Орталық Азия мемлекеттері үшін ең басты мәселенің бірі су болып отыр. Жыл өткен сайын су тапшылығы артуда, салдарынан мемлекет аралық келісімдерді орындау қиындығы байқалады. БҰҰ мәліметі бойынша XXI ғасырдың соңында адамзаттың саны 10 млрдтан асады, сәйкесінше су тапшылығы мен азық-түлік тапшылығы да көбейе бермек. Ең қауіптісі бүгінгі таңдағы су дефициті алдағы уақытта қарулы қақтығыстардың себепкері болуы ықтимал. Оның алғашқы көріністері де бар. Қазірдің өзінде Ауғанстан мен Иран арасында Гильменд өзені үшін, Таяу Шығыста Иордан өзені үшін Израиль, Ливан және Иорданың арасында кикілжіңдер мен қақтығыстар бар. Африка құрлығында бірнеше ірі өзеннің суын бөлісу мәселесі соңғы жылдары қанқұйлы соғыстардың бастамасы бола білді.
Орталық Азия елдеріне де су тапшылығы үлкен қатер төндіруде. Оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан қалған екі елге су қатынасында тәуелді ел саналады. Тәжікстан мен Қырғызстан аумағынан бастау алатын өзендер Қазақстан мен Өзбекстанды және Түркіменстанды ауыл шаруашылығында сумен қамтамасыз етуде. Дей-тұра бұл үнемі жалғаса беретін жағдай емес. Әлемдегі ауа температурасының үздіксіз жылынуы (жаһандық жылыну процесі) салдарынан мұздықтардың еруі, халық санының артуы, экономикалық өсім суды көбірек пайдалануды қажет етеді.
Қазақстанның су саясатын түсіну үшін және су тапшылығын шешуге бағытталған жұмыстарын терең айқындау үшін, ең алдымен Қазақстанда қаншалықты бұл мәселенің өзекті екенін түсіну маңызды. Қазақстандағы өзендердің 80 пайызға жуығы трансшекаралық өзендер саналады. Сырдария, Іле, Жайық, Ертіс, Шу мен Талас және басқа ірі мыңдаған күретамырлар бастауын басқа елден, өзге өлкеден алады. Аталған өзендер еліміздің батысын, шығысын және оңтүстігін сумен қамтамасыз етуде. Алайда бұл өзендердің су деңгейі жыл өткен сайын төмендеп, еліміздің экономикасы мен ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізуде. Қазақстан су деңгейіне байланысты ауыл шаруашылығын қайта қарауға мәжбүр. Мамандар су тапшылығы артатын болса, күрделі шешімдерді қабылдауға тура келетінін айтты.
Жайық өзенінің суының азаюы Каспийдегі су деңгейінің түсуіне әкелуде. Өзен бойындағы балық шаруашылығы да соққы алуда, ал кей тұста Қызыл кітапқа енген балық түрлері жоғалып кеткен. Тұтастай Батысқа экологиялық қауіп төнуде.
Еліміздегі ең ірі өзен саналатын Ертіс өзенінің де су деңгейі түсуде. Ертіс Семей, Өскемен және Павлодар қалаларын сумен қамтамасыз етіп тұрған, бірден үш облыстың ауыл шаруашылығындағы басты артерияға айналған өзен. Өзеннің су деңгейінің түсуі облыстардағы ауыл шаруашылыын құлдыратып, халықтың ауылдан қалаға жүйесіз урбанизация негізінде көшуіне әкелер еді. Қазірдің өзінде мамандар Ертістің су деңгейі қауіпті негізде қарқынды азайып бара жатқанын жазуда. Ертістің суының азаюы Қытайдағы экономикалық саясатпен тікелей байланысты. Ертіс бастауын алатын Шығыс Түркістан аймағындағы халық санын Қытай тарапы 100 миллионға жеткізу жоспары қабылданды. Бұл 2049 жылға дейін орындалуы тиіс жоспардың бірі саналады. Қазіргі сәтте аталмыш жоспарға сай аймаққа қоныс аударушылар саны күн санап артуда. Зауыт, фабрика саны да көбейді. Суды қажет ететін нысандар салынуда. Қытай тарапындағы Ертістің бойында бірнеше су қоймалары бой көтерді. Бұл Қазақстанға ағып кіретін Ертістің су көлемін азайта түсті.
Алматы облысын сумен қамтамасыз етіп тұрған Іле өзені де Ертістің кебін киюде. Бастауы Қытайда орналасқан Іле қазіргі сәтте еліміздегі ең маңызды саналатын су қоймасының бірі Қапшағайды сумен қамтамасыз етедә жне Алматы облысының орталығы саналатын Қонаев қаласының экономикалық дамуына үлес қосуда. Балқашқа барып құятын Іле өзені Балқашты сумен қамтамасыз етуші басты өзен саналады. Қазақстан билігі Балқаш көлі маңында екі маңызды жобаны жүзеге асыруды жоспарлауда. Бірі жолбарыстарды Қазақстанға жерсіндіру ұлттық паркі болса, енді бірі АЭС салу жобасы. Алайда аталған екі жобаның да іске сәтті асуы Іле өзенінің су деңгейімен тікелей байланысты.
Еліміздің оңтүстік өңіріндегі су мәселесі тіпті ушыққан күйде. Бұл Сырдарияның су деңгейінің түсуі, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы шаруалардың жазда су тапшылығынан зардап шегуімен айқын көрінеді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан су мәселесін реттеуге қатысты бірқатар шешімдер қабылдап, бағдарламалар жасақтады. «Ауыз су», «Ақ бұлақ» бағдарламалары аясында елді-мекендерге су жеткізу, құдықтар қазу жұмыстары атқарылды. Алайда ол алға қойған мақсаттарды толық орындай алмады, ал су тапшылығы жаһандық мәселелерге қатысты жыл сайын арта түсуде. Су саясатын реттеу үшін Қазақстан жыл сайын жаңа шешімдер қабылдауына тура келеді. Бұл қалыптасқан жағдайға байланысты ұзақ жыне қысқа мерзімді жобаларды іске асыруды қажет етеді.
Су саясатын іске асыру ең алдымен зерттеулерден тұрады. Жүйелі зерттеу арқылы ғана Қазақстанның әр өңіріндегі су тапшылығын нақты анықтап, нақты шешімдер ұсынуға болады. География институты қазіргі уақытта дәл осы зерттеулерді жүргізуде. 2013 жылы Қазақстанның География институты бірнеше томнан тұратын үлкен зерттеудің нәтижесін жариялады. Оның ішінде су тапшылығы да нақты айтылып, көрсетілген. Зерттеу нәтижелері Қазақстанда, Орталық Азияда ауа температурасы жыл өткен сайын ыстық бола түсетіні айтылды. Сәйкесінше жауын-шашын деңгейі азайып, бірқатар аймақтағы құрғақшылық күшейе бермек. Бұл осыдан 10 жыл бұрын жасалған зерттеу еді. Қазір жағдай тіпті күрделі күйге түсті. 10 жыл ішінде Орталық Азия халықтарының саны да 8 млнға артты. Бұл суды тұтынушы халықтың саны көбейді дегенді білдіреді.
Қазақстан су саясатында үлкен өзгерістерді бастады. Соның бірі Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы болып табылады. Министрліктің міндеті еліміздегі су мәселесін реттеу. Жер асты сулары, өзендер, ауыз су, көлдер мен көлшіктер, су қорын реттеу, ауыл шаруашылығындағы су мәселесі және басқамен айналысады. Суды реттеуге қатысты жеке министрліктің құрылуының өзі судың елімізде қаншалықты тапшы және күрделі мәселеге айналғанының айқын көрінісі болса керек.
Суды үнемдеу қажет. Бұл министрліктің, биліктің ғана саясаты емес, өмір мен қалыптасқан заманның шынайылығы. Қазіргі сәтте ел билігі суды үнемдеуді үйретуге қатысты түрлі ұсыныстар енгізуде. Ол балабақшадағы балаларды, мектептегі оқушыларды және ЖОО-дағы студенттерді суды үнемдеп үйретуден бастап, халыққа суды үнемдеуге қатысты ақпараттық түсіндіруді арттырумен жалғасын табады.
Орталық Азия елдеріндегі дәстүрлі суару жүйелері суды үнемдеуде үлкен кедергі жасауда. Ескі суару арналары мен ауыл шаруашылығындағы арықтар жүздеген мың тонна судың құмға сіңіп кетуіне және мақсатсыз қолданылуына себепкер болуда. Аймақтағы мемлекеттердің жаңа суару жүйелерін салуға экономикалық қарым-қабілеті жете бермейді. Қазақстан ауыл шаруашылығында суару жүйелерін жақсарту үшін миллиардтаған теңге қаржы жұмсамақ. Сонымен бірге суды көп қажет етпейтін дақылдар мен көкөністердің түрлерін әкелу және оны диқандар мен бағбандарға түсіндіру жұмыстары да басталмақ. Тамшылатып суару жүйесін енгізу ұсыныстары да бар. Бүгінде бұл жүйені жекелеген шаруалар жүзеге асыруда, ал мемлекет бойынша іске қосу үлкен қаржыны талап етеді. Сол себепті ендігі таңда тек қана малға субсидия мен ауыл шаруашылық техникасына лизинг беріп қоймай, сонымен қатар суару жүйелерін жақсартуға қатысты да ұсыныстар қабылдануы ықтимал. Сондай-ақ су тапшылығын реттеу үшін жаңа су қоймаларын салу және ескі су қоймаларын жөндеуден өткізу шешімдері қабылданды. Бұл көп қаражатты қажет етеді, алайда ол экономикалық және саяси тұрақтылық үшін қажет шара.
Қазақстан су мәселесін реттеу үшін көршілес мемлекеттермен үнемі байланысты арттырып, арнайы жұмыс топтарын құрып, бірлесіп жұмыс істеуде. Қырғызстаннан келетін судың деңгейі азаймау мақсатында арнайы келісімдер жасалды. Тәжікстан, Өзбекстан, Ресеймен де бірлескен жұмыстар іске асырылуда. Әлемдегі трансшекаралық өзендерге қатысты хаттамаларға қол қоймаған Қытай билігімен де суды реттеуге қатысты келісімдер жасалуда.
Атам қазақ суды тіршілік көзіне балаған. Судың да сұрауы бар деп, қадір тұтқан. Міне, әр тамшы су үшін сұрауы болар сәтке де келіп жеттік. Ендігі таңда суды үнемдеу ол идеология, ол саясат, ол экономика, ол қауіпсіздік болып саналады!
Mezgil.kz