Президент үндеуі. Қырғыздың көмегі: Құлсары мен Қостанайда ахуал күрделі

Сөзсіз, қарғын судан зардап шеккен аймақтардың басына түскен мұң баршамызға ортақ! Еліміздің 8-9 өңірінде Төтенше жағдай. Түнде Құлсары суға кетті. Бүгін Қостанайда төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған үй су астында қалды. Халық жан сауғалап, мал-жан, үй-жайын тастап, бас сауғалады. Көптеген ауыл-аймақты су басты.

1712397125106604.jpg

Бізге белгілі инсайдерлік ақпаратарға сүйенсек, төтенше жағдайға даярланбаған, қызметтеріне салғырт қараған ірілі-ұсақты шенеуніктер жауапқа тартылады. Үкімет пен облыстарда бірнеше адам отставкаға жіберіліп, жемқорлық бойынша қылмыстық іс қозғалады. Ал қазіргі басты міндет - халықты құтқару. Мұндай апат бұрын-соңды болмағанын айтылып жатыр. Деседе, 1949 жылдары Қостанай жұрты осыған ұқсас шетін оқиғаның сұлбасын бастан кешкен.

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су тасқынына байланысты Қазақстан халқына шұғыл үндеу жасады. Үкімет пен профильді ведомстволарға тапсырмалар жүктеді. Сонымен Президент үндеуінде не айтылды? Біз үндеудің толық мәтінін оқырман талқысына ұсынғанды жөн санадық.

1712396519228915.jpg

(Сурет Ақорда сайтынан алынды)

ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІ

Құрметті отандастар!

Бүгін мен еліміздің азаматтарына арнайы үндеуімді жолдап отырмын. Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады.

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.

Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.

Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда.

Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.

Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.

Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі.

Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес.

Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.

Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет.

Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын.

Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді.

ЕЛІМІЗДЕГІ СУ ТАСҚЫНЫҒА ҚАТЫСТЫ СОҢҒЫ АҚПАРАТТАР:

1712396789598868.jpg

(Суреттер Азаттық және Азыттық рухы сайттанынан алынды)

ҚҰЛСАРЫДАҒЫ АХУАЛ

Кеше кешкілік Атырау облысындағы Құлсары қаласы суға кетті. Кешегі айтылған ақпаратта Құлсарыдағы 2500-ге жуық жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттарды су басқан.

Атырау облысының әкімдігінің хабарлауынша Құлсары қаласынан 12 мың адам эвакуацияланды, оның ішінде 5 мыңы бала. Эвакуацияланған тұрғындары Атырау қаласына, Маңғыстау облысының аудандарына орналастыруда. Эвакуация жұмыстарына пойыз және автобустар жұмылдырылған. Жедел жәрдем көліктерімен науқастарды эвакуациялау іске асқан.

1712396947835881.jpg

ҚОСТАНАЙДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ

Су тасқыны қауіпіне байланысты Қостанайда төтенше жағдай режимі жарияланды. Өңірге Қазақстанның ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов барды. Қостанай әкімі Марат Жүндібаев су тасқынына байланысты ТЖ режимін жариялады. Тасқын судың шарықтау кезеңі бүгін болады деп болжанған.  

«Өйткені Тобыл өзенінің деңгейі көтеріліп келеді. Қаратомар су қоймсынан су жіберу секундына 2640 текше метрге дейін ұлғайтылды. Қаратомардан шыққан су түстен кейін бізге жетеді. Яғни, бұл – қаланың маңынан секундына шамамен 3 жарым мың текше метр су ағып өтеді деген сөз. 2000 жылы Қаратомар секундына 1700 текше метр су жіберген. Ал бүгін су ағыны секундына 4 мың текше метрге дейін жетуі әбден мүмкін», деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Қала әкімі төтенше жағдайдың осы қауіптің алдын алу үшін енгізіліп жатқанын айтты. Қостанайда 1000-нан астам адамды қабылдай алатын 20 шақты эвапункт дайындалған.

1712397020143908.jpg

(Сурет Қырғыз ТЖ сайтынан алынды)

ҚЫРҒЫЗСТАННАН КӨМЕК

Қырғызстан Қазақстанға 272 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Көмек ретінде тамақ, киім-кешек, палаткалар мен матрастар жіберген. Қырғыз үкіметі тасқын судың зардаптарын жоюға өз құтқарушыларын да көмекке жіберуді ұсынгған. Алайда, Қазақстьан тарабы құтқарушылар көмегінен әзірге бас тартқан.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар