Қазіргі заманғы Ресейде екі түрлі фашистік-реваншистік ұстаным орнықты. Біріншісі – Путиндік мемлекеттік фашизм болса, екіншісі – Навальныйлік либералды фашизм. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегенді бабаларымыз дұрыс айтқандығын Навальныйдың улануынан, одан кейін түрмеге тоғытылуынан, ақыр аяғы белгісіз жағдайда көз жұмуынан байқадық.
16 ақпанда Ресейлік ФСИН орыс оппозициясының лидері Алексей Навальныйдың қайтыс болғаны туралы хабарлады. Ол Ресейдің Ямало-Ненец автономиялық округіндегі түрмеде қамаулы еді. Қайтыс болған орны да сол жер.
НАВАЛЬНЫЙДЫҢ ҚАЗАСЫ: АЛҒАШҚЫ РЕАКЦИЯЛАР
Оның қазасына қатысты алғашқы реакциялыр әрқилы болды. Навальныйдың қорғаушылары мен отбасы мүшелері де ақпаратты жүз пайыз нақтылаған жоқ. Ал Навальный қазасына қатысты құзырлы органдар: «Навальный серуеннен кейін өзін нашар сезініп, бірден есінен танып қалды. Мекеменің медицина қызметкерлері дереу келді. Жедел медициналық жәрдем экипажы шақырылды. Барлық қажетті реанимациялық іс-шаралар жүргізілді, олар оң нәтиже бермеді. Өлім себептері анықталуда», - деп ресми хабарлады.
КРЕМЛЬ НАВАЛЬНЫЙДЫҢ ӨЛІМІ ТУРАЛЫ...
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Қолданыстағы ережелерге сәйкес, ФСИН барлық тексерістермен айналысады, бұл жерде ерекше тапсырмалар талап етілмейді», - деген. Ол сондай-ақ, Навальный қазасы туралы президент Птуинге ескертілгенін мәлімдеді.
«Кремль Батыстың Алексей Навальныйдың өліміне қатысты мәлімдемелерін: «ашулы және мүлдем жол берілмейтін», - деп есептейді, себебі әзірге өлімнің себептері туралы ешқандай ақпарат жоқ», - деп мәлімдеді Дмитрий Песков.
«Кремль Навальный қазасына жауап бере ме» деген сауалға Песков: «ФСИН жауап береді. Біз барлығын айттық, Президентке баяндалды, әрі қарай ФЗҚ барлық істі атқарып жатыр», - деп қортындылады Кремль өкілі.
Ал осы хабарлардан соң, жария түрде бірнеше жерде көпшілікпен кездескен президент Путин Навальный қазасы туралы «ләм-мим» деп жақ ашпады.
БАЙДЕН: БҰЛ ӨЛІМГЕ ПУТИН ЖАУАПТЫ!
АҚШ президенті Жо Байден Алексей Навальныйдың Ресей колониясында қайтыс болуына наразы екенін, ол туралы хабарға таң қалмағанын айтты. Байденнің айтуынша, бұл өлімге Ресей президенті Владимир Путин жауапты.
«Түрмеде де ол шындықты қорғайтын мықты дауыс еді», - деген Байден, Навальный 2021 жылы Ресейге қайтып келгенін, бірақ шетелде қалуы мүмкін екенін атап өтті. «Путин Навальныйдың өліміне жауапты», - деген Байден саясаткердің бұрын улану әрекетін кешіргенін еске салып өтті.
АҚШ президентінің айтуынша, Владимир Путин адамдарды тек Ресей шекарасынан тыс жерде ғана емес, Украинада да өлтіріп жатыр. «Навальный Ресей халқына сеніп, Путиннің ұстанымдарына қарама-қарсы құндылықтарды қорғады. Ол өзінің идеясы күреске тұратынын, өлуге тұратынын түсінді», - деді Байден. Оның айтуынша, Алексей Навальный соғысқа қарсы болған.
Навальныйдың қазасы туралы қатаң пікір білдірген жалғаз АҚШ президенті Жо Байден емес. Ұлыбритания премьері, Франция президенті, Неміс канцлері, Еуопалық одақ басшылары, Украина және Балтық елдері басшылары т.б. Халықаралық қауымдастық Навальный қазасын қатаң айыптап, бұл өлімнің жауапкершілігі Кремль саяси басшылығының мойнында екенін атап өтті.
Ал өз сөзінде Байден Өкілдер палатасын Украинаға көмек көрсетуді мақұлдауға шақырды және өзінің қарсыласы Дональд Трампты НАТО туралы айтқан сөздері үшін сынға алды, АҚШ өз одақтастарын қорғайтынын растады.
Байден сондай-ақ, Навальный отбасына және оның әріптестеріне көңіл айтты. Байден: «Навальныйдың өлімі – Путин мен оның көмекшілерінің жасағандарының салдары екені күмәнсіз», - деді.
НАВАЛЬНЫЙДЫҢ САЯСИ ЖОЛЫ: НЕМЦОВ ҚАЗАСЫ ҺӘМ УЛАУ ОПЕРАЦИЯСЫ
Алексей Навальный саясатқа 2000 жылдары кіріп, біртіндеп Ресейдің ең танымал оппозициялық көшбасшысына айналды. жас, ашық, көңілді.
2011 жылы 4 қарашада Алексей Навальный ресейлік ұлтшылдардың «Орыс маршы» акциясына қатысады. «Орыс шерулеріне» қатысқаны үшін Навальный бірнеше рет айыпталды.
2011 жылы 21 желтоқсанда Алексей Навальный «Единая Россия» жеңіске жеткен парламенттік сайлаудың қорытындысына наразылық білдірді. Бұл сайлау, сондай-ақ келесі жылдың көктемінде өткен президенттік сайлау қорытындысы бойынша Владимир Путин қайта тағайындалды. Бұл Ресейде 2013 жылға дейін жалғасқан жаппай наразылықтардың бастамасы болды.
2012 жылы Навальный Ресейдегі наразылық қозғалысының көшбасшысы болып, ең маңызды саяси қайраткерлердің біріне айналды.
Бір жылдан кейін, 2013 жылы Алексей Навальный Мәскеу мэрі болу үшін сайлауға түсіп, 27% -дан астам дауыс жинап, екінші орынды иеленді.
2014 жылдың 30 желтоқсаны. Алексей Навальныйге «Ив Роше» ісі бойынша үкім шығарылды. Бұл саясаткерге қарсы екінші қылмыстық іс болды, ол бойынша ол «алаяқтық жасады» деген айып бойынша 3,5 жылға шартты түрде кесілді. Навальный ағасы Олег осы іс бойынша нақты мерзімге кесілді. Екеуі де өз кінәсін мойындамады және қудалауды «саяси негізделген» деп атады.
Алексей Навальный 2015 жылдың 1 наурызында наразылық акциясына келуге талпынып, полиция тарапынан ұсталғаннан кейін. 2011-2018 жылдары Навальный 10 рет әкімшілік қамауға алынған.
«Украинадағы соғысты кім бастағаны белгілі. Мұны Путин және оның айналасындағылар жасады. Ол мұны өз билігінің монополиясын сақтап қалу үшін жасады», - деп мәлімдеген еді Алексей Навальный.
Оппозициялық саясаткер Борис Немцов сияқты Алексей Навальный ақпан айында қайтыс болды. Немцов 2015 жылы Кремльдің жанында атып өлтірілді. Егер 2020 жылы «Новичоктың» улануы және түрмедегі азаптау жағдайлары болмаса, Навальный тірі қалар еді.
2017 жылы Алексей Навальный кезекті президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынды. Бүкіл Ресей бойынша оның жақтастарының штабы құрылды - осылайша федералдық ауқымдағы толыққанды саяси күш ретінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының» негізі қаланды. ОСК «Кировлес» ісі бойынша сотталғандығын айтып, Навальныйды тіркеуден бас тартты.
Сол жылы Алексей Навальный мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоры» премьер-министр Дмитрий Медведевтің «құпия империясы» туралы «Ол сізге Димон емес» атты тергеу фильмін шығарды. Онда үкімет төрағасы мен оның сенімді адамдары олигархтардан миллиардтаған рубль алатын қайырымдылық қорларының жемқорлық желісін құрғанын дәлелдеген. Фильмнің шығуы бүкіл Ресей бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мыңдаған наразылық акцияларына әкелді.
2018 жылғы наурызда Владимир Путин ресми деректер бойынша 76%-дан астам дауыс жинап, кезекті рет президент болып сайланды. Навальный мен оның жақтастары сайлау қорытындысын мойындаған жоқ, олар ұйымдастырған наразылық акциялары дауыс беруге дейін де, одан кейін де өтті. Навальный бірнеше рет ұсталып, қамауға алынған.
2020 жылы Навальный қастандық әрекеттен аман қалды. Өңірлерді аралау кезінде ол уланған. Ол Германияға эвакуацияланды. Онда оны «Новичокпен» улағандығы расталды. Ол затты ресейлік арнаулы қызметтер жағымсыз заттарды жою үшін пайдаланды.
Бірнеше айдан кейін Навальный Ресейге баратынын жариялады. 2021 жылдың 17 қаңтарында ол Мәскеуге ұшып келіп, әуежайда бірден ұсталды. Сол сәттен бастап ол Ресей түрмесінде болды.
Содан бері Алексей Навальный өзін ұстаған колониялардағы соттарда бейнетрансляция арқылы ғана жұртшылық алдына шықты.
РЕСЕЙ МЕН ШЕТ ЕЛДЕРДЕ НАВАЛЬНЫЙДЫ ЕСКЕ АЛУ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Осыдан соң, әлемнің ондаған елінде Навальный қазасына қайғырған жұрт, бейбіт акциялар ұйымдастырды. Мұндай аклиялардың легі Алматы мен Астана қалаларында да өтті.
Навальный қазасы жарияланғаннан кейін Ресейдің көптеген қалаларында жергілікті тұрғындар саяси тұтқындарға арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын әкеле бастады. Ульяновск, Новосибирск және Вяткада стихиялық мемориалдар пайда болды. лымы. Еске алу шаралары өткен қалалар тізімінде: Мәскеу, Петербор,Томск, Қазан, Ижевск, Псков, Төменгі Новгород, Пермь, Тверь, Киров және Белгород қалалары бар. Жалғыз кісілік пикеттер Новосібір, Мурманскіде өтті.
Навальныйды еске алу шаралары әлемнің 20-ға жуық қаласында өткен. Бұл тізімнің басында: Ереван мен Тблиси тұр.
НАВАЛЬНЫЙ, НЕМЦОВ ЖӘНЕ ПРИГОЖИН...
Ресей мен әлемнің ақпараттың кеңістігін Навальный қазасы туралы ақпараттар шарлап жатқанда, Ресей президенті Челябіде кездесу өткізіп, эфирге шықты. Алайда ол Навальный қазасы туралы «ләм-мим» деген жоқ. Ал сарапшылар, бұл кездесуде Путиннің көңіл-күйі ерекше жақсы болғанын айтады. Себебі, Кремль басшысы өзінің басты оппонентінің көзі жойылғаны туралы хабарға қанық еді.
Сарапшылар, Борис Немцов, Евгений Пригожин мен Алексей Навальный қазаларын бір-бірімен сабақтастырады. Олардың үшеуі де Путин үшін қарсылас тұлғалар болған және үшеуінің де көзі жойылған.
«Сіз Навальныйдың тағдырын қайталағыңыз келе ме?». Сарапшылар енді Батыстағы саяси пікірталастарда осы мәселе де көтерілетін болады дейді. Десе де, бұл оқиға Ресей билігінің беделіне елеулі соққы болды. Бірақ бұл Кремль үшін бұл тіпті де сындарлы емес. Себебі, Кремль басшылығы қазір «жақсы көрмесе-көрмесін, қорықса болды» деген қағидатпен өмір сүруде.
Алексей Навальныйдың қайтыс болуы Ресейде жаппай наразылыққа алып келмейді, бірақ халықаралық қауымдастықтың реакциясы өте қатаң болуы мүмкін.
Mezgil.kz