Соғыстың алғашқы күні Ресей әскері Мариуполь қаласына әуеден соққы жасап, зымырандармен атқылап шабуылды бастады. Мариупольге соғыс 2022 жылдың 24-ақпанында келді. Қала үшін шайқас мамырға дейін жалғасып, әйгілі «Азов» полкінің даңқын асқақтатты. Бүгінде Ресей агрессиясынан қалада қанша адам қаза тапқаны белгісіз. Ресейлік тарап қалада қаза тапқандардың барлығын «Украина әскерінің қылмысы» деп сипаттайды. Алайда бұл ақпаратқа ресейлік аудиториядан басқа сенетіндер аз.
Халықаралық адам құқығын қорғайтын ұйымдар Мариупольде қаза тапқандардың саны бірнеше мыңнан ондаған мыңға жетуі мүмкін деп топшылайды. Human Rights Watch (HRW) ұйымы мен SITU Research және Truth Hounds ұйымдары түрлі деректерді сараптай келе ұрыс қимылдарынан қалада кемі 8000 бейбіт тұрғын қаза тапқан деген тұжырымға келді.
2022 жылдың ақпаны мен 2023 жылдың қаңтары аралығында Мариуполь мен қала маңындағы Мангуш ауылында кемі 10200 жаңа зират пайда болған. Бұл спутниктік түсірілімдерден анық көрінеді дейді зерттеушілер. Ұрыс қимылдарына байланысты мәйіттерді жерлеу бірнеше айға шегеріліп барып іске асқан. Зерттеушілер зиратта жерленгендердің қаншасы жауынгер, қаншасы бейбіт тұрғын екенін анықтау мүмкін еместігін айтуда. Ресей тарапы қаланы басып алуға қанша әскердің қатысқанын және қаншасы қаза тапқанын жариялаған емес.
Қалада қаза тапқандар саны әлдеқайда көп дейді HRW өкілдері. Себебі ұрыс қимылдарына байланысты көптеген жерлеу рәсімдері қаланың өз ішінде жүргізілген, ал кей жағдайда мәйітті өртеп жіберуге тура келген. Қалада мыңдаған ғимарат бомбалаудың салдарынан үйіндіге айналды, ал олардың астында әлі адам мәйіттері жатуы мүмкін дейді олар. Мариуполь қаласына Ресей тарапынан заңсыз мэр болып тағайындалған Олег Моргун қалада әлі күнге дейін мәйіттер табылып жатқанын айтады.
Қаладағы қиян-кескі шайқастар барысында қаланың орталық бөлігі толық қирандыға айналды. 19 аурухана толық үйіндіге айналған. Ал 89 оқу орнының 86-сы қиранды күйіне түскен. «Ұрыс қимылдарына байланысты тұрғындар жақындарын жерлеуге мүмкіндік таппай, көп жағдайда кілемге ораған» дейді зерттеушілер.
Соғысқа дейін Мариуполь қаласында 540 мың тұрғын болған. Ұрыс қимылдарына байланысты олардың басым бөлігі қаладан шыға алмады. Ондаған мың тұрғын қол-аяқсыз, көз жанарынсыз қалып, мүгедектер қатарына қосылды.
HRW ұйымы Ресейдің Мариупольді басып алуы нағыз әскери қылмыстармен сипатталатынын жазды. Бейбіт тұрғындардың мыңдап қаза табуы, тұтқындарды заңсыз негізде ату жаппай көрініс тапқан. SITU Research өз баяндамасында Мариупольді «мәйіт қала» деп атайды.
Mezgil.kz