Бүгін Ресейде - президенттік сайлауда дауыс берудің бірінші күні. Ресейдегі президенттік сайлау 15-17 наурыз аралығында өтеді.
Ресейдің шығысында - Чукотка мен Камчаткада дауыс беру басқалардан бұрын басталды. Дауыс беру учаскелері Украинаның оккупацияланған аумақтарында - Ресей бақылайтын Запорожье, Херсон, Донецк және Луганск облыстарында, сондай-ақ Қырымда да ашылады.
ПУТИННІҢ ЖОҚТАН БАР ҚАРСЫЛАСТАРЫ
2000 жылдан бері Ресейді басқарып келе жатқан Владимир Путин бесінші мерзімге сайлануда. Қазіргі президенттен басқа сайлауға үш кандидат қатысуда. Олар:
* «Жаңа адамдар» партиясынан – Владислав Даванков дейтін адам. Ресейдегі танымал саяси тұлғалардың категориясына жатпайтын адам. Үгіт-насихат кезінде «Украинамен келіссөзді» қолдап, өзін «бейбітшілікті қолдаушы үміткер» ретінде көрсетті. Десе де, ол Думада Украина территорияларын аннекциялауда қос қолмен қолдаған. Сол үшін де Батыс санкциясына ілінген.
* Онан соң Ресей коммунистерінің үкілеген үміті – Николай Харитонов. Ол президенттікке алғаш рет түсіп отыр. Бұған дейін коммунистердің үміті – партия төрағасы, жасы сексенге жетіп, таяққа сүйенген кәрі сүйек коммунист – Геннадий Зюганов болып келген. Харитонов та Украинаны «денацификациялауды» қолдап, «Путинге қарсы бір ауыз сын сөз айтпайтынын» мәлімдеген.
* Үміткерлік рөлін сомдаушы үшінші адам – Леонид Слуцкий. Ол әйгілі орыс шовинисі Владимир Жириновский партиясынан қатысмып отыр. Жириновский өлген соң, партия тізгіні осы Слуцкийге берілген. Өзінің үгіт компаниясын өлген Жириновскийдің атынан жүргізіпті, Слуцкий.
САЙЛАУҒА ДЕЙІНГІ ЕЛЕК: КРЕМЛЬ НАДЕЖДИН МЕН ДУНЦОВАДАН НЕГЕ ҚОРЫҚТЫ?
Ресей тағынан үміттілер осы төртеуі (Путинді қосқанда). РФ Орталық сайлау комиссиясы парламенттік емес партиялардың үміткерлері мен өзін-өзі ұсынушылардың ешбірін тіркемей қойды. Әйтпесе, бастапқыда Президенттіктен үміттілердің саны 15 адам болған. Айтпақшы, Владимир Путин «Единая Россия» атынан емес, өзін-өзі ұсынушы ретінде тіркелген.
Сайлауға дейінгі рәсім-шарттар кезеңіндегі Ресейде қызу талқы тудырған, Кремль сценарийіне сыймаған «үміткерлер» - Ржевтік журналист Екатерина Дунцова мен саясаткер Борис Надеждин болды. Бірақ, РФ ОСК-сі оларды сайлауға жібермеді.
Тәуелсіз бақылаушылар мен Халықаралық сарапшылар Ресейдегі президенттік сайлауларды әділ емес деп бағалайды. «Билік сайлау процесіне араласады, билікті жақтайтын кандидаттарға артықшылық береді, кейбір жағдайларда алаяқтық, дауыс бұрмалаушылық ашық жасалады, тәуелсіз халықаралық бақылаушылар жоқ, сондай-ақ Ресей азаматтары үшін бақылау мүмкіндіктері де айтарлықтай шектелген», - деп қорытындылайды.
АЛДЫН-АЛА НӘТИЖЕ: ПУТИН ҮШІН 80 ПАЙЫЗ
Шын мәнінде елдегі биліктің барлық тетіктерін бақылайтын Путиннің жеңісін көптеген сарапшылар іс жүзінде алдын ала шешілген дейді.
Бұған дейін РФ Президент әкімшілігі БАҚ деректері мен бейресми сауалнамаларға сүйеніп: «Владимир Путиннің нәтижесі бұл сайлауда 80 пайыздан кем болмайды», - деп мәлімдеген.
Ал Мемлекеттік ВЦИОМ-ның жақында жүргізген сауалнамасы қазіргі президентке респонденттердің кемінде 75%-ы дауыс беруге дайын екенін көрсетті.
САЙЛАУ КҮНГІ НАРАЗЫЛЫҚ ҺӘМ ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТУ
Ресей оппозициясы Владимир Путиннің саясатымен келіспейтіндердің барлығын 17 наурызда түске жуық сайлау учаскелеріне келуге шақырды. Бұл идеяны биыл ақпан айында колонияда қайтыс болған Алексей Навальный мен Михаил Ходорковский командасы да қолдады.
Ал Ресей Прокуратурасы «азаматтардың өз сайлау құқықтарын еркін жүзеге асыруына және сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіргені» үшін қылмыстық жауапкершілікпен қорқытты.
БАТЫС ПУТИН ЖЕҢІСІН МОЙЫНДАЙ МА?
Ресейлік оппозиция өкілі болған, түрмеде қаза тапқан Алексей Навальныйдың жесірі Юлия Навальная Батыс елдерін Ресей президенті сайлауының қорытындысын мойындамауға және Владимир Путинді заңды мемлекет басшысы деп есептемеуге шақырды. Навальнаяның бұл үндеуін Еуропарламенттің бірсыпыра депутаттары қолдады.
Mezgil.kz