Ресей әскеріндегі дезертирлер саны еселеп артты. Бір жыл ішінде Украина майданында ұрыс даласынан қашқан ресейлік жауынгерлер саны 10 есеге артқан. Бұл туралы соғыстан қашушыларға көмектесетін «Идите лесом» жобасының өкілдері мәлімдеді.
2023 жылы қаңтар айында ұйымның көмегіне жүгініп, 28 дезертир хабарласса, 2024 жылдың қаңтарында олардың саны 284 адамға жеткен. «Идите лесом» жобасына хабарласатын дезертирлердің басым бөлігі келісімшартпен соғысқа келгендер, олардың саны 50 пайызды құрайды. Артынша мобилизацияланғандар тұр, олардың саны 30 пайызды құрайды. 2022 жылдың 24-ақпанына дейін келісім бойынша Ресей әскеріне қосылғандар саны 10 пайызды құраса, қалған 10 пайызы басқа категориядағы жауынгерлер саналады.
Құқық қорғаушылар келісім бойынша соғысып жатқандардың барлығын «өз еркімен соғысқа аттанушы» ретінде қарастыру қате дейді. Көп жағдайда Ресей билігі «мәжбүрлі келісім» әдісін қолданады деген ойда.
Дезертирлерді құтқару процесіне олардың туыстары да қатысады. Көп жағдайда дезертирлер Ресейге қайта оралмайды, өйткені оларды не сот, не қайта фронтқа аттандыру күтіп тұр.
2023 жылы ұйым мыңға жуық дезертир болғысы келетін сарбаздарға туыстары арқылы кеңес берген. Ал 2023 жылдың қазанынан бастап олардың саны күрт артқан. Бұл Авдеевка маңындағы соғыс қимылдарына да тікелей байланысты. «Медиазонаның» жазуынша 2022-2023 жылдар аралығында Ресей әскери соттары «ұрыс даласын өз еркімен тастап кету» фактісі бойынша 4121 істі қарап, көбін шартты жазаға кескен. Ондаған сарбаз 7-15 жылға сотталған.
«Әскери соттар көп жағдайда шартты жаза береді. Себебі сол арқылы сарбазды қайта майдан даласына аттандыру мүмкіндігі бар. Ал кей сәтте өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен ұзақ жылға соттайды», - дейді қорғаушы Максим Гребенюк.
Сарбаздар көп жағдайда шетелге кетуге тырысады. Алайда бұл оңай емес. Себебі Ресей билігі әскери борышын өтеуге шақыртылғандар шетелге шығуға мүмкіндік беретін паспортын уақытша тапсыру туралы заң қабылдаған еді. Сәйкесінше ресейлік дезертирлер жасанды құжат арқылы шекара асуға тырысады.
Mezgil.kz