Бүгін Қазақстанда Наурызнама мерекелік декадасы басталды. Наурызнама 23 наурызға дейін жалғасады.
(Сурет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынды)
Жаңа қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, Наурызнаманың әр күні жекелеген тақырыптар мен құндылықтарға бөлінген. Жеке-жеке аталып өтілетін әр күннің мән-мағынасы қазақ халқының, Қазақстан қоғамының мәдениеті мен дәстүр-салтын, әдіт-ғұрпы мен қоғамдық құндылықтарын айшықтайды.
Бүгін, 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі».
Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша, халық бұл күні қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.
Наурыз - парсыша - Жаңа күн. Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған. Амал мерекесі немесе Көрісу дәстүрі - еліміздің көп өңірлерінде ежелден сақталған.
Амал мерекесі немесе Көрісу дәстүрі - еліміздің көп өңірлерінде ежелден сақталған. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март - ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар «ескі әдетті қалдырамыз» деп, құрбан, ораза айттарын «Ұлыс күні» дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше Жаңа жыл күнінің аты - Ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар», - деп жазады...
Амал мерекесі - жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу деген мағынаны білдіреді. Қыстың ызғары кетіп, шуақты көктем басталған Амал таңының алдында адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы ретке келтіріп қояды. «Бұл күні басымыздан Пайғамбар сипайды» деген наным-сенім де болғандықтан, бір күн бұрын кешкісін адамдар міндетті түрде бастарын жуап, тазаланады. Жаңа киімдерін әзірлейді.
Ең бастысы, Көрісу - адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі әрі жасы кішілердің үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі салты. Көрші-қолаң, дос-жаран, құрбы-құрдас бір-біріне«Қосқан жасың құтты болсын!», «Ғұмырың ұзақ болғай!» деген ақтайлақ ниетін айтады.
...Қасат қар еріп, көктемнің иісі бұрқырап, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, жан-жануар, тіршілік атаулы ұйқыларынан оянған сәтте қыс бойы ұйқыда жатқан балпақ оянып, інінің аузынан далаға қарайды. Балпақтың басын қылтитып інінен шыққанын 14 наурызда қазақтың кең даласының құмдауыт қыраттарында көруге болады. Ата-баларымыз: «Пенденің аузы - аққа, малдың аузы - көкке тиді» деп, адамның - адаммен, жылдың - жылмен көрісетін күнінің ертеңін, яки, 15 наурызды «Қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды» деп айдарлаған. Сондықтан, Көрісу күні - қазақты ынтымақ-ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын ғибратты дәстүр.
Біз бүгін Қазақ халқын, Қазақстан жұртын осы бір айшықты мерекемен құттықтап, оқырман талқысына жаңа қабылданған «Наурызнама» мерекелік декадасының күнтізбесін ұсынғанды жөн санадық.
НАУРЫЗНАМА МЕРЕКЕЛІК ДЕКАДАСЫ
Mezgil.kz