Украина әскері артиллериялық снарядтар мен зымыран тапшылығына байланысты дрондар шабуылына басымдық беруде. Әуе қорғаныс жүйелерімен жарақтанған әскери нысандардан бөлек, қорғаныс саласы үшін аса маңызды саналатын мұнай қоймалары, мұнай өңдеу зауыттары және газ қоймаларына соққы жасауды арттырды.
3 ақпан күні Украина бірнеше дронмен Волгоградтағы «Лукойл» компаниясының мұнай өңдеу зауытына соққы жасады. Аталмыш мұнай өңдеу зауытындағы жылына 3,5 млн тонна мұнай өңдейтін бөлімі өртке оранған. Жалпы зауыт жылына 14,8 млн тонна мұнай өңдейтін әлеуетке ие. Волгоград мұнай өңдеу зауыты Оңтүстік федералды округіндегі ең ірі мұнай өңдеуші зауыттардың біріне жатады. Зауыт жақында ғана соңғы үлгідегі тежнологиялық құралдармен жабдықталып, модернизациядан өткен болатын. Алайда дрондардың шабуылынан кейін қайта жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
31 қаңтарда Украина Петербор қаласындағы «Невский мазут» зауытына дронмен шабуыл жасады. Екі камикадзе дрон зауыт алаңына түсіп, кішігірім өрт шықты. Зауыттағы өрт жылдам арада ауыздықталып, айтарлықтай зиян келмеген. Алайда «Ресейдің солтүстік астанасы саналатын Петерборға дейін дрондардың ұшып баруы Украинаның тактиканы өзгерте бастағанының белгісі» дейді сарапшылар.
25 қаңтарда Украина Туапседегі «Роснефть» компаниясының мұнай өңдеу зауытына соққы жасады. Бұл Ресейдің мұнай өнімдерін сыртқа саудалайтын маңызды кешеннің бірі саналады. Шабуыл салдарынан бір цистерна толық жанып кетті.
22 қаңтарда Украина Брянск облысындағы Жеча ауылында орналасқан «Русснефть» компаниясының мұнай қоймасына екі дронмен шабуыл жасады. Алайда шабуыл тиісті нәтиже бермей, дрондар жарылмай қалды.
21 қаңтарда Ленинград облысының «Усть-Луга» портының маңындағы «Новатэк» компаниясының химиялық терминалына шабуыл жасалды. Газ қоймаларының бірі жарылып, артынша өрт шықты. Порт маңындағы танкерлер қауіпсіздік мақсатында ашық су айлағына шығып кетсе, компания зауыт жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл порт маңынан Ресей әлем елдеріне газ, мұнай өнімдерін саудаға шығарып, экспорттайды.
19 қаңтарда Украина «Роснефть» компаниясының Брянск облысының Клинцы елді-мекеніндегі мұнай қоймасына соққы жасалды. Украина дәл осы қоймаға 2023 жылы да шабуыл жасаған болатын. Бұл жолғы өртті сөндіру қиынға соғып, Ресей өрт сөндірушілер қызыл жалынмен екі тәулік бойы күресті.
Сарапшылар Украина әскерінің қаңтардағы Ресейдің мұнай қоймаларына жасаған толассыз шабуылдарына сараптама жасап, келесідей қорытындыға келді: Украина әскері 900 шақырымға дейін ұшып баратын дрондарға қол жеткізген. Киев Ресейдің мықты қорғалған әскери нысандарына шабуылды азайтып, әлсіз қорғалған, алайда экономикалық шығыны көбірек болатын нысандарын атқылауға көшкен. Украина Ресейдің ішкі аумағына шабуылды үдету арқылы соғыс алаңындағы Ресейдің әуе қорғаныс жүйелерін Ресейдің ішіне әкетуге мәжбүрлегісі келеді. Украинаның Ресей мұнай қоймаларына шабуылы ірі олигархтарға соққы болуда және олар соғысқа қарсы көзқарасты таңдайды деген оймен соққыны арттыруда. Мұнай қоймаларын соққылау арқылы Украина Ресей әскеріне қажетті жанармайды жеткізуді азайтуға тырысуда.
Мұнай және газ қоймалары мен зауыттарына шабуыл жасау Кремльге айтарлықтай соққы дейді қаржылық сектор сарапшылары. Ресей бюджетінің негізі болып табылатын осы бір екі салаға шабуылды арттыру арқылы Ресей билігінің қаржылық түсімін азайтуға болады. Қазірдің өзінде санкция салдары бұл саладағы табысты азайта бастады. Мысалы 2023 жылдың желтоқсанында Ресей билігі аталмыш саладан түсуге тиіс қаржыны тиісті жоспардан 13 пайызға аз алған. Әскери сарапшылар Ресей аумағындағы мұнай өңдеу зауыттарына толассыз шабуылдарды арттыру тактикасы Ресейдің кей әскери нысанның әуе қорғаныс жүйесін әлсіретуге әкеп соғыды деп болжам жасауда.
Mezgil.kz