Жайылымдық жер тапшылығын реттеу тетіктері қабылданды

Елімізде мал шаруашылығымен айналысатын жандар үшін ең үлкен мәселенің бірі жайылымдық жер тапшылығы болып отыр. Мал басын көбейтуге бел буған шаруа қожалықтары да, жұмыс істеп жатқан шаруалар да жер тапшылығына тап болуда. Ауыл шаруашылығын дамытуда жайылымдардың шаруаларға жетуі маңызды, алайда бұл бірқатар географиялық және құжаттық қате шешімдерге байланысты шешімін табуы қиын саланың біріне айналды. Қазақстанда 2010 жылы ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасы басталды, алайда ол кейін толық нәтижеге қол жеткізе алмады. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі он жылдан кейін еліміз 2020 жылға қарай жылына 200 мың тонна сиыр етін экспорттайтын етті державаға айналамыз деп уәде берген болатын. Алайда бұл міндеттер орындалған жоқ және Қазақстан сиыр етінің кей бөлігін әлі күнге дейін сырттан әкелуге мәжбүр. Бұл жайылымдық жерлерге де байланысты болып отыр.


Дефицит пастбищ для выпаса скота в РК создан искусственно - Устинка Live

 

Қазақстандағы жайылымдардың басым бөлігі 67,3 млн гектар шөлді аймақтарда орналасқан. Сонымен қатар, бұл аймақта 12,5 миллион гектар аумақты құрайтын тозған жайылымдар да бар. Жартылай шөлейт аймақтағы жайылымдар 17,9 млн гектар және тозған 3,5 млн гектар жерді алып жатыр. Кіші шоқылардағы жайылым 34,2 млн гектар, оның ішінде 1,3 млн гектар жер деградацияға ұшырағаны белгілі болды. Мал жаюға ең қолайлы жайылымдар орманды дала және дала аймақтары болып табылады, олардың ауданы 34,2 млн гектарды құрайды, оның ішінде 4,4 млн гектар аумақ тозған жерге жатады. Қазақстандағы жалпы жайылымдық жердің 175,3 миллион гектарының бүгінгі күні 21,7 миллион гектары тозған. Ал қалған 153,6 миллион гектар аумақтың 34,2 миллион гектары ғана мал жаюға жарамды деп санауға болады. Бұл далалық және орманды аймақтардағы жайылымдар болып келеді. Міне, көріп отырғанымыздай жайылым жерлердің жетіспеушілігі табиғи жағдайға байланысты да болып отыр. Елімізде жыл өткен сайын су тапшылығы байқалуда, ол онсыз да көп құмды және құмдауыт аймақтың үлесін арттырып, жайылым жерді тарылта түсуде. Бұл енді географиялық мәселе.

 

Жайылымдық жердің жетіспеушілігі латифундистердің де себебінен болып келді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жерді алып, оны пайдаланбай, мақсатсыз қойған және жерді заңсыз иемденгендерге қатысты үлкен тексерістер жүргізілуде. Млндаған заңсыз иемденген жер мемлекет меншігіне қайтарылуда. Латифундистер мыңдаған гектар жайылым жерді иемденіп, оны не өзі қолданбай, не өзгенің қолдануына мүмкіндік бермей келді. Ауыл маңындағы жайылымдық жерлерді қоршап, мал шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізді. Бүгінде аталмыш заңсыз жер иемденгендерге қарсы тергеу-тексеру күшейді, жер мемлекет пен шаруалар иелігіне қайтарылуда.

 

Заңнаманы да реттеу жүзеге асырылуда. Жайылымдық жерлерге қатысты заңнамаға жаңа өзгерістер енгізіліп жатыр. Жақында Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда қабылдау жүзеге асты.

 

Парламент Сенатының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Заңның мақсаты жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру болып табылады. Заңда бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

 

Жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен, сондай-ақ жайылымдарды суарумен күресу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту туралы шешім қабылданды.

 

Жайылымдар инфрақұрылымы объектілерін дамыту және реконструкциялау жоспарларын іске асыру кезінде жер қатынастарын реттеу саласындағы жергілікті атқарушы органдардың (ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтердің) құзыреттерін кеңейту, жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күресу, сондай-ақ жайылымдарды суару жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар енгізілді.

 

Халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған жайылымдарды ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басқа түрлеріне беруге тыйым салуды енгізу ұсынылды. Халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жайылымдарды резервтеу де осының ішіне кіреді. Жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарының құрамы мен мазмұнын нақтылау қабылданды. Бұл құжатты ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді органы бес жыл мерзімге бекітеді.

 

«Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында ауыл тұрғындарының малын жаюға арналған елді мекеннің айналасындағы жерлердің мәртебесін нығайтуға бағытталған «жалпыға ортақ жайылымдар» ұғымы енгізілді.

 

Жайылымдық жерді халыққа қайтару шешімдері іске асуда. Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 4 мамырдағы №139 бұйрығына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстары басқармасы 5,8 млн гектар аумақта 1901 жер пайдалану субъектісін тексерді. Оның 141,9 мың гектары егістік, 5,7 миллион гектары жайылымдық жер еді. Бүгінгі таңда республика бойынша өз иелігінде 635,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жері бар жер пайдаланушыларға қатысты 322 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 800,6 мың гектар аумақты қамтитын тағы 82 материал тексеруден өтіп, мемлекет аталмыш аймақтың басым бөлігін өзіне қайтарды. Жайылымдардың жетіспеушілігіне байланысты проблемалық жағдайлардың ең көп саны Түркістан, Алматы мен Жетісудың облыстарында бар. Бұл халықтың көптігімен және жердің жетіспеушілігімен байланысты. 2024 жылы жайылымдық жерлерді реттеу үшін және оны шаруаларға қолжетімді ету үшін заңнамадағы өзгерістер өз күшіне еніп, нәтиже көрсете бастайды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар