«Атлантикалық кеңесте» Ресейдің саяси режиміне қатысты бес түрлі болжам айтылған баяндама таныстырылды. Баяндамада Ресей Украинаға соғыс ашу арқылы әлемдік жүйеге нұқсан келтіргені айтылған. Сонымен бірге НАТО-ның дамуы мен Ресейдің саяси режиміне қатысты болжамдар айтылып, сарапшылардың пікірі баяндама бетіне түскен.
Зерттеуші-журналист Кейси Мишел (Casey Michel, Director, Combating Kleptocracy Program, Human Rights Foundation өкілі) арнайы баяндама барысында Ресейдің саяси жүрістеріне қатысты зерттеулер жасап, бес түрлі болжамды айтты. Баяндамадан кейін Вашингтонда бас қосқан белді саясаттанушылар Ресейдің баяндамада айтылған сценарийлер бойынша жүрісіне әлемдік қауымдастық қалай жауап беруі тиіс деген сұрақтарды талқы еткен.
Бірінші сценарий бойынша, баяндама авторы жақын аралықта Путин режимі ауыспайды дейді. Ресейдегі қазіргі режим өз жалғасын табады және сыртқы-ішкі саясатта айтарлықтай өзгеріс жасамайды.
Екінші сценарий бойынша, режимді күшпен ауыстырып, Ресей билігінде ұлтшыл диктатура орнауы мүмкін. «Сәл кеңірек қарайтын болсақ, онда Евгений Пригожин бүлігіне ұқсас сценарий қайталануы бек мүмкін. Ұлтшылдар арасында соғыстың әлі нәтиже бермегені, әлеуметтік жағдайдың нашарлауы мен ұрыс даласындағы адам және техника шығынының үздіксіз артуына қатысты наразылық күшеюде. Бұл әдетте революциялық көңіл-күйді туындатады», - дейді баяндама авторы.
Үшінші сценарий, «режимді күшпен құлату мүмкін деп санайды, алайда бұл жолы билікке ұлтшылдар емес, технократтық басқаруды ойластырған азаматтар келеді. «Олар Ресейдің агрессиялық саясатын айыптамайды, алайда Украинадағы сәтсіздікті мойындап, Батыспен келісімге келуге тырысады. Соғысқа дейінгі статус-квоға оралуды қалап, ол үшін санкцияны алып тастауды сұрайды. Мен бұл сценарийден қорқамын, себебі Батыс тағы да Ресей өзгерді деп ойлауы мүмкін. Батыс саясаткерлері тағы да ондаған жылдар бойы жіберген қателік жолына түсіп, Ресеймен әріптестікті құп көруі ықтимал», - дейді Кейси Мишел.
Төртінші сценарий, ол Ресейдің демократиялық бағытқа түсуі. Алайда автор бұл қазіргі таңда мүмкін емес деп санайды және бұл сценарийді болашаққа қалдыру керектігін айтуда. «Ресей империялық арманын ұмытып, әлемдегі жағдайға шынайы қарайтын болса, онда ол демократиялық өзгерістерге ашық болар еді» дейді зерттеуші.
Бесінші сценарий, ол Ресейдегі азамат соғысының болуы, мемлекеттік құрылымның бұзылуы. «Қазіргі сәтте дәл осы сценарий іске асуына не себеп болуы мүмкін дегенді айту қиын. Мүмкін ол Шешенстандағы Қадыровтың өлімі мен үшінші Шешен соғысының басталуы болуы ықтимал. Мүмкін ол Башқұртстан, Татарстан және Сақал еліндегі Путин режиміне қарсы дүмпулерден басталып кетуі ықтимал. Бәлки әлеуметтік жағдай осыған әкелуі ғажап емес», - дейді автор.
Кейси Мишел баяндаманы әзірлеу барысында Ресейдің және посткеңестік елдердің жүру тарихы, экономикасы, саяси режимі мен құжаттарын зерттеп, ондаған жылдар бойы тезистік зерттеулер жасағанын айтты. Сарапшылар «қазіргі сәтте бірінші сценарий іске асып, Путин сыртқы саясатта агрессиялық бағытты, ал ішкі саясатта репрессивті бағытты ұстанады» деп топшылады.
Mezgil.kz