Куба халқы толқып тұр: Бізге жақсы өмір керек!

2019 жылдан бастап Кубадағы экономикалық дағдарыс күшейді. Ұзақ жылдар бойы санкция құрсауында жатқан Куба, әлемдегі пандемиялық шектеулерге байланысты әлеуметтік жағдайы тіпті қиындай түсті. Мемлекет халыққа салынатын салықты арттырып, қазынаны толтыруға әрекеттенсе де, тиісті нәтижеге қол жеткізе алмады.


Кубинцы хотят новую власть | Euronews

 

2020 жылдан бастап Кубада азық-түліктің қымбаттауына байланысты жаппай ереуілдер саны артты, ал 2023 жылдың соңында Куба билігі елдегі азық-түлік бағасының қымбаттауы мен энергия тапшылығының артқанын мойындады. Елдің премьер-министрі Мануэль Марреро Крус экономикалық қиындықтарға байланысты бірнеше мәлімдеме жасады. Ол халықты сабырлы болуға шақырып, мәселені билік шешетінін айтты.

 

Сарапшылар Куба мемлекеті санкцияларға байланысты ондаған жылдардың ішінде 1.3 трлн доллар қаржы жоғалтқанын айтты. 2021 жылы Гаванада мыңдаған халық көшеге шығып, әлеуметтік мәселені дереу реттеуді талап етті. 2021 жылдағы ауқымды толқуларға Кубадағы электр энергиясының жиі өшірілуі себеп болды. Билік наразылыққа шыққандар арасынан 150 адамды тұтқындап, артынша оларды бостандыққа жіберді. Электр энергиясы мәселесін шешуге уәде еткен билік өкілдері, наразылық акциясын бейбіт жолмен тоқтата білді.

 

2019 жылы Куба конституцияны өзгертіп, жеке меншікке рұқсат еткен болатын. Бұл мемлекетте нарықтық қатынаста өзгеріс керектігін айтқан бірнеше ұйымдар мен партияның коалициялық ұсынысынан кейін іске асты. Алайда аталған өзгеріс экономиканы жандандыра алмады, себебі сырттағы санкциялар сақталды, ал билік Батыс билігімен келіссөздерден бас тартумен келеді.

 

Соңғы бір жыл ішінде Кубада энергетикалық дағдарыс күшейді. Венесуэладан келетін мұнай еселеп азайды, ал елдегі электр энергиясын өндіретін станциялардың әбден тозығы жеткен. Ресми Каракас Венесуэладағы дағдарысқа байланысты Кубаны бұрынғыдай мұнаймен қамтамасыз ете алмайтынын айтты.

 

2024 жылдың 18-наурызында Кубаның ондаған қаласында билікке қарсы стихиялы наразылық акциялары басталды. CiberCuba басылымының жазуынша наразылық о баста Сантьяго-де-Куба қаласында басталған. Халық азық-түліктің жетіспеушілігіне, апталап өшетін электр жарығы мәселесіне және әлеуметтік жағдайдың күн санап нашарлап бара жатқанына наразылық білдіруде. Артынша наразылық Байямо, Матансас, Карденас қалаларында басталған. Наразы топ «Бізге лайықты өмір керек», «Отан және өмір», «Адам сияқты өмір сүргіміз келеді» деп ұрандатуда.

 

Куба билігі жағдайды ушықтырып, арандату әрекетін жасап отырғандар барын айтып, АҚШ-ты айыптай сөйледі. «Елімізде кей азаматтар электр энергиясының сөндірілуі мен азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты наразылықтарын білдіруде. Осы бір жайтты революцияға қарсы күштер өз мақсатында пайдалануды ойлап отыр. Соңғы сағаттарда біз АҚШ-та орналасқан лаңкестердің елімізде бүлікке шақырған әрекеттерін көрдік», - дейді президент Мигель Диас-Канель. Ол Куба жылдар бойы құрсауда жатқанына қарамастан бейбіт дамуды таңдайтынын және халық талабына құлақ асатынын айтты.

 

Кубада үнемдеу саясаты аясында күн сайын электр энергиясын 10 сағатқа дейін өшіру тәжірибесі бар. Бұл мұнайдың жетіспеуімен байланысты. Соған байланысты Гавана наурыз айынан бастап жанармай бағасын бірнеше есеге қымбаттатты. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар