Жапаров АҚШ-қа қарата: "Біздің ішкі ісімізге араласуды қойыңдар!"

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің хатына жауап берді. Энтони Блинкен Қырғызстанда талқыланып жатқан «шетел тарапынан қаржыландырылатын ұйымдарға» қатысты заңға алаңдаушылық танытқан болатын. Жапаровтың хатын президенттің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов жария етті.


Жапаров попросил госсекретаря США не вмешиваться во внутренние дела  Кыргызстана

 

Жапаров хатта Блинкеннің алаңдаушылық сипаттағы хаты «өзге елдің ішкі саясатына килігудің көрінісі» деп бағалады. Қырғызстан басшысы елдегі үкіметтік емес ұйымдар мен коммерциялық емес ұйымдардың көбі тек қана АҚШ немесе ЕО-дан емес, сонымен бірге өзге мемлекеттерден де қаржыландырылатынын айтқан. Қазіргі уақытта Қырғызстанда шетелден қаржыландырылатын ұйымдарды қатаң тексеру, олардың жұмыстарын бағалау және жұмыс істеуге рұқсат ету немесе етпеуге қатысты заң жобасы талқы болуда. Көптеген тәуелсіз сарапшылар бұл заң Ресейдің «иноагенты» заңына ұқсас болуы мүмкін және Батыстық көзқарастағы ұйымдар мен баспасөзге жасалған қысым, ал оның артында Ресейдің құлағы қылтиып тұруы ықтимал деп күмәнданады.

 

«Сөзсіз қырғыз мемлекетінің заңды мүдделерін қорғауда бірқатар мәселелер бар. Шетелден қаржыландырылатын баспасөз бен ұйымдарды мемлекеттік бақылау қандай деңгейде және көлемде болуы тиіс деген сұрақты талқылау бар», - дейді Жапаров.

 

Қырғызстан басшысы аталмыш заң 1938 жылы АҚШ-та қабылданған өзге ел агенттерін тіркеуге қатысты FARA заңына ұқсас екенін айтты. «Біздің білуімізше FARA заңында шетел агентінің статусы тек қана БАҚ өкілдеріне емес, сонымен бірге өзге де жеке және заңды тұлғаларға қатысты әрекет етеді. Тіркелуді кештету немесе тіркелуден бас тарту аталмыш заңды бұзған болып есептеліп, оған не әкімшілік, не қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осы сәтте заңды сұрақ туындайды: сіздерге осындай заң қабылдауға болады да, ал бізге неге болмайды?», - дейді Жапаров.   

 

Жапаров елдегі БАҚ пен ҮЕҰ-дардың жұмысын қолдайтынын айтты. Ол барлығы заң аясында болуы тиіс дейді. Сонымен бірге Қырғызстан билігі ҮЕҰ-дардың жарғысын өзгертіп, олардың ұстанымдарын бұрмалауға ниетті еместігін де жеткізді.

 

«Құрметті Блинкен мырза! Осы жағдайды пайдалана отырып сізді елімізге келіп, адам құқығы мен бостандығы қаншалықты жоғары дәрежеде сақталатынына куә болуға шақырамын. Ол Қырғызстанның Конституциясы мен заңдары арқылы іске асуда. Біз тең құқықты әріптестік принципін қолдаймыз және барлық елдермен, халықаралық серіктестермен, соның ішінде АҚШ-пен де тығыз жұмыс істеуге дайынбыз. Менің бір ғана өтінішім бар, біздің ішкі ісімізге араласпауды сұраймыз», - дейді ол.  

 

Блинкен хатты 2024 жылдың 17-қаңтарында жазғаны белгілі болды. Ал БАҚ беттерінде хаттың келіп түскені жайлы ақпарат 7-ақпанда жазыла бастады. Хатта Блинкен Қырғызстанда қазіргі сәтте талқыланып жатқан шетелден қаржыландырылатын ҮЕҰ-дар мен БАҚ өкілдеріне қатысты заңға алаңдаушылық білдіріп, бұл заң сөз бостандығы мен демократияны шектеуге әкелуі мүмкін деген болатын. Хатта АҚШ тарапынан Қырғызстанда тиімді жұмыс істеп жатқан ҮЕҰ-дардың кейбірі кетуі мүмкін екені де айтылды.  

 

Бұған дейін аталмыш заңға БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдардың адам құқығы мен баспасөз еркіндігіне қатысты ұйымдары, ЕО, Human Rights Watch алаңдаушылық білдірді. БҰҰ-ның Адам құқығын қорғауға қатысты өкілдігі де заңды қабылдауды кейінге қалдыруды сұрады. Алайда заң жобасы 2023 жылдың қазанында Жоғарғы Кенеште бірінші оқылымда қабылданып, талқылауға жіберілді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар