Беларусь басшысы Александр Лукашенко VII Жалпыбеларусь халықтық жиынында сөз сөйледі. Ол геосаясат, Беларусьтың ішкі мәселесі және қоғамдағы өзгерістер жайлы айтты. НАТО мен Украина соғысы жайлы да сөз етті. Жиынға әскерилер, шенеуніктер, қоғам белсенділері, саясаткерлер, тілшілер, арнайы қызмет өкілдері қатысты.
Лукашенко майдан даласында украин әскеріне оқ-дәрі, снаряд және сарбаздар жетіспей жатыр дейді. Сонымен бірге ол Киевтің Ресейдің мұнай өңдеу салаларына соққы жасап, стратегиялық нысандарын атқылап жатқанын да айтты.
«АҚШ Украинаға қаржы берді. Бұл қаржыны бермеу, Ресей мен бізді әлсірету мүмкіндігін жіберіп алу деген сөз. АҚШ тарапынан 60 млрд долларды бөлу Украина соғысын күрделендіріп, шиеленістіре түспек. Украинаға алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандарды бергені өте қауіпті болып тұр», - дейді ол.
«Ресей әскері барлық қарумен қамтамасыз етілген және әр бригадада қосымша резервтер бар. Олар алға жылжуда. Алайды тым баяу», -дейді Беларусь басшысы. Оның ойынша қазір Украина да, Ресей де цугцванг күйіне келіп жетті және нақты жеңіс қай тараптан болсын әлі көрінер емес.
Лукашенко қазір келіссөздер жүргізудің ең тиімді кезеңі келіп жеткенін айтты. Ол келіссөзді Ыстамбұлдағы келісімшарттың үлгісімен бастап, шынайы жағдайға қарап жасауға болады дейді.
«Батыстың барлық саясаткерлері, әскерилері Путиннің жеңісіне жол бермеу қажеттігін айтуда. Ендеше келіссөз сәті келіп жетті ғой. Осымен тең есептік ойын болсын. Зеленскийдің формуласы іспеттес радикалды шешім ұсынудың қажеті жоқ. Әрине ол бір отаншыл құжат іспеттес көрінеді, алайда шындыққа сәйкес емес. Ресейліктер қазір Қырымнан да, Украинаның шығысынан да кетпейді. Егер келісімге негізсіз шарттар ұсынылса, демек сол шарттарды ұсынушы тарап келісімге дайын емес деген сөз. Мен украин сарбаздарының көңіл-күйін жақсы білемін. Оларды бұл соғыс мезі етті. Алайда өз еркімен шешім қабылдай алмайды. Себебі президент Зеленскийдің артында соңғы украин қалғанша соғысуға әзір НАТО мен АҚШ тұр. Алайда қазір келісім жасаспаса, онда уақыт өте Украина мемлекеттілігінен айырылады. Украинаға қазір бейбітшілік керек. Оған нақты дәлел дені сау азаматтардың майдан шебіне аттанбау үшін жаппай өзге елге кетуге талпынуы. Ешкімнің де соғысқысы келмейді, ендеше бейбіт келісім жасассын», - дейді Лукашенко.
Лукашенко АҚШ-тың Украинаға еш шартсыз алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандарды бере бастағанынан қауіптенетінін айтты. «Бұрын Ресей аумағын атқыламау шартымен беретін, қазір еш шартсыз беріп жатыр. Егер жағдай Ресейдің ішкі қоғамына қауіп төндірерліктей күйге жетсе, онда Ресей қолында бар барлық күшті іске қосады. Бұл апокалипсис болмақ», - дейді ол.
Александр Лукашенко НАТО-ға мүше елдердің ішінде 18 елдің әскери салаға бөлетін қаржысы ЖІӨ-нің 2%-ын құрайтынын айтты. Ал Польшаның 3%-ға жеткізу жоспарын атап өтіп, НАТО-ның қорғаныс саласына бөлетін қаржысы алғаш рет 1,2 трлн долларға жеткенін мәлімдеді. Брюссель жылдам әрекет ету күштерінің санын 300 мыңға жеткізу шешімін қабылдап, жаңа елдерді НАТО-ға қосып, қауіпті арттыра түсті дейді.
«Қазір АҚШ-тың 64 мыңнан астам сарбазы және НАТО-ның 33 мың әскері Еуропада тұр. Олар бұл жерде не іздеп жүр? Еуропада қай АҚШ-ты қорғап жүр? Олардың 20 мыңнан астамы Балтық елдері мен Польшада орналастырылған. Бұл әскери бөлімшелер заманауи қарумен жарақтанған және Беларусь пен Ресейдің батысына дәл соққы жасау мүмкіндігіне ие. Қазір сол міндетті іске асыру үшін дайындық жасап жатулары мүмкін. Ұдайы АҚШ-тың стратегиялық бомбалаушы ұщақтары Еуропа кеңістігінде жаттығулар жасап, біздің аумағымызға ядролық соққы жасауды пысықтауда. Ядролық қаруды қолдануға дайындық жасауда», - дейді Лукашенко.
Ол АҚШ-тың ядролық зымырандары мен бомбалары НАТО-ның бірқатар елдерінде орналастырылғанын айтты. Бельгияның «Кляйне-Брогель» базасында - 20, Германияның «Бюхель» базасында - 20, Италияның «Авиано» базасында - 60, Италияның «Геди» базасында - 30, Түркияның «Інжірлік» базасында- 50, Нидерландының «Волкел» базасында - 20 дана ядролық зымыран мен бомба тұр дейді Беларусь басшысы.
Лукашенко соңғы уақытта Беларусьты соғысқа тартуға қатысты арандату әрекеттері көп екенін айтты. Ол Минсктің қақтығыстарға араласпайтынын жеткізді, алайда Беларусь жеріне қауіп төнетін болса, қарымта соққы жасауға уәде берді. Ол Еуропаға сұмдық соғыстың жақындап келе жатқанын айтып, қырағылықты жоғалтпауды тапсырды.
Mezgil.kz