерткіш дәл осы қалпында қалса, орнынан мызғымаса, ол – Қазақстанның отыз жыл тәуелсіздік тарихындағы тек көлеңкелі тұстарын ғана бейнелейтін монументке айналары сөзсіз. Қоғам пікірі оны растайды. Бұл жылдары зор байлыққа ие мемлекет халқының тұрмысы мен жағдайы кері кетті: халық жұмыссыздық зардабын тартты, қоғамды стихийялы, бей берекет нарық биледі, заңдардың ролін сыбайласқан жүйе алмастырды, азаматтар өз Отанын сезінбеді, мемлекет байлығы тоз‑тозы шығып, небір алаяқтардың тонауына ұшырады, еркін ой тұншықтырылды...
Дәл осы жағдайда бұл ескерткіштің Ұлттық музейде тұруы – қоғамды жаппай шарасыздық пен құлдық сана жетегіне жетелеп, оны жалпы антипатиялық көңіл‑күйдің орнауына әкеліп, болашаққа ұмтылған қоғамға тұсау бола ма деген сұрақтарды ойға оралтады...
Бірақ, қоғам трагедиялық сынақтан өтіп, енді ғана болашақтың үміт отын жаққанда ‑ міндетті түрде «арылу процедурасынан» өтуі тиіс. Соның бірі осы!
Әбдірашит Бәкірұлы
Mezgil.kz