Путин Приднестровьені қосып алмақ па?

Приднестровье аймағы маңындағы шиеленіс күн өткен сайын арта түсуде. Ақпараттық кеңістікте «Приднестровье сепаратистері 28-ақпанда Ресейге үндеу тастап, Мәскеуге қосылатынын жария етпек» деген мәлімет тарауда. 28-ақпанда Приднестровьенің парламенті бірлескен жиын өткізбек, алайда талқы болар тақырып әлі де нақты емес және әлеуметтік желі мен бірқатар сепаратистік сайтта тараған «Приднестровьенің Ресейге қосылу» тақырыбы бар болғаны дезинформация болуы мүмкін.


В Приднестровье с 1 марта начнутся трехмесячные военные сборы

 

29-ақпанда Путин Федеральды кеңеске өзінің жолдауын арнайды. Бұған дейін Песков Путиннің бұл жолдауы ерекше болатынын және Путиннің алдағы 6 жылда атқаратын жұмысының міндеттерін айқындайтынын жеткізді. Приднестровье сепаратистерінің оппозициялық белсендісі саналатын Геннадий Чорба «Путин жиын барысында Приднестровьені Ресей құрамына қосу туралы үндеуді мақұлдайды» деген пікір білдірді. Бұған дейін Геннадий Чорба Приднестровье билігін қатаң сынға алып, үстінен іс ашылып, қуғындалған болатын.

 

Приднестровье мәселесі Украина соғысынан кейін ушыға түсті. Тоқсаныншы жылдары Ресейдің қолдауымен Молдова билігіне қарсы соғысқан сепаратистер аймақта квазимемлекеттік мойындалмаған құрылымды жасақтай білді және оны Мәскеу ашық қолдап келеді. Приднестровье Украина мен Молдова шекараларының арасында орналасқан. Украина-Ресей соғысына дейін аталмыш бүлікшіл аймақ азық-түлікті Украина аумағы арқылы алып келді. Ал аймақта өндірілетін бірқатар азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп тауарлары Молдова, Румынияға тасымалданып, кейде Еуропа асып жататын. Алайда Киев пен Мәскеудің соғысы жағдайды мүлде өзгертті. Украина Приднестровьеге тауар тасуды азайтты және аймақтың тауарын алуды тоқтатты. Приднестровьенің негізгі қолдаушысы болып табылатын Ресейдің ұшақтары мен кемелері бүлікшіл аймаққа баруын еселеп азайтты, себебі Украина Ресейдің әуе және теңіз техникаларын қорғаныс мақсатында атқылаумен келеді.

 

Молдова билігі де аймаққа қысымды арттырды. Сепаратистік аймақтан келетін тауар түрлеріне баж салығы мен кедендік рәсімдеу құнын өсірді. Ал Кишинев ЕО-ға қосылуды қолдамайтын аймақтарға дотация беруді тоқтатты. Молдова билігінде ресейшіл күштерге қарсы операциялар саны артып, ресейлік БАҚ-ты жабу мен ресейшіл бағытты қолдаушы арандатушыларды ұстау жиіледі. Бұл Приднестровьенің тынысын тарылта түсуде.

 

2023 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Қарабақты бір күнде әскери операциямен толық қайтарып алуы Молдова билігіндегі бірқатар жанның Приднестровьеге қатысты көзқарасын өзгертті. Ендігі таңда олар Приднестровьені бейбіт келісіммен емес, жылдам әскери операциямен қайтару керек деп санайды және Ресейдің Украинадағы соғысқа байланысты сепаратистерге көмек қолын созуы қиындайды деген ойда.

 

Ел президенті Майя Санду НАТО елдерімен әскери саладағы әріптестікті арттыруда. Молдова ЕО-ға кандидат ретінде статус алды. Молдова президенті Санду мәселені бейбіт жолмен реттеуді жақтаушылар қатарынан, алайда ол «Кремльдің арандату әрекеті тоқтамай тұр» деп мәлімдеді.

 

Заңсыз Приднестровьенің заңсыз «президенті» Вадим Красносельский 24-ақпан күні Молдова тарапынан қысым артқанын айтып, аймаққа Молдова және Украина арнайы күштерінің диверсиялық топтары қарулы шабуыл жасауы мүмкін деді. Ол «бұл туралы ЕҚЫҰ-ға айтылды, алайда тиісті реакция байқаған жоқпыз» деп мәлімдеді.

 

Қазіргі сәтте Приднестровьеде ресейлік 2500 «бітімгерлік» күштері тұр. Молдова оларды шығару туралы талап қойса да, Ресей ол талапты орындамайтынын айтумен келеді. Бүгінде бүлікшіл аймақта 250 мыңға жуық халық бар және олар аймақтың мойындалмаған паспортымен бірге ресейлік паспортты да алған. 

 

Сарапшылар 2022 жылы «Ресей Украинаны жылдам жаулап алса, Приднестровьегі Одесса және Николаев арқылы құрлық жолын ашып, Молдованы да өз құрамына қосуға тырысар еді» деген болжамын айтқан болатын. Алайда Ресейдің әскери жоспары іске аспады, ал Қара теңіздегі Ресей флоты бірнеше кемесінен айырылып, кері шегінуге мәжбүр болды. Сарапшылар Ресей Приднестровьені құрамына қосуды ойласа, тек қана десанттық күштер арқылы әрекет етуге тырысатынын айтуда. Алайда ондай жағдайда Молдова мен Украина күштері бүлікшіл аймаққа қарсы өз операциясын бастауы ықтимал.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар