Қазақстанға Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Давид Камерон ұшып келді. Бұл туралы ҚР СІМ-і хабарлады. Камерон мінген ұшақтың Астана әуежайына қонған сәті әлеужеліге тарады.
Орталық Азия елдеріне турне жасап шыққан Ұлыбритания министрлер кабинетінің өкілінде қандай лауазымдар бар? Камерон Қазақстанда кімдермен жолықпақ? Қандай ұсыныстар алып келеді? Бүгін осы сұрақтарға аз-кем тоқтала кеткенді жөн санадық.
Давид Камерон – Ұлыбритания Сыртқы істер министрі, соның ішінде Ұлыбританияның Достастық және Халықаралық даму істеріне жауапты адам. 2010-2016 жылдары Ұлыбритания премьері болған, жаһандық саясатты сөзі мен есімі қалыптасқан адамдардың бірі.
Ұлыбритания СІМ-ін тізгіндеген сәтте Британия патшасы оған «Барон» дейтін арнайы тиул берген. Бұл Камеронға Лордтар палатасына қосылуға мүмкіндік берген.
(Сурет: ҚазТАГ)
ҚАЗАҚСТАНҒА САПАР
Ұлыбритания СІМ басшысының Қазақстанға сапары 24-25 сәуір күндеріне жоспарланған.
«Кэмеронның іссапары кезінде оны ел басшылығы қабылдап, премьер-министрдің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер жүргізеді», – делінген ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сапар аясында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ өзекті өңірлік және халықаралық тақырыптарды талқылау жоспарланып отыр. Сапар қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылмақ.
(Сурет: mfa.tj)
ТӘЖІКСТАНҒА САПАР
Лорд Камерон Орталық Азияға сапарын Тәжікстаннан бастаған. 22 сәуірде. Онда Тәжікстанның Сыртқы істер министрі мен ел Президенті қабылдаған.
ҚЫРҒЫЗСТАНҒА САПАР
Онан соң сол күні Ұлыбритания СІМ басшысы Қырғыз астанасына аяқ басты. Ұлыбританияның Қырғыздағы елшілігі таратқан ақпараттарға сүйенер болсақ, Давид Камерон Қырғызстанның саяси басшылығымен жолығып, екіжақты әріптестікті нығайту, адам құқықтарын қорғау, санкцияларды айналып өтудің жолын кесу секілді бірқатар мәселелерді талқылаған.
ӨЗБЕКСТАНҒА САПАР
Онан шығып, 23 сәуір күні Ұлыбритания лорды Өзбекстанға барды. Өзбек билігі алыстан келген қонақты әдеттегідей сән-салтанатымен, алаулатып, палаулатып күтіп алды. Өзбекстан Сыртқы і стер министрімен жекелеген жолығулар өткізіп, инфрақұрылымды дамыту, халықаралық және өңірлік байланыстарды арттыру бойынша екіжақты келісімдерге қол қойды.
Камероннның Өзбекстанға жасаған бұл сапары тарихи сапар болды десек те болады. Себебі, Камерон соңғы 27 жылда Өзбекстанға арнайы келген Ұлыбританияның алғашқы Сыртқы істер министрі екен. Бұл елге Корольдіктен соңғы рет 1997 жылы министр Малкольм Рифкинд келген екен.
ЛОРД КАМЕРОН: БІЗ ЖАҢА ӘРІПТЕСПІЗ! БІЗ ДЕ ОА ҮШІН ТАЛАСҚА ТҮСЕМІЗ!
Орталық Азия және Моңғолия мемлекеттеріне арнайы сапарлап шыққан Давид Камерон БАҚ-қа сұхбат беріп, ОА елдеріне не мақсатпен сапарлап шыққаны туралы қысқаша баяндапты. Бүйдейді.
«Меніңше, біздің ОА-мен ортақ мүдделеріміз бар. Климаттың өзгеріп жатқаны есебінен, біздің де ортақ мақсатарымыз туып жатыр. Біз осы бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істей аламыз. Жасыл эенергетиканы инвестициялай аламыз. Өзара сауда-саттықты ұлғайту мәселесінде де біз ОА елдерімен мүдделес болып отырмыз. Жұмыс күшін жасақтау, іскерлік әріптестік деген салалар бойынша талықлайтын мәселе көп.
ҚАУІПСІЗДІК. БІЛІМ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛІ
Онан бөлек, қазіргідей қатыгез әлемде қауіпсіздік мәселесінде де ортақ талқылайтын тұстарымыз бар.
Білім сапасын арттыруда біздің ОА мемлекеттерімен ойымыз бір. Біз ағылшын тілінің маңыздылығы мен күшіне сенеміз. Біз осы жолғы сапар аясында осы тіл мәселесін де сөз етпекпіз.
ОА ҮШІН ДЕРЖАВАЛАРМЕН ТАЛАСАМЫЗ!
Біздің ОА мемлекеттеріне сапарлап келуімізге себеп көп. Талқылайтын тақырыптарымыз да жеткілікті. Ұсыныстарымыз да аз емес. Орталық Азия аумағында сөзсіз, бәсекелестік өте жоғары. Ірі державалар осы өңір үшін таласқа түсіп жатыр. Барлығы ОА-мен әріптестік орнатқысы келеді.
Бізді ғана таңдаңдар демейміз. Біз басқа әріптестеріңізден бас тартыңыздар демейміз. Біз жаңа әріптеспіз. Біздің сізбен ортақ мүдделеріміз жеткілікті және солар бойынша бірлесіп жұмыс жасауға ниеттіміз. Біз осыны айтқымыз келеді», - дейді.
Ұлыбритания СІМ басшысы бұлардан бөлек Ресейге салынған санкциялар, адам құқықтарын қорғау, аймақтағы державалардың агрессиясы мен жаһандық қақтығыстар туралы да сөз қозғаған.
Түйін: Қазақстанға сапарлап келген Ұлыбритания СІМ басшұысының нақты қандай құжаттарға қол қойғанын кейінірек кеңінен шолып өтетін боламыз. Әзірге назарларыңыз «Mezgil.kz» ақпараттық порталында болсын...
Mezgil.kz