«Жолбарыстың аты жолбарыс»:: Қазақ даласына Тұран жолбарысы қайта оралады...

Бұрындары Қазақстан аумағын мекен етіп, бүгінде тұқымы құрыған жануарлардың бірі - Тұран жолбарысы. XX ғасырдың ортасына дейін қазақ жерінде жортып жүрген сарыала жолбарыстарды қайта реинтродукциялау үшін бүгінде экология министрлігі бюджеттен қаражат сұрауда.

1712241273285405.jpg

(Сурет: syrboyi.kz)

Жоба мақсаты - тарихи мекендеу орындарында жойылып кеткен тұран жолбарысының популяциясын реинтродукциялау үшін қажетті жағдайлар жасауға, Ұлытау тау сілемінің табиғи және тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және ұтымды пайдалану үшін тұрақты негіз қалыптастыруға, сондай-ақ әртүрлі нысаналы топтардың ақпараттылығы мен экологиялық білім деңгейін арттыруға бағытталған.

Жалпы сома – Т3 132 928 000.       

ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНАН ҚАЛАЙ ЖОЙЫЛДЫ?

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Тұран жолбарысын білектерін арқанмен орап, үстеріне қалың тері жамылған қазақ аңшылары кезінде жалаң қанжармен-ақ жайратып отырған. Еуропалықтар келгенше Қазақстандағы жолбарыс популяциясы біршама болды. Жолбарысты жоспарлы түрде аулау 1891 жылдан басталады. Жедел атылатын жойқын қарумен жарақтанған орыс армиясы отарланған жерді жыртқыштардан тазалау үшін арнайы отрядтар ұйымдастырды. Жекелеген аңшылар да түгі құлпырған қымбат терісі үшін жолбарысты аяусыз қырған.

Соңғы Тұран жолбарысы Балқаш көлінің айналасында, Іле өзенінің бойындағы қамыстардан 1948 жылы ауланғаны айтылады. Одан бері де жарты ғасырдан аса уақыт өткен, Тұран жолбарысын қазақ даласынан кездестірдік деген жан табылмады.

Тіптен, естеріңізде болса Ресей мен Қазақстан президенттері екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумында жолбарыстар туралы дауласып та қалған болатын.

ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін Қазақстанда өмір сүрген жолбарыстар популяциясын қалпына келтіруді жоспарлап отырғанын айтқан Тоқаевқа:

- Жо-жоқ, Ресейде ең үлкен жолбарыс. Әрине, ол Қиыр Шығыста, - деген болатын Ресей президенті.

- Иә, мен білемін, Амур жолбарысы. Біз сіздің тайгаға қалай барғаныңызды, жолбарыстардың популяциясына жеке қатысқаныңызды көрдік. Мұны бәріміз білеміз, дегенмен жолбарыстың аты жолбарыс, ол қай жерде болса да бірдей, - деді Қазақстан басшысы.

ҚАЗАҚСТАН ДАЛАСЫНДА ТҰРАН ЖОЛБАРЫСТАРЫ ПАЙДА БОЛАДЫ

Бұл туралы ҚР экология министрлігі 2020 жылы мәлімдеген еді. 

«Іле өзенінің дельта ауданындағы Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы және осыдан шығысқа қарайғы жер Тұран жолбарысы жерсіндірілетін аумақ ретінде таңдалып отыр. Бұл маңда жолбарыс мекен етуге жарайтын 1 млн гектар жер бар. Болжам бойынша, аумақта Каспий жолбарысының санын 100-ден 200-ге дейін жеткізуге болады», - дейді министрлік.

Тұран жолбарыстары Таяу Шығыстың 13 елінде, Кавказда, Орталық Азияда Түркиядан Қытайдың солтүстік-батысына дейінгі жерде мекендеген.

Ғалымдардың пікірінше, Тұран жолбарыстарының жоғалып кетуінің негізгі себебі мақсатты түрде ату, жолбарыстың негізгі қорегі - тұяқты жануарларға бақылаусыз аңшылық пен ирригациялық жобалар әсерінен мекен ету ортасының бүлінуі.

Қазақстанның Экология министрлігі Балқаш маңындағы жолбарыстарын қалпына келтірудің 15 жылға арналған бағдарламасын жасаған. Ол аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды.

2018 жылы «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Аумақты браконьерлерден қорғау, заңсыз табиғат пайдалану жұмыстарына жол бермеу шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен бірге биотехеникалық шаралар арқылы қабандарды көбейту, бұқар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы аталғандардан кейін экожүйе жолбарыс популяциясын ұстап тұруға қабілетті болады. Реинтродукция үшін амур жолбарыстары әкелінеді.

Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан халықаралық жолбарыс саммитінде Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры (WWF) Оңтүстік Балқаш маңы мен Іленің Дельта ауданында жолбарыстың реинстродукциясы Бағдарламасын жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойылды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар