Алыстағы Катар ғой, өрістегі отар қой

Қазақстанда қой шаруашылығын дамыту маңызды саналады. Қазақ халқы ежелден қойға ерекше мән беріп, оны байлық пен тұрақтылық негізі санаған. Отар-отар қойы бар болған қазақтың бүгінде қой шаруашылығын дамытуда шешуге тиіс міндеттері жетерлік. Соның бірі сырттағы инвесторлармен келісу болса, екіншісі қой басын еселеп өсіруге қатысты болып отыр.


Баранина может занять четвертое место в структуре потребления мяса в РФ,  конкурируя с индейкой – Отраслевой портал Аграрная наука, журнал сельское  хозяйство России

 

Қазақстан тәуелсіздігін қалпына келтірген сәтте қой саны елімізде 35 миллион болды. 2023 жылғы соңғы санақта Қазақстандағы қойдың саны 21 миллион екені анықталды. Яғни Қазақстанда 1991 жылдан кейін қой басының азаюы байқалады. Бұрынғы нәтижеге қол жеткізу үшін Қазақстанға әлі кемі 14 миллион бас қой қажет.

 

Осы ретте Қазақстан қой шаруашылығын дамытуға аса үлкен мән беруде. Бұл ауыл шаруашылығындағы халықты жұмыспен қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігі және басқа да міндеттерді бір мезетте шешуге мүмкіндік берер еді. Әлемдік тәжірибеге назар аударатын болсақ қой шаруашылығы көптеген елдің экономикалық дамуына септігін тигізіп, негізгі даму тетігінің біріне айналуда. Бүгінде қой етіп тұтынушы елдердің алдынғы қатарында Қытай, Аустралия, Жаңа Зеландия, Түркия және Алжир тұрғанын көруге болады. Аталмыш елдер тек қана қой етін тұтынып қоймай, сонымен бірге қой етін экспорттау бойынша да алдыңғы қатардағы мемлекеттер саналады. Әлемде қой етіп экспорттау бойынша көшбасшы мұхиттың арғы шетінде жатқан Аустралия саналады, ол әлем нарығына жыл сайын 504 мың тонна қой етін экспорттайды. Ал қой етіп ең көп сатып алушы ел ол Қытай, жыл сайын 357 мың тонна қой етіп импорттайды.

 

Ал Қазақстан ше? Қазақстан әлемдегі қой етін өндіруші елдер рейтингінде 16-орынға жайғасқан. Яғни жыл сайын 155 мың тонна қой етін шығарады. Елімізде қойды сыртқы және ішкі нарыққа көбірек экспорттау үшін қой басын арттыру саясаты қолға алынды. 2018 жылы қой шаруашылығын дамытуға қатысты арнайы бағдарлама қабылданып, қазіргі сәтте оның нәтижесін байқауға болады. Қазақстаннан қазіргі сәтте қой етін негізінен Өзбекстан жылына 8 мың тонна, БАӘ жылына 2 мың тонна, Кувейт жылына 216 тонна сатып алады. Көріп тұрғанымыздай бұл үлкен көрсеткіш емес. Негізінен қой етін экспорттау бойынша Түркістан, Жамбыл және Алматы облысы көш бастап тұр.

 

Қазақстан үшін қой етін сыртқа экспорттаудың маңызы жоғары. Еліміздің шығысында орналасқан Қытай мемлекеті әлемдегі қой етін ең көп тұтынушы ел саналады және кез келген көлемдегі қой етін Қазақстаннан сатып алуға әзір. Алайда Қазақстан Бейжің сұраған көлемді әзірге қамтамасыз етуге қабілетті емес. Тағы бір тиімді бағыт Қазақстан үшін Парсы шығанағы елдері, Судан мен Иран, Әзербайжан, Түркия, Оман, Сауд Арабиясы, Катар болып табылады. Дей-тұра бұл сәтте де бірқатар мәселені реттеудің қажеттілігі туындауда. Соның бірі сыртқа экспорттау сәтінде қой етінің өзге бәсекелестермен баға тұрғысынан жеңіліс табуы. Әдетте Қазақстанның еті өзге бәсекелестермен салыстырғанда қымбатқа түсіп, өтім қабілеті төмендейді. Сол үшін мемлекет қой етінің бағасы сыртқы нарыққа тиімді болуы үшін отандық шаруаларды субсидиялармен қолдауды арттыруда.

 

Қазіргі сәтте қойдың санын арттыру үшін негізінен шаруаларға қажетті жемді субсидиялау, жайылым жерлердің көлемін ұлғайту, асылдандыру жұмыстарын қолға алу, селекция жұмыстарын іске асыруға көмектесу, сыртқы нарыққа ет өнімдерін сату нарықтарын табу және олармен келісім жасауға қол ұшын созу және басқа міндеттерді шешумен сипатталады. Шаруалар үшін қой шаруашылығын дамытуда тағы бір шешілуі тиіс мәселе, ол қой жүнін өңдеу кешендерінің ашылуы болып табылады. Үкімет бұл мәселені реттеу үшін арнайы бағдарлама қабылдап, жыл сайын 5 инвестициялық жобаны іске қосуды қолға алмақ. Ет комбинатын салып, қой етін қабылдауды арттыру да қарқыны арта түспек.

 

Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытуға сеп болатын жайттың бірі сырттан келетін инвестиция мен өзге мемлекеттердің қой етін Қазақстаннан көп негізде сатып алуға келісім беруі болып табылады. Осы ретте Қазақстан билігі Катармен ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірнеше келісім жасасты.

 

2024 жылдың ақпанындағы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катарға сапары барысында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы сомасы 500 миллион долларды құрайтын бірқатар әріптестік келісімдерге қол қойылған болатын. Оның басым бөлігі мал шаруашылығына, соның ішінде қой санын арттыру мен қой етін экспорттауға қатысты болып табылады.

 

Катар инвесторлары Қазақстандағы өсімдік шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге арналған салаға инвестиция құюға ниетті. «Dinara Group» холдингі мен Qatar National Enterprises арасында ауыл шаруашылығын, құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамыту бойынша стратегиялық инвестициялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан мен Орталық Азияның аграрлық секторын дамыту үшін бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру жоспарлануда.

 

Қол қойылған келісім аясында «Dinara Group» холдингі сүт, ет және өсімдік шаруашылығы өндірісін кеңейтуді, жеке асыл тұқымды мал базасын дамытуды және қосымша сүт фермаларын салуды, сүт өңдеу және ірімшік өндіретін зауыт салуды және дайын өнімді экспорттауды жоспарлап отыр. Аталмыш өнімдер Қытайға және Таяу Шығыс елдеріне, Араб түбегіне аттанады. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Катар Мемлекетінің Муниципалитет министрі Абдулла бен Хамад бен Абдулла әл Аттияхпен кездесіп, Катарға қой еті мен астық жеткізу мәселесін де талқылады.

 

Кездесуден кейін: «2024 жылы Қазақстан Катарға қой етін экспорттауды екі есеге арттыруды көздеп отыр. Астыққа келер болсақ, ведомство басшылары Иран арқылы Катарға логистика мәселесін талқылады», - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

 

Неге Катар Қазақстаннан қой етін сатып алуға ниетті? Катар тұтынатын азық-түлікке ерекше мән береді және нарықтағы еттің халал стандартқа сай болуын қалайды. Сол себепті де Катар Қазақстан нарығына инвестиция салуға және қой етін мыңдаған тоннамен алуға ниетті.

 

Қазақ қашанда «мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір» деп келді. Орта ғасырда қазақтың капиталы болған қой, бүгінде қазақ экономикасының негізі болуға қадам басты.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар