Ресейге соққы: Құзғындай қаптаған дрондар. Өртеніп жатқан мұнай базалары

Соңғы екі күн Мәскеудің мазасы қашқан күн болды. Украина қарсы шабуылды тоқтатып, қорғанысқа көшкелі-бері екпіндеп келе жатқан Ресей соңғы 2-3 күн бойы төбеге телміріп, темір құстарды торуылдайтын болды.

1710319872870988.jpg

Украина Ресейдің ірілі-ұсақты оншақты қаласына қатар-қатар, кезек-кезек өзұшар дрондармен соққы жасауда. Және ол соққылар Ресей экономикасының күретамыры болып олтырған мұнай қоймаларына жасалуда.

РФ Қорғаныс министрлігі кешегі мәлемдемесінде: «Украина бір дегенде Ресейдің 9 облысына дрондар шабуылын ұйымдастырды», - деп сөйлесе, сондай шабуылдардың легі бүгін де жалғасты болды. Ресми ақпарат бойынша дрондар шабуылынан бастан кешкен аймақтар: Ресейдің Мәскеу, Ленинград, Белгород, Курскі, Брянскі, Тула және Орлов, Воронеж, Нижегород облыстары болды.

1710318891613159.jpg

ЗЕЛЕНСКИЙ: РЕСЕЙ ШАБУЫЛЫН ТЕЖЕДІК!

Зеленский сұхбат беріп, майдандағы ахуал жайлы сөйледі. Сөйлегенде бүйдеді:

«Екпіндеп, ентелеп келе жатқан Ресейдің шабуылын тойдардық. Майдан даласындағы ахуал соңғы үш аймен салыстырғанда едәуір тәуір.

Бізде күш тең болған жоқ. Украинада снаряд тапшы болды. Жұмылдыру мәселесі де күрделі еді. Біздің дрондарымыз да Ресейдікінен аз болды. Десе де, біз Ресей авиациясына жақсылап соққы беріп, майдандағы ахуалды әжептәуір ретке келтірдік. Бұл шығыс майдандағы ахуал туралы», - деді Зеленский.

Ол сондай-ақ, Украинаның Қара теңіздегі операциясы жалғасып жатқанын айтты. «Қара теңізде біз жақсы нәтиже көрсеттік. Қалғанын егжей-тегжейлі ашып айта алмаймын», - деді Укриана Президенті.

Онан әрі Зеленский: «Реалист болуымыз керек. Дәл қазір Ресейдің шабуылын тоқтатқанымызбен, ертең немесе бір айдан соң Ресей қайта шабуылды үдететіні анық. Өйткені Ресей артиллериясы ертең-ақ толықтырылуы мүмкін», - деді.

1710318945844918.jpg

«АЗАТ РЕСЕЙДІҢ» АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯСЫ: МӘСКЕУГЕ ЖОРЫҚ

Кеше Ресейдің саяси һәм әскери басшылығын әбігерге салған тағы бір фактор – «Азат Ресей» легионы, «Сібір жасағы» мен «Орыс еріктілер корпусының» күш біріктіріп, Ресейдің Белгород және Курскі облыстарының территориясына баса-көктеп кіруі, қанқасап ұрыс салуы болды.

Бұл үш жасақ әуел-бастан Украина жағында, Ресейге қарсы соғысуда. Бірнеше мәрте Ресейдің Украинамен шекаралас Белгород облысының территориясына өтіп, шекаралас елдімекендерде ойран салған. Кеше «Азат Ресей» легионы, «Орыс еріктілер корпусы» мен «Сібір жасағы» Ресейдің Белгород және Курскі облыстарының территориясына танктермен кіргенін, шекара маңынжағы Теткино ауылын өз бақылауына алғанын мәлімдеп, бейне жазба жариялады.

Курскі губернаторы шекараны кесіп өту фактісі тіркелгенін мәлімдеді. Алайда, аталған жасақтар Ресей территорияларына бақылау орнатты деген ақпаратты терістеді. Десе де, аталған 3 жасақ кеше Курскі мен Белгородтың шекарасында кескілескен шайқас жасай білді.

1710318995141005.jpg

УКРАИНАНЫҢ ТЕМІР ҚҰСТАРЫ РЕСЕЙДІҢ МҰНАЙ ЗАУЫТТАРЫН СОҚҚЫЛАУДА

Ал бүгін? Бүгін Украина Ресейдің Белгород, Брянскі, Воронеж, Курскі, Ленинград және Рязан облыстарын темір құстардың көмегімен соққылауды жалғастыруда.

РФ Қорғаныс министрлігі: «Бүгін түнде және таңда Украина Ресейдің Белгород, Брянскі, Воронеж, Курскі, Ленинград және Рязан облыстарына дрондар соққысын жасады. Ресей Әуе қорғаныс күштері Украинаның 58 дронын әуеде қағып түсіріп, қолды қылды», - деп мәлімдеді.

Украина тарапы Ресей территорияларына нақты қанша дрон ұшырғаны туралы айтқан жоқ. Украина тарапының кешелі-бергі дрондар шабуылының басты обьектілері стратегиялық инфрақұрылымдар мен мұнай және жағармай қоймалары болып отыр. Енді солар туралы егжей-тегжейлі тоқталайық:

1710319127131840.jpg

1. Нижегород облысындағы мұнай өңдеу зауытына соққы

Ресейдің Нижегород облысында Украина дроны «Лукойлға» тиесілі мұнай өңдеу зауытына кеп, дөп тиді. Ол Нижегород облысының Кстово қаласында орналасқан. Кстово дейтін аудандық ауқымдағы шағын қала. Ондағы негізгі өндіріс ошағы – «Лукойлдың» жаңағы мұнай және мұнай өңдеу зауыты болған. Сол зауытқа Украина дроны дөп тиіп, зауыттың 53 пайыз мұнай өңдеу жұмыстарын қамтитын қондырғысы өртенген. Сөйтіп, зауыт жұмысы түгел тоқтатылған.

Ашық деректерде, былтырғы жылы дәл осы зауыт 15,8 млн тонна мұнай өңдегені, 4,9 млн тонна жағармай шығарғаны, 5,6 млн тонна дизел отынын, 2,3 млн тонна мазут пен 0,8 млн тонна авиакеросин шығарғаны айтылады. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы зауытқа жасалған соққы Ресейге жасалған соққылардың жойындарының бірі болған.

1710319183343418.jpg

2. Орловтағы мұнай базасына соққы

Ресейдің Орлов облысындағы мұнай базасына да Украина дроны дәл тиіп, алапат өрт болды. Орлов облысының губернаторы мұнай базасының нақты қай компанияға тиесілі екенін ашып айтпады. «Жағармай-энергетикалық кешеніне өзұшар дрон тиіп, өрт шықты», - деп шектелді.

Мұнай өнімдерін сақтайтын қоймалардың бірі өртенген. Өртті сөндіру үшін өрт сөндіргіш пойыз қолданылған. Мұнай базасына жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланған.

1710319415569644.jpg

3. Белгорддағы ахуал: Соққының ең ауырын Белгород облысы көріп жатыр

Украина соққыларының ең ауыры һәм ең жойқындары Ресейдің Белгород облысы мен Белгород қаласына тиіп жатыр. Кешелі-бүгінгі шабуылдар кезінде Украина дрондары Белгород әкімдігінің ғимаратына, Белгородтағы ФҚҚ (ФСБ) ғимараттарына, Теміржол вокзалы маңындағы сауда үйіне дөп тигені ресми расталды. Жараланғандар мен зардап шеккендер бар.

1710319452158007.png

4. Курскі облысы. Теткинодағы шайқастар

Ресейдің Курскі облысы да кешелі-бері қызу шайқас обьектілерінің біріне айналып отыр. «Азат Ресей» мен «Орыс еріктілері корпусы» Украина аумағынан дәл осы Курскі шекарасын кесіп өтіп, Теткино ауылын өз бақылауына алғанын мәлімдеген еді. Курскі губернаторы 3 жасақтың шекарадан өткенін растап, Теткиноны бақылауға алғанын терістеген. «Шекарадан өтуге әрекеттенді. Бірақ, шекара бұзылған жоқ. Ұрыс болды. Олар едәуір шығынға ұшырап, кері шегінді», - деген еді РФ ФҚҚ Курскідегі өкілдері.

Ал бүгін «Азат Ресей» легионы Теткинода ұрыс жалғасып жатқанын, өздерінің әлі де Теткинода екендіктерін айтып, бейнежазба жариялады.

пкуп.jpg

5. Рязандағы жойқын соққы. Тағы да мұнай базасы өртенді

Бүгін Украина дрондары Ресейдің Рязанындағы мұнай өңдеу зауытына дөп тиген. Бұл зауытқа жасалған соққы Нижегородтағы «Лукойлдың» МӨЗ-іне жасалған соққыдан жойқын болған. Кемі 4 дрон соққысы жасалған. Мұнай өңдейтін 2 қордырғы өртке оранған. Өрттің аумағы 175 шаршы метрден асқан (Нижегордтағы өрттің аумағы 100 шм болған). Дрон соққысынан жарақат алғандар бар.

Осылайша, Украина 2 күнде Ресейдің екі бірдей мұнай өңдеу зауытына дөп соққы берді. Айта кетейік, Рязандағы мұнай өңдеу зауыты Украина шекарасынан 670 шақырым алыста орналасқан. Сарапшылар: «Соққы түріктің «Bayraktar-ымен» жасалған болуы мүмкін», - дейді.

1710319592344617.jpg

6. Ленинград мұнай өңдеу зауытына соққы

Ресейдің Ленинград облысы да Украина дрондарының шабуылына тап келгенін хабарлады. Облыс губернаторы: «Украина дрондары «Кинеф» мұнай өңдеу зауытын бетке алып келе жатқанда, әуеде қағып түсірдік. МӨЗ қазір штаттық режимде жұмыс жасап тұр», - деп мәлімдеді.

Осылайша, Украина соңғы екі күнде Ресей қалаларының аспанында атой салып жатыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар