Күні кеше Ереванға ресми сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Арменияның ортасына арағайындық жасап, Астананы келіссөз алаңы ретінде ұсынатынын айтқан еді.
«Біз Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік шартын жасауға ұмтылысын толық құптаймыз. Құрметті Премьер-министр мырза жаңа ғана айтқандай, Қазақстан барынша қолдау көрсетіп, ізгі қызметтер миссиясын қолға алуға дайын. Яғни, екі ел арасындағы келіссөздерді жүргізу үшін өз алаңын ұсынады. Ең басты мақсатымыз – біздің достас елдерімізді жақындастырып, мызғымас тату көршілікке, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты дамуға жол ашу», – деді Тоқаев.
Осыдан соң пост-кеңестік кеңістік сарапшылары Астананың Әзербайжан-Армения дауын реттеудегі бітімгерлік потенциалы туралы сөз ете бастады.
«Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы дауға бітімгерлік жасауды ұсынды. Егер тараптар келіссе, бұл Оңтүстік Қапқаздағы ахуалды реттеудің ең оптималды нұсқасы болар еді. Өйткені, осыған дейінгі Ресей мен Батыстың арағайындығынан айтарлықтай нәтиже бола қойған жоқ. Ал Астананың бітімгерлік жасауға потенциалы да, тәжірбиесі де жеткілікті», - дейді сарпашылар.
Сөйтеді де, Қазақстанның бітімгерлік жасаудағы тәжірбиелерінің бірсыпырасын тізбелейді.
«Қазақстанның бітімгерлік жасаудағы тәжірбиесі жеткілікті. Қазақстан Сирия келіссөздерін реттеу үшін Женева форматымен параллелді түрде «Астана форматын» ұйымдастырды. Онан соң, Қазақстан Иранның ядролық келісімі жөнінде келіссөздер жүргізді.
2010 дылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға (ОБСЕ) төраға болып, өз алаңында ЕҚЫҰ-ның жетінші және қазірге дейінгі соңғы саммитін өткізді. Сол жиында Баку мен Ереван арасындағы территориялық дауды реттеу туралы сөз қозғалды.
Баку мен Ереванның арасындағы дауды реттеу – Қазақстан мен Армения арасындағы саудаға екпін береді. Экономикалық тұрғыдан қарар болсақ, Зәнгезур дәлізі мен армян-әзербайжан шекерасының ашылмаса, екі ел (Қазақстан мен Армения) бір-біріне ұсынары да жоқ. Егер осы дәліздер ашылса, Қазақстан Әзербайжан арқылы, Каспий теңізі арқылы ыңғайлы логистикалық маршурт түзер еді», - деп жазады Әзербайжан БАҚ-тары.
Зәнгезур дәлізі – Әзербайжанның батыс аудандары мен Нахчыван автономды аумағының арасын жалғайтын транспорттық дәліз жобасы. Бұл дәліз ашылған жағдайда, Түркиядан Әзербайжанға төтелеу құрлық жолы ашылған болар еді. Бұдан әрі Каспий арқылы Орталық Азия (Қазақстан), одан әрі Қытай жолы жатыр...
Әзірге президент Тоқаевтың бұл ұсынысына Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьері Никол Пашинян тарапынан нақты жауап болған жоқ.
Mezgil.kz