Ұлыбритания СІМ-і Кэмерон: Орталық Азия құшағыңды аш, мен келемін!

Ағылшындар Орталық Азияны шындап қолға ала бастағанын Тәжікстанға Ұлыбритания сыртқы істер министрі Давид Кэмеронның сапарлап баруымен байланыстыруға әбден болады.

1713790630731501.jpg

КАМЕРОННЫҢ ОА-ҒА САПАРЫ ТӘЖІКСТАННАН БАСТАЛДЫ

Тәжікстанға Дэвид Кэмеронның келуі туралы Тәжікстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, сапар аясында Кэмеронның президент Эмомали Рахмонмен және ТР СІМ басшысы Сироджиддин Мухриддинмен кездесулері жоспарланған. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ өңірлік проблемаларды талқылайды деп күтілуде.

Кэмеронның айтуынша, осы аптада ол Орталық Азияның барлық 5 елі мен Моңғолияға баруға ниетті. Сапар қарсаңында ол британдық БАҚ-қа берген сұхбатында «Ұлыбританияның өңірдегі елдермен серіктестігін нығайту міндетін өзіне алғанын» мәлімдеді.

«Менің сапарым кезінде мен Орталық Азиядағы шағын және орта кәсіпорындар үшін өңірдегі әлеуеті жоғары компанияларға инвестиция салатын алғашқы тікелей инвестициялар/венчурлік капитал қорын құратын боламын», - деді британдық СІМ басшысы.

Қазір әлем картасында орын алып жатқан алағай да бұлағай ахуал Орталық Азия елдерін де айналып өтпегені анық. Әсіресе, «Жаңа Ресей империализмі» Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастаған тұстан бастап, ОА-ға талас қыза түсті.

1713789821940973.jpg

«ОА5+1» ФОРМАТЫ: АҚШ, ҚЫТАЙ, ТҮРКИЯ, ГЕРМАНИЯ, ФРАНЦИЯ, ЖАПОНИЯ ҺӘМ ҰЛЫБРИТАНИЯ

Ресей билігінің 2022 жылдың ақпанында соғыс бастауына әлемнің өркениетті елдері қатал жауап қатып, Ресейді экономикалық және саяси санкциялардың астына алып бағуда. Қарапайымшалап айтсақ, Ресей әсте-әсте оқшаудағы елге айналып, қапшығындағы санкциялардың саны жөнінен Солтүстік Корей мен Ираннан, «президенттіктен жалықтым, енді патша боламын», - деп желпініп отырған Башар Асад басқаруындағы Сүриядан да оқ бойы озық шықты. Бұл ОА-дағы негізгі ойыншы саналып келген Ресейдің позициясын сол ОА аумағында айтарлықтай әлсіретпесе де, Ресейдің «байтал түгілі бас қайғы» деген жағдайда екенін аңғартты.

Ресейдің осы хәлінде Орталық Азияда ықпалын күшейту үшін түрлі экономикалық һәм саяси қадамдар жасап жатқан елдер аз емес. Бұл санатта: Қытай, Түркия, АҚШ, Германия, Франция мен Жапония бар.

Бұл аталған мемлекеттердің әрқайсысы ОА-дағы әріптестікті жаңаша түрлендіру үшін ОА5+1 дейтін форматты қолдануда. Бұл таластан Ұлыбритания да кетәрі емес.

1713789951985700.jpg

ҰЛЫБРИТАНИЯ: РЕСЕЙ ЖӘНЕ ҚЫТАЙДЫ ОА-ДАН ЫҒЫСТЫРАМЫЗ!

2024 жылы Ұлыбритания саяси басшылығының Орталық Азия елдерімен «С5+1» форматында жоғары деңгейде кездесуі жоспарланған. Біріккен Корольдік парламентінде ұсынылған баяндамада авторлар Британ үкіметіне Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан үкіметтерімен өзара іс-қимылды арттыру керектігін айтқан.

Жарияланым сегіз тараудан тұрады. Оның авторлары 5 елдің әрқайсысының - Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түрікменстанның және Өзбекстанның ерекшеліктерін егжей-тегжейлі сипаттайды. Сондай-ақ үкіметке «сауда, адам құқықтары, мәдени алмасу, жалпы өңірлік ынтымақтастық мәселелерінде батыл әрі өршіл болуға» кеңес береді.

Баяндамада авторлар Ресей мен Қытайдың ОА-ға ықпалын азайту үшін «Орталық Азия мемлекеттерімен жоғары деңгейдегі дәйекті дипломатиялық өзара іс-қимыл» жҮргізу керектігіне тоқталады. Нәтижесінде 2024 жылы британдық басшылықтың ОА билік өкілдерімен жоғары деңгейде кездесуі жоспарланған.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Давид Камеронның осы жолғы сапары осы бастаманың алғашқы қадамдарына жатқызуға болады. Ал бұл сапарлардағы келіссөздердің мазмұны қалай өрбитінін алдағы уақытта егжей-тегжейлі жазатын боламыз. Mezgil.kz ақпараттық порталын назарда ұстай жүріңіз!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар