Ресей мұнайын тиеген танкерлер бірнеше апта бойы Үндістан порттарына кіру рұқсатын ала алмай қаңтарылып тұр. Олар мұнайды цистерналарға құю және қаржыны алу процесіне қатысты рұқсаттың іске аспағанын айтуда. Ақпаратты Reuters агенттігі растады.
Ресейлік мұнайды тиеген 14 танкер дәл қазір Оңтүстік Кореяның жағалауында тұр. Танкерлерде 10 млн баррель мұнай бар. Мұнай «Сахалин-1» жобасының аясында өндірілген. Мұнайды экспорттаушы «Роснефть» компаниясы мен импортер Indian Oil Co арасында қаржы мәселесіне қатысты 2023 жылдың желтоқсанында дау туындаған еді. Indian Oil компаниясы АҚШ санкциясынан сақтану мақсатында төлемді доллармен емес, рупиймен іске асыруды сұрады. Алайда ресейлік тарап бұл ұсыныстан бас тартып отыр.
Дауды шешу үшін Үндістан бастапқыда юаньмен төлеуге келісті. Тіпті Гонконг доллары мен БАӘ дирхамы да төлем ретінде бірнеше мәрте ұсынылды. Алайда ендігі таңда бұл төлем жолдарынан Дели бас тартып отыр. Оның себебі де айқын. Қытай Үндістанның басты бәсекелесі, ал араб елдері халықаралық төлемдегі валюта айналымын қатаң бақылайды.
Қазіргі сәтте танкерлердегі мұнай «Сахалин-1» жобасы аясында 45 күнде өндірілген мұнай көлемін құрайды. Даулы мәселеге қатысты «Роснефть» пен Indian Oil Co компаниялары ресми мәлімдеме жасамады.
Ресей Украинаға басып кірген сәттен кейін, Қытай мен Үндістан Ресейдің мұнайы мен газын сатып алушы басты елге айналды. Үндістанға мұнай сату екі жылдың ішінде 14 есеге көбейіп, 162,2 миллиард долларды құраған.
Bloomberg сарапшылары Ресейдің Үндістанның шарттарына көнуден басқа амалы жоқтығын айтуда. Ай сайын Ресей долларға шаққанда 1 млрдты долларды құрайтын рупийді жинауда. Бұл Ресей экономикасы үшін тиімсіз, себебі санкцияларға байланысты валюталық конвертация қиынға соғуда.
Ресейдің қаржы министрі Михаил Задорнов 2023 жылы Үндістан банктерінде Ресейге тиесілі, мұнайдан түскен ондаған млрдтың жатқанын, Дели әлі аударым жасамағанын айтқан болатын. Ресей мұнайына Батыс тарапынан енгізілген шектік баға Мәскеуді мұнайды арзанға сатуға және заңсыз танкерлер арқылы тасуға мәжбүр етуде. Ресей мұнайын нарықтық бағадан 30 пайызға төмендетіп сатып отыр. Ендігі таңда Дели тағы да жеңілдік сұрап, бағаны түсіруді талап етіп, бопсаға көшкен. Сарапшылар «Мәскеу бопсаға көнеді, басқа амалы да жоқ, басты сатып алушысының бірінен айырылуды қаламайды» дейді.
Mezgil.kz