Бүгін Ресейде қаралы күн. Мәскеу түбінде орналасқан Красногорскі қаласындағы «Крокус Сити Холл» ойын-сауық кешенінде болған террордан қаза тапқандарға құрмет көрсетіп, аза тұтатын күн.
Жұма күні кешкі уақытта Мәскеу түбінде орналасқан әйдік «Крокус Ситиде» нағыз қанқасап болды. Ресей жұртына белгілі «Пикник» дейтін эстрадалық топ кәнсерт беріп, жұрт сол кәнсертті көруге жиналған. Бір мезетте «камуфляж» киіп, қару асынған бір топ адам «Крокус Сити» ғимаратына басакөктеп кіріп, автоматтан оқ жаудырған. Ғимаратқа кіреберіс есіктен бастап атыс жасап, кәнсерт залында отырғандарға жаппай оқ жаудырған. Артынша «Молотов коктейлін» лақтырып, ғимаратқа от қойған.
ҚАЗА ТАПҚАН МЕН ЖАРАЛАНҒАНДАР САНЫ ҚАНША?
Қазірге дейін белгілісі: Қаза тапқандар саны – 133 адамға жеткен. Жараланғандар саны – 150-ден асады. Олардың 100-ден астамы өлім аузында жатыр. Бұл ақырғы есеп емес. Қаза тапқандар мен жараланғандар саны өсуі мүмкін. Аталған оқиғадан «Крокус Сити» ғимараты алапат отқа оранып, шатыры, қабырғалары опырылып түскен. Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілуде.
КҮДІКТІЛЕР: РЕСЕЙ КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМДАРЫ НЕГЕ САСТЫ?
Ресей құзырлы органдары һәм күштік құрылымдары «Крокустағы» террорды орындаушыларды түгел дерлік құрықтағанын мәлімдеді. Алайда, күдіктілерді атау мен оларды тұтқындауда бірсыпыра күмәнді фактілер орын алды.
Бірінші: Ресей күштік құрылымдары «Крокуста» арнайы операция жүргізіп жатқан, болжалды терроршылар толық құрықталмаған сәт. Ғимарат алдында тұрған ақ түсті шағын автобусты: «Терроршылар мінген көлік осы. Оған ескі сериалы Украина нөмірі тағылған және көлікке жарылғыш зат орнатылған болуы мүмкін», - деп мәлімдеді РФ Күштік құрылымдары.
Бұл мәлімдемеге өзгелерді қойып, Ресейдің өз халқы сенген жоқ. Террорды Украина ұйымдастырса, өз-өзін әшкерелеп беру үшін Украина нөмірі тағылған көлікті ғимараттың дәл алдына қойып қоя ма? Бұл логикаға да сыймайтын, РФ Күштік құрылымдары жіберген алғашқы қателік болды.
Екінші: Онан соң, әлгі күдікті көліктің нөмірі Украинаға емес, Беларуське тиесілі болып шықты. Мұны да Ресей құзырлы органдары мәлімдеді, «сасқын үйрек артымен жүзедінің» керін келтіріп.
Оқиға хроникаларына көз жіберсек, «Крокустағы» қанқасапты жасауға терроршыларға 18 минут жеткілікті болған. Кейін күдіктілердің ақ түсті «Рено» автокөлігіне отырып, РФ Күштік құрылымдарынан сытылып кеткені хабарланды.
Арада жарты тәулік уақыт өтпей жатып, күдіктілер мінген көлік Ресейдің Украинаға жақын орналасқан Брянскі облысының аумағында құрылталғаны айтылды.
Кейін құрықталған күдіктілердің дені не орыс, не украин тілдерінде сөйлемейді. Сұрақ-жауап алу сәтінде аудармашының көмегіне жүгінуде. Ендеше неге олар дәл Украина тарабына қарай қашқан? Неге сол бағыттан құрықталған? Терроршылардың саны 6-ау. 2-еуі оқиға орнында ұсталып, 4-еуі қашқан әлде қашырып жіберген. Сұрақ көп.
Үшінші: Террорды орындаушыларға қатысты Ресейлік БАҚ пен әлеуметтік желілер де бірнеше кезек жалған ақпаратқа жол берді. Әуелі терроршылар деп Ингушетияның Қарабұлағындағы атыс кезінде көзі жойылған және іздеу жарияланған азаматтардың суреттері таралды. Кейін олар емес екендіктері анықталған соң, болжалды терроршылар деп Тәжікстан азаматтарының суреттері жарияланды. Олардың кейбірі бейне үндеу жасап, өздерінің Мәскеу немесе Ресей территориясында емес екендіктерін айтып, ақталды. Іске Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі араласып, Ресей БАҚ-тары таратқан фейк еларалық дауға ұласа жаздады.
Төртінші: Ресей Сыртқы істер министрлігі өкілдері: «Бұл террор туралы АҚШ барлауы алдын ала білді», - деп бәле шығарды. Оған себеп: АҚШ қанқасап болғаннан көп ұзатпай: «Бұл террорға Украинаның қатысы жоқ. Біз Украинаның қатыстылығы туралы ешқандай мәлімет анықтаған жоқпыз», - деп мәлімдеді. Осыдан соң, Ресей тарабы АҚШ-қа: «Тағы қандай мәліметтерің бар, онда бізбен бөліңдер», - деп шап ете қалды.
ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
АҚШ бастаған әлемдік қауымдастық, БҰҰ бастаған Халықаралық ұйымдар түгел дерлік «Крокустағы» қанқасапты айыптап мәлімдеме жасады. Бұл санатта Қазақстан да бар. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасап, «Крокустағы» террорды қатаң айыптайтынын мәлімдеді. Онан соң, Қауіпсіздік Кеңесін шұғыл жинап, өңірлік қауіпсіздік мәселесін талқы етті.
РЕСЕЙДІҢ ЖАЛАҢ АЙЫПТАУЛАРЫ ӨЗІНЕ ДЕГЕН КҮДІКТІ АРТТЫРДЫ
Ресей саяси билігінің жоғарғы шенді басшы-қосшылары «Крокуста» террор болғанын ести сала, ешқандай тергеп-тексеру қорытындыларын күтпестен, Украинаны айыптады.
РФ Қауіпсіздік Кеңесінің басшысының орынбасары Дмитрий Медведьев, РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова, Ресейдің пропогандалық телеарналары мен бұқаралық ақпарат құралдары бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «бұл террорға Украинаның қатысы бар» деген риториканы қайталап жатыр.
УКРАИНАНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Украина аталған террорды ести сала, ресми мәлімдеме жасады. Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк пен Украина Сыртқы істер министрлігі жасаған мәлімдемелердің мазмұны былай: «Біздің бұл террорға еш қатысымыз жоқ. Біз Ресей билігіне ықпал ету үшін мұндай зұлымдыққа бармаймыз. Біздің өз соғысымыз бар. Біз өз территориямызда соғысудамыз және біздің басты міндетіміз – жерімізді басқыншылардан азат ету», - деп мәлімдеді.
Ал кейінірек, Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеме жасап: «Бұл террорды Ресей өзі ұйымдастырған болуы мүмкін. Путин мұндай зұлымдыққа осыған дейін де барған. Бұл жолы да барып отыр. Өйткені ол – түкке тұрғысыз бейшара», - деп мәлімдеді.
ТЕРРОРДЫ РЕСЕЙ ӨЗІ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ МА?
Қазір әлем жұрты бұл террорды Ресей өзі ұйымдастырған болуы мүмкін деген нұсқаны қызу талқылауда. Сарапшылар: «Ресей тарихында мұндай оқиғалар болған. Кремль билігі тығырықтан шығу, халыққа манипуляция жасау үшін террорды өзі ұйымдастырған болуы мүмкін», - деп «Норд-Ост», «Рязанский сахар» оқиғаларын еске салады.
Бұған басты себеп 2-еу. Бірі – Кремль осыны сылтауратып, жуырда жаппай мобилизация жариялайды. Мобилизацияланатындар саны 500 мың мен 1 млн адам аралығын құрайды. Екіншісі – Украинаны кінәлі етіп, Халықаралық қауымдастық алдында беделін және оған беріліп жатқан көмекті азайтуды көздейді.
ПУТИННІҢ РИТОРИКАСЫ
Арада бір тәулік уақыт өткен соң ғана Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеме жасады. Ол өз сөзінде: «Терроршылар түгел құрықталды. Олар Украинаға қарай қашып бара жатқан жолда ұсталды. Олар Украина аумағы арқылы қашпақ болған. Украина оларға кедергісіз өтіп кетуге көмектеспек болған», - деп мәлімдеді.
Жалпы Ресей саяси һәм әскери билігінің бұл қанқасапқа Украинаны қатысты қылып көрсетуге тырысатыны бесенеден белгілі еді және Путин риторикасы ешкімді таңқалдырған жоқ. Керісінше, террорды Ресей билігінің өзі ұйымдастырған болуы мүмкін деген күдікті еселеді.
Ал бұған қатысты Зеленский: «Путин «Крокустағы» қанқасаптан соң 1 тәулік үнсіз жатты. Ол бұл зұлымдыққа Украинаны қайтседе қатысты етіп шығаруды ойлады. Ойлап тапқаны осы болды. Бұл – террорды Ресейдің өз билігі жасады деген болжамды растайтын мәлімдеме болды», - деді.
ТЕРРОРҒА КІМ ЖАУАПТЫ?
Арада көп уақыт өтпей жатып, «Крокустағы» қанқасапты «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы өз мойнына алды (Қазақстанда тыйым салынған). Арнайы мәлімдеме, террорлық ұйымға қатысты әлеуметтік желі парақшаларында жарияланды.
Бұған дейін «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымымен байланысты «Валият Қапқаз» тобының және «Валият Хорасан» дейтін «ИМ-нің» Ауғаныстандағы өкілдігінің қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.
Сұрақ көп: Ресей билігі неге бұған басқаны емес, дәл Украинаны айыптауды құп көрді? Неге сол жерде операция жүргізіп жатқан, сандары мыңдап есептелетін Ресей Күштік құрылымдарынан бар-жоғы 4 адам оңай сытылып кетті? Қозғалтқын күші қуатты емес, ескі седан көлігіне мінген күдіктілер 4-5 сағат өтпей жатып, Украина шекарасы делінетін Брянскі облысынан бірақ шықты? Олар неге дәл сол бағытты таңдады? Неге Ресейлік БАҚ пен лауазымды тұлғалар бірін-бірі қайталап, Украинаны айыптады? Неге Ресей президенті Владимир Путин бір тәулікке жуық үнсіз жатты? Сұрақ көп. Және бұл риторикалардың барлығы дерлік – Ресейдің өзіне деген күдікті еселемесе, азайтпай тұрғаны және анық!
Mezgil.kz