Украина қоғамы ұзақ күткен заң жобасы АҚШ Сенатында тиісті дауыс жинай алмады. Республикандықтар заң жобасын қолдамады. Заңды талқылау өткен жылдың күзінде басталған болатын және екі партия арасындағы басты пікір таласқа негіз болды. Заңда Украинаға көмек, Израильді қолдау, Мексикамен шекаралас аймақтың қорғанысын күшейту және АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит аймағындағы серіктестерін қолдау жазылған болатын. Заң бойынша жалпы аталған міндеттерді шешуге 118 млрд доллар қаржы бөлінуі тиіс еді.
Заңға дауыс беру барысында құжат тиісті 60 дауысты жинай алмады. Негізінен құжаттың қабылдануына республикандықтар үзілді-кесілді қарсылық танытты. Олар құжатта Мексикамен шекаралас аймақты қорғауға қатысты нақты шаралар көрсетілмеген деп мәлімдеді.
Демократтар құжатты өткізу маңызды деп санайды. Байден билігі бұл заң қабылданбаса, онда Ресей Украина жерінде жеңіске жетеді деп қауіптенуде. Демократиялық партия өкілдері тағы бір заң жобасын ұсынбақ. Ол шартты түрде «Б жоспары» деп аталуда және ол бойынша АҚШ-тың Мексикамен шекаралас аймағына қатысты мәселе бөлек қарастырылады, ал Украина мен Израильді қолдауға қатысты құжатқа дауыс беру іске асады. Аталмыш заң жобасының құны 96 млрд долларды құрайды.
Алайда құжат Сенатта тиісті дауыс жинаса да, Өкілдер палатасында дауыс жинай алмауы мүмкін. Себебі Өкілдер палатасында республикандықтардың саны басым. Дональд Трамп республикандықтарды қандай да бір заңға дауыс бермеуге шақыруда.
Байден заңның Сенаттан өтпей қалуына қатысты мәлімдеме жасап, «бұл нағыз масқара» деп атады. Ол Трамп республикандықтарға жеке хабарласып, заңға дауыс бермеуге үгіттегенін, көнбегенін қорқытқанын айтты.
Еуропа елдері де бұл заң қабылданбаса,, Украинаға көмек көрсету қиындай түсетінін айтуда. Себебі ЕО-ның қару-жарақ өндірісі АҚШ-тың әлеуетінен әлдеқайда аз.
Mezgil.kz