Әлемге әйгілі Financial Times басылымы әскери мақсаттағы ресейлік құпия құжаттарды қолға түсіріп, ол бойынша мақала жариялады. Мақалада тілшілер Ресейдің тактикалық ядролық қаруды қолдануға қатысты ұстанымдары мен Ресейдің тактикалық ядролық қару әлеуетіне қатысты сөз қозғаған.
Басылым 2008-2018 жылдар аралығында жасалған 29 дана құпия әскери файлды қолға түсірген. Бұл құжаттар Ресей теңіз флотының жаттығу сценарийлері болып табылады және онда ядролық күштерді қолдануға қатысты пунктер де бар болып шықты.
Сценарий бойынша Қытай әскери күштері Ресейге (құжатта «Солтүстік Федерацияға») басып кірсе, шабуылдаушы Қытай әскеріне қарсы тактикалық ядролық қару қолданылатыны жазылған. Құжатта қарсылас тараптың Ресей аумағына аса көп техника және құрлық әскерімен шабуылы жайында айтылған және шабуылдаушыны тоқтата алмаған жағдайда тактикалық ядролық қару қолдану мүмкіндігіне жүгіну керектігі жазылған.
Сонымен бірге тактикалық ядролық қаруды қолдануға итермелейтін жайттар ретінде Ресейдің бір мезетте 20% сүңгуір қайықтары жойылса, 30% шабуылдаушы атомдық сүңгуір қайықтары жойылса немесе үш крейсер мен үш әуежай жойылса онда аса қауіпті қаруды қолдану шешімі қабылдану мүмкіндігі көрсетілген. Ресей әскері тактикалық ядролық қаруды территориядан айырылса, қарсыласты тоқтата алмаса немесе агрессияны болдырмау мақсатында қолдана алатыны да сценарийде жазылыпты.
Ұлыбританияның қорғаныс саласындағы RUSI зерттеу орталығының сарапшысы Джек Уотлингтің сөзінше Ресей әскерін ядролық қаруды қолдануға дайындау барын айтады, алайда бұл әскери шешімді емес, саяси шешімді қажет етеді деген ойда. Кремль Financial Times жазған мақалаға қатысты әлі түсініктеме берген жоқ.
Ресейдің ядролық қаруды қолдануға қатысты доктринасы түсініксіз дейді сарапшылар. «Ресей нақты қандай жағдайда ядролық қаруды қолданатынын көрсетпеген және бұл қарсыласты жаңылыстыру үшін жасалған әрекет» дейді Джек Уотлинг. Алайда сарапшылар Ресейдің ядролық қаруды қолдануы мүмкін негізгі жайттарды атады. Олар келесідей: Егер Ресей аумағын қандай да бір ел (күш) баллистикалық зымырандармен атқыласа және ақпарат нақты болса, Ресейге қарсы ядролық соққы жасалса, Ресей аумағындағы ядролық күштердің жұмысын тоқтататын нысандарға шабуыл жасалса, Ресей мемлекетінің өміршеңдігін тоқтатуға бағытталған шабуыл басталса, Ресейдің территориясын оккупациялау басталса онда Мәскеу тарапынан ядролық қаруды қолдану мүмкіндігі жоғары.
FT сарапшылары Ресейдің Қытайды жаттығу сценарийінде негізгі қарсылас деп алу себебін Мәскеудің «Бейжіңнің қарқынды дамуынан сескену көрінісі» деп атады.
Mezgil.kz