2024 жылдың 2 ақпанында, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 31 жыл толды. Соңғы отыз жылда біз өзара сенім, сыйластық және ортақ басымдықтарға негізделген берік серіктестік құрдық. ЕО-мен қарым-қатынас Қазақстанның теңгерімді және прагматикалық көп векторлы сыртқы саясатының маңызды басымдықтарының бірі болып табылады.
Еуроодақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады, оның үлесіне сыртқы сауданың 40%-ға жуығы және тартылған инвестициялардың 45%-ы тиесілі (2005 жылдан бастап).
2023 жылғы қаңтар-қараша аралығында тауар айналымы 37,7 млрд. долл. (+ 3,2%), экспорт - 28,1 млрд. долл. (-6,4%), импорт - 9,6 млрд. долл. (+ 32,3%) құрады.
2023 жылдың үш тоқсанның қорытындысы бойынша ЕО-дан тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) ағыны 7,8 млрд. АҚШ долл. құрады, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 9% төмен. 2022 жылы ЕО-дан Қазақстанға ТШИ ағыны 12,5 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 23%-ға жоғары, ЕО елдерінен ТШИ-дің негізгі үлесі Нидерланд, Бельгия, Франция, Германия, Италия, Кипр және Люксембургке тиесілі.
Еуропалық капиталдың қатысуымен 3000-нан астам компания, соның ішінде «Shell», «Eni», «Total», «Amazonen-Werke», «Air Liquide», «Alstom» және «Carlsberg» сияқты әлемдік алпауыттар, біздің экономикамыздың түрлі секторларында табысты жұмыс істеуде.
Біз 1995 жылы алғашқы Серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюдан бастап, 2015 жылы жасасқан және 2020 жылдың наурызында толығымен күшіне енген «екінші буын» - ҚР мен ЕО және оның мүше мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы құжатқа дейін өзара қарым-қатынасты трансформациялаудың үлкен жолынан өттік. Қазақстан – ЕО-мен ынтымақтастықтың 29 саласын қамтитын осындай ауқымды құжатқа қол қойып, ратификациялаған Орталық Азиядағы алғашқы және бүгінгі таңда жалғыз ел.
ҚР мен ЕО арасындағы әріптестік жоғары және аса жоғары деңгейдегі байланыстардың ерекше серпінімен бекітіледі. Атап айтқанда, 2022 жылғы қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельді қабылдады, сол кезде біздің мемлекет басшысының бастамасымен Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен ЕО басшысының бірінші кездесуі өткізілді. 2023 жылғы маусымда Шолпон-Атада «ОА-ЕО» жоғарғы деңгейдегі екінші кездесуі аясында ҚР Президентінің Ш.Мишельмен жаңа мазмұнды кездесуі өтті. 2023 жылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу нәтижелі сапармен Брюссельге барып, онда Еуропалық Комиссияның Вице-президенті және ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррелмен және басқа да еуропалық әріптестерімен кездесіп, тығыз байланыстар орнатылды. Сондай-ақ Люксембургке Қазақстан-ЕО ынтымақтастық кеңесінің отырыстарына және Орталық Азия-ЕО министрлік кездесуіне қатысу үшін барды.
Бұдан басқа, 2023 жылғы мамырда Алматыда «Орталық Азия - Еуропалық Одақ» екінші Экономикалық форумы сәтті өтті, оның жұмысына Еуропалық Комиссияның жоғары өкілдері қатысты.
Ағымдағы жыл да екіжақты сапарлар мен іс-шараларға толы болады. Мысалы, ү.ж. 15 қаңтарда Еуропалық Комиссияның Вице-президенті Маргаритис Схинас Астанаға ресми сапармен келді. Біз сондай-ақ Еуропалық комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйен мен бірқатар Еурокомиссарлар биыл елімізге сапармен келеді деп күтеміз.
Біздің өзара тиімді серіктестігіміз жылдан жылға нығая түседі деп сеніммен айтуға болады. Осы мақсатта біз экономикаға, сауда мен инвестицияларға баса назар аудара отырып, ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы Келісімді толық және тиімді іске асыруға назар аудардық. Біздің ынтымақтастығымыздың перспективалы бағыттары көлік және логистика, сындарлы шикізат материалдары, «жасыл» экономика мен цифрландыруға көшу, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруімен күрес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және т.б. салалардағы өзара іс-қимыл болып табылады.
Еліміздің азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы министр М.Нұртілеудің Брюссельге сапары нәтижесінде біз ЕО-мен осы мәселе бойынша ресми түрде консультацияларды іске қостық және қазіргі уақытта одан әрі талқылау үшін еуропалық сарапшылардың Қазақстанға сапарын күтудеміз. Біз бұл келіссөздерді қазақстандықтар шенген визасын жедел, арзанырақ және ұзақ мерзімге алу үшін мүмкіндігінше тезірек аяқтаймыз деп үміттенеміз. Бұл оңай процесс емес, бірақ біз осы жолда алға қарай нық қадам басып келеміз, бұл жерде тек еуропалықтардың ғана емес, қазақстандықтардың да қолдауы маңызды болады.
Көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуетіне жеке тоқталғым келеді. Осы бағыттағы диалогты дамыту векторын айқындайтын маңызды құжаттар ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі стратегиясы және Азия мен Еуропа арасындағы өзара байланыс, сондай-ақ ЕО-ның «Жаһандық қақпа» бастамасы болып табылады. Ағымдағы жылы 29-30 қаңтарда Брюссельде өңірлер арасындағы көліктік өзара байланысқа, атап айтқанда, «Орта дәлізді» дамытуға жәрдемдесуге арналған ОА-ЕО Инвестициялық форумы өтті. Форум аясында Қазақстан Еуропалық инвестициялық банкпен және Еуропалық қайта құру және даму банкімен 2,3 млрд. еуродан астам сомаға құжаттарға қол қойды. Форумға қатысу аясында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев еуропалық ұйымдарды маусым айында Астанада өтетін «New Silkway» форумына қатысуға шақырды. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ерекше көңіл бөле отырып, көлік саласындағы ЕО-мен әріптестік бойынша инвестициялық форум ұйымдастыруды жоспарлауда.
Осы тұрғыда, жақын арада Қазақстан-Еуропа серіктестігін нығайтуға қосымша серпін беретін және біздің азаматтарымыз арасындағы тығыз және жеңілдетілген байланыстар үшін мүмкіндіктер ашатын Горизонталды авиациялық келісімге қол қою бойынша жоспарлар бар.
Аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық бұрынғысынша басым бағыттардың бірі болып табылады. 2022 жылғы қарашада қол қойылған ҚР мен ЕО арасындағы орнықты шикізат, батареялар және «жасыл» сутек құнын құру тізбектері саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумды, сондай-ақ тиісті Жол картасын іске асыру бойынша тиімді өзара іс-қимылды қанағаттанушылықпен атап өтеміз.
Біздің өзара іс-қимылымызды одан әрі нығайта түсетін осы маңызды саладағы уағдаластықтарды іске асыру бойынша тараптар алдында үлкен жұмыстар тұр.
Қазақстан мен ЕО арасындағы жемісті өзара іс-қимылдың үш он жылдығы сенімді серіктестік және достық қарым-қатынастардың жарқын айғағы болды. Қазақстандық тарап алдағы уақытта да Еуроодақпен көпжоспарлы ынтымақтастық жоғары деңгейде дами беретініне сенімді.
Біздің қарым-қатынасымыз үшін айтулы күнде ЕО барлық елдері мен Қазақстанға өркендеу, ал біздің халықтарымызға бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін.
Роман Василенко
Mezgil.kz